Құмай

2943
Adyrna.kz Telegram

Атырау өңiрi — қойнауы кен-байлыққа толы, сондай-ақ, оны мекендеген адамдардың да жан-дүниесi тылсым сырларға толы құтты мекен. Сондай жүрегi туған жер деп соғатын, туған өлкенiң шежiресiнiң әр бетiн талмай зерттейтiн оқырманымыздың бiрi – Әлiмжан Аманбаев. Өзi жоғары бiлiмдi заңгер болғанымен, халқымыздың тыныс-тiршiлiгiн жетiк бiлетiн, көкiрегi күйсандықтай күмбiрлеген Әлiмжан ағаның тағы бiр қыры –қазақ халқының этнографиялық салт-дәстүрiн зерделеуi. Осы орайда оқырмандар назарына Әлiмжан ақсақалдың редакцияға келiп, әңгiмелеген Құмай тазы хақындағы әңгiмесiн ұсынып отырмыз.

Жердiң көркi дыбыс, аспанның көркi жұлдыз. Дарқан даламызда дыбыс берiп, қыратынан көкке көтерiлген қыран-бүркiттiң шаңқылдаған даусын естiмегендер болмас. «Тауды аласартпай, жазық даланы марапаттайық» деген нақыл сөз бар. Жердегi тектiлес жылқыдағы тұлпар мен құстағы қыран. Қыраннан Құмай туатыны, табиғатта өте сирек кездесетiн, айтса нанғысыз құбылыс.

Құмайды қолына тазы етiп асырап, аңды ұстауға қосқандар болмаса, мұны сендiрудi қажет ететiнi сөзсiз. Сонымен, дауылпаз ақын Махамбет Өтемiсұлының:

«Қарақұстан туған құмаймын,
Бiр сұңқарға жараймын.
Сауырыма қамшы тигенде,
Шаппасқа неғып шыдаймын»,

- деген өлең жолдары осының айшықты айғағы болғандай. Ақынның хан Жәңгiрге: «Сенi көктен құдай, жерден құмай ала ма»,- дегенi бар. Бабаларым бәйгеге арғымақ ат жаратып шаптырып, құмай тазы асырап, аңдарды ұстауға жүгiрткен. Мылтық асынып, қақпан салған, атақты аң аулайтын абыз аңшылар болған. Қоңдыбай атамыз аң десе, қар жауған қан сонарда, ауырған ағайынына, асыраған малына қарамайтын аңшы деседi. Соның бiрiнде, «Атан өлсе сойылар, әке өлсе көмiлер, бұндай қан сонар күнде қайдан табылар»,- деп қар жауған түнгi жүрген қасқырдың iзiне түсiп кетiп, қара мылтығымен қасқырды атып алып келiптi, дейтiн ағаларымыз. Әкем екi ағайынды, «үлкенi Терлiкбайды ұшқанға, ортаншысы Қанатбайды қашқанға, Аманбайды қақпанға жақсы»,- деп айтады екен. Шешемiз Шалекей зайыбы Тумаш Жайық Әубәкiр қызы Ләтипа кiндiктен жалғыз, алдынан кiсi өтпейтiн, қасиеттi болыпты. Ұлдарына жүктi болғанда, түсiнде аттың терлiгiн тауып алып баласын Терлiкбай, құстың қанатын тауып алған түс көрiп баласын Қанатбай, ал, сүт кенжесi менiң әкеме жүктi болғанда түсiнде аталарымен амандасып баласын Аманбай деп, аттарын өзi қойған көрiнедi. Әкем Аманбай аңшы болуымен қатар, темiрден түйме түйген, көрiк ұстаған ұста болды. 1941 жылдың қарашасында дүниеге келген кенже ұлы маған арнап күмiстен соққан, бағдар салған құйысқаны менде сақтаулы.

Қарақұс – қыранның ұясында үш жұмыртқа болса, бiреуi құмай болады деген бар. Бұл бiр қиын-қыстау кезең, ол кезде елдiң күн көрiсi мал баққан күндер болатын. Екiншi дүниежүзiлiк сұрапыл соғыс жеңiспен аяқталғаннан кейiнгi, халық шаруашылығын қалпына келтiруге бағытталған жылдар, теңiз жағасында қыстағынан Нарын құмына жайлауға киiз үймен көшiп шыққан кез. Әкем Аманбай шағылдың жиегiндегi бұйырғынды, боз жусанды биiк төбе басындағы қарақұс — қыранның ұясынан үш жұмыртқаны көрiптi. Көлiгiнiң үстiнен түспей, балапан шығатын күнiн қадағалап жүрген. Бұған қоса, қыранның аңға көкте ұшқан бағыттарын жете бақылаған. Күндердiң бiр күнiнде, ұяны қараса, екi балапан болыпты да, ал, үшiншiсiнiң жұмыртқасынан балапан шыққан қауызы қалған да, өзi болмапты. Бұдан соң әкем балапанды iздеп жүрiп, бiр қабат шағыл iшiндегi қалың қияқтың арасынан нәзiк шаңқылдаған дауысты естiп, осы Күшiк-Құмайды тауып алыпты. Содан оны киiз үйге алып келгеннен кейiн, күрткенiң жеңiне кiргiзiп орап, асырадық. Қараңғы түскен уақытта қыранның шаңқылдаған нәзiк дыбысын шығарып тынығатын. Бертiн келе қоңырқай түсi көмiрдей қарайып, жынысы қаншық, алдыңғы аяғы қысқа, артқы аяғы ұзын, қолтығының астында құстың қанаты сияқты белгi болды. Қайықтың тұмсығына ұқсас, сүйiр келген тұмсығының үстiнде ақшыл сызық жүнi байқалды.

Құмайды, жалпы ит тектiлестердi бiр жылда екi жасқа келедi деп есептейдi. Бiр қар басқаннан кейiн, яғни, дүниеге келгеннен соң алты ай өткенде аңға салдық. Қалай екенiн бiлмеймiн, оған ат қоймасақ та «Қарағаншық» атанып кеттi. Бұрындарда бабаларымның қыраннан туған «Қарағаншық» аталған құмай ұстағандары болған екен. Мүмкiн осы дағдымен аты «Қарағаншық» аталды ма деп ойлаймын. Құмайдың «Қарағаншық» аталуы, тiл-көзден, басқа бiр көлденең кездесетiн жағдайлардан аман-сау болуына қойылатын ат көрiнедi. Үйiмiзде Ұшар, Ұшқын атты арлан тазылар болды. Олар құмай-тазы Қарағаншықпен қосылмай бөлектеу, бұдан жасқанып жүретiн. Қарағаншықтың жинақы жүрiсi, жылдамдығы олардан әлдеқайда шапшаң болатын. Жерден ұшқан шыбын, торғайды жоғары көтерiлiп кеткенше аяғымен жерге қағып түсiретiн, көз iлеспейтiн шапшаңдығын көрiп жүрдiм. Жерден алып лақтырғанда, мысық сияқты аяғымен жерге түсетiн. Аңға қосуға шығарда киiзбен қомдалған түйенiң қомында, көлденең көзге көрсетпей алып жүретiнбiз. Үйдiң отырған жерiнен бiраз қашықтап кеткеннен кейiн, аңдар жүретiн жер-ау деген тұсқа келгенде, құмайды жерге түсiрiп жiберетiнбiз. Қашқан қоян, түлкiнi көрiп қуарының алдында, бiздерге белгi ретiнде аспанға екi-үш рет секiрiп барып, аңды қуатын. Қуған аңын көп ұзаққа жүгiртпей, қайырып, алдыңа көрiнетiн жерге қуып әкелiп, қатарласа берiп аңды шалып құлататын. Көксерке балығының тiсiндей, тiзiлген тiстерiмен аңның артқы аяғының толарсағы тұсындағы сiңiрiн қиып жiберетiн. Қоян болса шалғанда шоқайып отырып қалатын да, түлкi болса шалғаннан кейiн керiлiп жататын едi. Аңды қуып жетiп, қатарласа берiп қайырып шалғанда, жердiң бұрық етiп шаңы шығатын. Жерде қар болса, шалған жердiң қары ұшатын. Кейбiрде шаңнан құмайға шалынған аңның көрiнбей қалатын кездерi болатын. Көбiнесе қуған аңын дөңес – биiктеу көрiнетiн жерге шалып құлататын. Құмайдың бiр қасиетi ит құсап ырылдамайтын, не болмаса үрмейтiн. Әкем құмайды тазымен шағылыстырып, күшiгiн алу керектiгiн айтып жүрушi едi. Бiрақ, бұл мақсаты орындалмады.

«Құмайға қонған ат Қарағаншық,
Қарақұстан туылғаны болды анық.
Құндыздай жылтылдаған жүнi жұмсақ,
Құтылмаған жер басқан бұдан қашып!»

- деп оған арналып өлең шыққанда, әкемiз бұл ендi бiзге тұрмайды деп айтқаны есiмде қалыпты. Айтқанындай, құмай Қарағаншық қолымызда бiр жылға жуық болғаннан кейiн, бiр түнде жоқ болды. Жер-жерден ыждағаттап оны iздегенiмiзбен, табылмады. Жақсы, ақылды ит өлерде сүйегiн көрсетпейдi деген бар. Мүмкiн, бұл рас та шығар, әйтеуiр, сол кеткеннен құмайды көрмедiк. Апталап далаға қонып, iздестiргенмен таба алмадық. Ең болмаса, көңiлге тоқ болатын, iзiн де кездестiрмедiк.

Күнi бүгiнде, осы бiр құмай табылған жерге жақын, әкемнiң есiмiнде «Аманбайқұдық» деген суы тұщы құдық шағыл бар. Осы жерде болғанда, әкемнiң киiз қаптағы домбырасын алып Құрманғазының «Терiс қақпайы», Динаның «Әсем қоңыр», Дәулеткерейдiң «Жеңгем сүйер» күйлерiн орындаған дыбысы құлағыма естiлiп, Құмайы көз алдымда елестеп, көкке көтерiлген қыранның шаңқылдаған дауысы естiлгендей болады. Қайран, кiндiк қаның тамған туған жер, не бiр сырға толы сұлу табиғатыңмен, айсыз қараңғы түнде ғарышта жылтылдаған жұлдыздай баурайтын өзiндiк құпияң бар-ау, шiркiн!


Әлiмжан АМАНБАЕВ,

Атырау облысы

 

Пікірлер