- Жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әдебиет пен өнер саласын дамытуға айрықша үлес қосып жүрген жастарға өз қолымен мемлекеттік стипендия тапсырғаны белгілі. Материалдық қолдау ретінде берілген сыйақыға сіз де ие болдыңыз. Осы қаражатты қайда жұмсамақ ойыңыз бар?
- Көптен бері көздеп жүрген шығармашылық жоспарларым бар еді. Ол қаражат ойдағы мақсатымды толыққанды жүзеге асыруға жете қоймайды. Бірақ әжептеуір жыртығым жамалып қалатын болды. Мемлекеттің өнер мен әдебиет адамдарына осылай назар салып, көңіл бөлуі, қамқорлық көрсетуі, қанатының астына алуы — қуанарлық жағдай. Шабыт береді. Ойыңа — ой қосады. Енді «алдым екен» деп жата бермейсің. Алла бұйыртса, Астана мен Алматы қалаларында жаңаша серпінмен концерт қойсам деймін. Жалпы, әр концерт, әрбір ел алдында орындалған шығарма «әйтеуір өтті» деген есеп үшін емес, тыңдаушыға ой салып, көрерменді рухани бір сатыға көтеру үшін қолға алынуы қажет деп есептеймін. Мемлекет сыйақы бермесе де әнші болсын, күйші болсын, жазушы болсын бір қалыпта өмір сүрмеуі керек. Өз басым ақшаның бар кезінде де, жоқ кезінде де ізденісімді тоқтатпайтыным анық. Дегенмен кішкентай ғана көңілдің өзі, осылай үлкен көмегі тиіп жататыны сөзсіз.
- «Жаңа бағыт ұстанамыз» деп кей күйшілер ұлттық өнерді еуропаландыруға әуес болып кетті. Домбыраға орынды-орынсыз даңғаза дыбыстарды қоса беру қаншалықты қажет?
- Өздеріңізге белгілі, Мейрамбек Бесбаев құрған «Тарту» тобының бағыты сәл өзгешелеу. Бірақ ол жерде сіз айтқан даңғаза дыбыстарға жол берілмейді. Домбыраның үнін эстрадалық әуенмен үйлестіріп, сәл-пәл көркемдейміз. Өз шеңберімізден аспаймыз. Мен — жеке басымнан ұлттың мүддесін, мәдениеті мен руханиятын жоғары қоятын азаматпын. Сондықтан менің репертуарымдағы шығармалар қазақы реңктен ажырамайды деп ойлаймын. Негізінен жеке орындауда, кейде оркестрмен қосылып, дәстүрлі күйлерді орындаймын. 2000 жылдан бері қарай, Елбасының қатысуымен өтетін шараларда Қазақстанның дәулескер күйшілері мен әйгілі домбырашыларымен де бір сахнаға шығып жүрміз.
- «Тарту» күйшілер триосының нақты ісінен гөрі, «үштік құрылады екен» деген әңгіме көбірек айтылған сияқты…
- Мүмкін, топтың жарқ етіп көрінуіне бір клиптің түсірілімі қажет болып тұрған шығар. Кез келген жаңа жоба жемісін беру үшін кішкене уақыт керек. Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, бір сәтте сөніп қалғанша, сәулесі алысқа тарайтын шұғыла болғанға не жетсін?! Мейрамбек ағамыздың бізге қоятын талабы да — осы. Бір шығарма жазсақ та сапалы дүние жасау. Әр туындының кәсіби деңгейіне мұқият көңіл аударады. Ертелі-кеш репертуарымызды сараптап-салмақтаудан жалықпайды. Терең мән беріп, ұзақ талдап отырады. Жасыратыны жоқ, осы талапқа сай келмеген күйлеріміз де болды. Оларды «ақыры жаздық қой» деп сапасыз күйде халыққа ұсынған жоқпыз. Құдайға шүкір, қазіргі таңда қоржынымыз қомақты. Осы уақытқа дейін іздендік, үлкенді-кішілі концерттерде, мемлекеттік шараларда өнер көрсеттік.
Қазір дүркіреп тұрмасақ та, біздің танылуымыз болашақтың еншісінде.
- Топ құрамына келгенде Мейрамбектің атағына сүйеніп, «халық алдындағы абыройы бізді де шығарады ғой» деген сенім болмады ма?
- Біз — оны, ол — бізді пайдалануды көздеп жүрген жағдайымыз жоқ. Ол кісінің діттегені — «қайтсем де танымал домбырашылардың қатарын көбейтсем» деген ой. Үнемі әңгіме арасында «Жылына консерваторияны қаншама домбырашы бітіреді. Бәріне бірдей жұмыс жоқ. Еш жерге сыймай жүр» деп жаны ауырып отырады. «Бірің — мектепте сабақ берерсіңдер, бірің — оркестрде ойнарсыңдар. Бірақ сендердей мықты домбырашылар ел ішінде елеусіз қалмауы керек. Сендер халыққа қызмет қылып, танылсаңдар, тілін, ділін, дінін ұмытқан қандастарымыз бен басқа ұлт өкілдерінен тым құрығанда бір адамның бетін бері бұрып, назарын аудартсақ — еңбегіміздің ақталғаны. Арманым сол» дейді. Біздің ұстанымымыз бас пайда емес, өнерге қызмет ету.
- Сіздердің ойларыңызша, домбыраның дәріптелуі кем түсіп жатыр ма?
- Қолына қара домбыра ұстап жүрген әріптестерімнің, өз қатарластарымның аяқ алысына қарап, кімнің қалай жұмыс істеп жүргенін сырттай көз жүгіртіп, бақылауды дағдыға айналдырғанмын. Бізде мықты орындаушылар, білікті күйшілер жоқ десем қателесемін. Құдайға шүкір, баршылық. Бірақ қазақтың ұлттық музыкасын жазатын композиторлар жоқтың қасы. Мәселен, Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Кенжебек Күмісбеков, Нұрғиса Тілендиевтер қазақтың тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын бойына сіңіріп өскен тұлғалар. Олар еуропалық деңгейдегі классикалық шығармаларды да жазды. Бірақ қай музыкасын алсаңыз да қазақтың иісі аңқып тұрады. Қазіргі туындыларда қазақтың иісі сезіліп, мәдениетіміз бен тарихымыздан сыр шертетіні сирек. Мен ұлттың санасын оятып, рухын көтеруге жарамайтын ондай дүниелерді қазақтың музыкасы деп есептемес едім. Евгений Бурсиловский, Латиф Хамидидің жазған музыкалары қазіргі қазақ композиторларынан әлдеқайда артық. Ұлтқа жақын. Өйткені олар қазақтың музыкасын бүге-шігесіне дейін зерттеген, құлақтарына сіңіріп өскен. Сондықтан қазақша ойламайтын, қазақтың қамын күйттемеген, қазақша түс көрмейтін адам қазақтың музыкасын жаза алмайды. «Бүгін атымды шығарсам болды, қалғаны күл болмаса, бүл болсын» дейтіндер көп. Ұлттың мүддесі барлық мәселеде алдыңғы орында тұруы тиіс. Оған бас қатырмайтындардан қорқу керек.
- Сізді «біртоға жігіт» деп ойлап жүрсек, ішіңізде біраз дүние қайнап жатқан тәрізді…
- Біртоға, ештеңемен шаруасы жоқ, айналаға сүлесоқ қарайтын, бұйығымын деп айта алмаймын. Керекті кезінде мінездің шығатын жері болады. Қандай іс болмасын барынша сабырлы болып, ақылға салып шешуге тырысамын. Кейде ақылға да көнбей кететін кезім бар. Әсіресе, әділетсіздікке төзе алмаймын.
- Әділетсіздікті көп көресіз бе?
- Жөнсіздікті әртүрлі саладан көруге болады. Қоғамда ұлт аралық, ру аралық, басшылардың жікке, жерге бөлінуі бой көрсетіп қалады. Бөлінетін қарапайым халық емес, билік басындағылар. Шығармашылық байқауларда алалау бар. Қараптан-қарап күйдіріп, айдап салатындарды да көрдім. Адамдардың опасыздығы да кейде ашындырады. Өмірдің жолы — бұралаң. Ол ешқашан түзу болмаған. Жақсылық пен жамандық, әділеттілік пен әділетсіздік қатар жүреді. Осындайда әркім өз шаруасын білсе, өз ісімен айналысса дейсің. Одан да ұлттық мүддеге бірігіп, елдің жайын, тілдің мәселесін көтерейік. Балаларымызды ана тілімізде тәрбиелейік. «Басқа тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп Қадыр атамыз айтқандай, басқа тілді қабілетің жетіп тұрса, меңгерген де артық етпейді. Бірақ тілі қазақша шықпаған баланың қазаққа жаны ашиды деп оламаймын.
- Демек, сіз шығармашылық адамы болсаңыз да саясаттан тысқары қала алмайсыз…
- «Сен саясатпен айнылыспасаң, саясат сенімен айналысады». Шығармашылық адамы қоғамның бір мүшесі болғандықтан, әрдайым қоғамдағы жаңалықтарға құлағы түрік жүруі керек. Тек өнерді ғана емес, дүниетанымы кең болу үшін математиканы, физиканы, астрономияны, химия, география және басқа салаларды өзі үшін білгені дұрыс. Өз тарихын ғана емес, дүниежүзі тарихын оқыған адамның біраз нәрсеге көзі ашылады. Кешегі ақ Азиада ойындарын бақылап отырып, біраз ойға қалдым.
Додаға түскен қазақ баласы саусақпен санарлық. Екі-үш қазақ көргенімізде туысқанымызды көргендей қуандық. Жақсы көріп, соған жанкүйер болдық. Осыны байқаған Елбасы «Балаларыңызды спортқа беріңіздер» деп ашық айтты. Әрине, басқа ұлт өкілдері де абыройымызды асқақтатты. Бірақ өз намысымызды өзгеге жырттырғанша, өз уысымызда ұстаған жақсы ғой.
Кей спортшыларымыздың еліміздің көк байрағын қалай болса, солай ұстағаны арқама аяздай батты. Мәреге жете салысымен, Туды құшақтап, құлай кеткендері де бар. Сөз жоқ, олардың жеңісі бізге қуаныш әкелді. Бірақ Туды ұстауға жауапсыздықпен қарағандары, сол өрекпіген көңілімізді су сепкендей басты. Қандай жағдай болмасын, өліп бара жатсаң да, Туды төмен түсіруге қақың болмауы тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік Әнұранды әр адам жатқа білуі міндет. Әнұранның мәтінін кей жерлерде екі тілде жазып қойған. Оның не керегі бар? Мен оған қарсымын. Барлық ұлт Әнұранды қазақ тілінде жаттасын және мағынасын білсін! Ол аздай-ақ әр жерде әркелкі айтылады. Егер мәтінсіз орындалған жағдайда бір шумақ пен қайырмамен шектелсін немесе арнайы бекітілген толық нұсқасы шырқалғаны дұрыс.
- Сізбен шығармашылық туралы көбірек тілдесеміз деп ойлап едім…
- Мен ел, жер, ұлт, тілге қатысты дүниелерге бей-жай қарай алмаймын. Жүрген жерімде тек қазақша сөйлеймін. Қазақылық жайлы айтысып, қызыл кеңірдек болып қалатыным бар.
- Өз жаныңыздан шығарған күйлеріңіз де патриоттық тақырыпта ма?
- Күй — аты айтып тұрғандай, адамның көңіл-күйінен туындайды. Жалғыздық, құлазу, мұңаю немесе қуаныштан. Үй ішіндегі ахуалға да байланысты. Қолыма домбыра ұстағым келмесе, өзімді-өзім зорламаймын. Кейде бүкіл тірлігімді тастап, тапжылмай отыратын кездерім болады. Жан рахатын қос ішектен табамын.
- Үйіңіздегі ахуал қандай?
- Құдайға шүкір, жақсы. Теледидарды көп көрмеймін. Мүлде қарамаймын деуге болады. Оған кетірген уақытымды шығармашылыққа арнаймын. Күйлерді нотаға түсіремін. Жазып жүрген туындыларым бар. Қайда барсам да, қағаз-қаламымды өзіммен бірге арқалап жүремін. Жұмыста да қолым қалт етсе, шұқшия кетемін.
- Теледидар көрмесеңіз, жаңалықтардан сырт қалмайсыз ба?
- Газетті жиі оқимын. Үйден шықсам газет аламын. Қазақ басылымдарынан «Айқын», «Жас алаш», «Алаш айнасын», орыс тілді «PRO SPORT» газетін оқимын. Кейде ғана үйде болғанда танымдық бағдарламалар қараймын. Бірақ үйде көп бола бермеймін.
- Үйге қонбай қайда жүресіз?
- Үйге жетсем қонамын ғой… Өз үйің, өлең төсегіңе не жетсін?! «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деп ер адамның еркін жүргені дұрыс деп ойлаймын. Ұзақ жолға шықпай, бір қалада айналшықтап ұзақ жүрсем, ауырып қаламын. Жолға шыққым келіп тұрады. Тым құрығанда Қордай мен Талдықорғанға барып келемін. Түнмен таласпай, күндіз жүргенді ұнатамын. Табиғатқа сүйсініп, әр тастан, әр жотадан әсер алуға тырысамын. Қара жолдың қасиеті бар деп есептеймін.
- Ер азығы жолда ма екен?
- Иә.
- Біздің естуімізше, сіздің қоржыныңызда екі жүзден астам туынды бар. Сахнада күйлерді бір-бірімен шатастыратын жағдай орын ала ма?
- Ондай жағдай кездесті. Біз робот болмаса компьютер емеспіз. Бір ән бір әнге ұқсап жатады. Сол сияқты құрылымы, философиясы бір қолдан шыққасын кейде күйдің ырғақтарын да бір-бірінен айыру қиын. Жиі дайындалып, өзіңді қадағалап жүрсең шатаспайсың. Бірақ жаңа жаттаған күйлерімді сахнада ұмытып қалған кезім де болды. Ондай жағдайда білдірмей жіберуге тырысамын. Керісінше күйдің бір жерінен сүрінсем, табанасты жиналып, шабыттана түсемін.
- Атыңызға қарағанда сіз батыр болуыңыз керек еді…
- Бабамыз Әшір — соғыста қаза тапқан қазақ жауынгерлерінің бірі. Мен туылар жылы әкем Ресейде болып, Сталинград шайқасында қаза тапқан ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіровке қойылған ескерткішті көрген екен. Соны естіген әжеміз «сол кісідей батыр болсын» деп ырымдаған көрінеді. Бірақ әкем бесігімнің басына өзінің домбырасын іліп, күйші болсын деп ниет етіпті. Сөйтіп, 4-5 жастан домбыраға баули бастайды.
Әкем Нұрғали — домбырашы, анам — Сырғаш ән айтатын өнерлі кісілер. Кішкентайымнан қазақтың ән-күйлерін құлағыма сіңіріп өскенмін. Кейін мектеп қабырғасында нота әліппесін үйреткен ұстазым марқұм Бекет Жетпісов. Бертінде А.Жұбанов атындағы Республикалық музыка мектебінде Гүлперизат Елеусізқызынан, консерваторияда профессор Айтжан Тоқтағановтан дәріс алдым. Үлкен күйшілерді үлгі тұттық, ұстаз санадық. Қазір Тараз қаласында тұратын Талғат Орынтаевтан, марқұм Рысбай Ғабдиев, Қаршыға Ахмедияровтардан, сондай-ақ шертпе күйдің шебері Жанғали Жүзбаев, қобызшы-домбырашы Саян Ақмолдадан үйренгендерім бар. Кейбірінің көзін көрмесек те, үн таспасын тыңдап, дайындалдық. Еліктедік.
- Бос уақытыңызда немен шұғылданасыз?
- Доп тебемін. Бильярд ойнаймын. Кітап оқығанды ұнатамын.
Әңгімелескен
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТОВА,
«Айқын».