Бірде Алматыда иттер көрмесі өткен еді. Оған тіпті Ұлыбританияның сарапшылары қатысқан болатын. Өйткені көрмеде бағы жанған мықтылар халықаралық байқауға жолдама алған екен. Сайысқа қатысқан иттер арасында — неміс овчаркасы, американ ротвейлері, француз бульдогы, орыс спаниелі — бәрі-бәрі болды. Алайда бұл көрмеден әдеттегідей ешкім де қазақтың ұлттық құндылықтары — тазы мен төбетті көре алмады. Себеп — көрмеге тек халықаралық кинологиялық қауымдастық мойындаған иттер ғана қатысуға құқылы. Ал біздің қос төл «қазынамыз» да — бұл санаттан тыс қалған…
Тазы мен төбет тек халықаралық кинологиялық қауымдастықтың құжатынан ғана құралақан қалып отырған жоқ. Бұл жануарлар елімізде санының күрт кеміп кеткеніне қарамастан, қолдаудан да, қорғаудан да тыс қалған. Атап айтсақ, бұлар үй жануарлары болып есептелетіндіктен, қызыл кітапқа ене алмайды. Енбеген соң, ол мемлекеттік қорғауға жатқызылмайды деген сөз. Ал бірақ, нақты статистикалық мәліметі болмағанымен, «Азия-престиж» кинологиялық орталығының мәлімдеуінше, республикадағы тазының таза тұқымдастары — 300-ден артылмаса, төбеттер — 30-40-тан да аспайды екен. Екіншіден, «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» заң да бұл жануарларға көмектесе алмайды, өйткені ол — ауыл шаруашылығына қатысы бар жануарларға арналған заң. Ал бұлардан өзге тазы мен төбетті қорғауы мүмкін дейтіндей заңды құжат та жоқ.
«Азия-престиж» кинологиялық орталығының аға кинологы Лариса Ли тазы мен төбетті сақтап қалудың ендігі қалған жалғыз жолы — олардың ұлттық құндылық ретінде мойындап, «Жануарлардың ұлттық түрлері туралы» заң жобасына өзгерістертер енгізу болып отырғанын айтады.
- Тазы мен төбетті қорғап қалудың тек осы жолын ғана көріп отырмыз. Әйтпесе, олардың екеуі де жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Айталық, 1940 жылдары Қазақстанда 7 мыңдай таза тұқымды тазы болған болса, 2005 жылғы есеп олардың 600-800-ге дейін азайғанын көсретті. Бүгінде — олардың саны 300-дің айналасында. Халқымыздың көшпелі шаруашылықтан отырықшылыққа көшуі кезінде итке деген қажеттіліктің кеміп, тазы мен төбеттердің саны азайып кеткенін түсінуге болады. Алайда мемлекет қайтадан ауыл шаруашылығына көңіл бөліп, ауылды өркендетуге бар күшті жұмылдырып жатқанда, бұл тұқымдардың қайтадан көбеюдің орнына одан ары кеміп бара жатқаны жөн болмай отыр. Қолдау болмаған соң, әрине, кеми береді. Қазір төбеттің өзі емес, оны өзге ит тұқымдарымен шағылыстыру арқылы алған ұрпақтары иелерінің күтімін көбірек иеленуде. Рас, бұл ұрпақтар иесінің айтқанымен жүреді, сол үшін де ит асыраушылар төбетті емес, одан пайда болған алабайды асырауға құмар. Ал төбет — өзінің еркі бар ит тұқымы. Ол қасқырдан қорықпайды, ал алабай — әлдеқайда әлсіз. Олардың ішінде қасқырға қарсы шығатындары — өте сирек ұшырасады, — дейді Л. Ли.
Тазы мен төбетті аман алып қалудың тағы бір жолы бар. Ол — бұл жануарларға халықаралық кинологиялық қауымдастықтың құжатын әперу. Алайда олардың өз талаптары да бар. Мәселен, ұсынылып отырған ит тұқымының мұрагерлікпен жалғасып келе жатқан өзгешелігі, басқа иттерге ұқсамайтын қасиеті ғылыми дәлелмен берілуі тиіс. Сосын өзімізде қазақы тазы ұстаушылардың ұлттық клубы болуы қажет, ұсынылған ит басының тұқымдық стандартқа сәйкестігі болуы керек, үш атасына дейін ұяластарымен қосылмаған тазылардың тұқымы болуы тиіс деп кете береді. Ұзын-саны — 10 шарт. Қазақстан қазірде бұл талаптардың жартысын ғана орындап отыр екен. Ең қиыны — төртінші мен бесіншісі — ит басының тұқымдық стандартқа сәйкестігі мен үш атасына дейін ұяластарымен қосылмаған тазылардың тұқымы қажет. Ал Қазақстанда тазыға стандарт тек 1984 жылы ғана жасалған. Тәуелсіздік алғалы бері мұндай жаңа стандарт жоқ. Әр аймақ — өз алдына стандарт бекітіп алған, соған сай өзінікін ғана таза тұқым санап, өзгені мойындағылары келмейді. Ал олардың бәрінің басын қосып, бір мәмілеге келгеннің өзінде, үш атасына дейін ұяластарымен қосылмаған тазылардың тұқымын шығару үшін кем дегенде 10 жыл қажет. Ал өзі бас саны кеміп бара жатқан тазыны дәл қазір қорғауға алмаса, оның 10 жылға жету-жетпеуі — екіталай дүние.
СӨЗ СОҢЫ:
Ұлттық құндылығымыз тазы «отандастарынан» көмек күтіп жүргенде, оның ресейлік ұрпақтарын көрші ел заңдастырып алудың амалын жасап жатыр. Егер орыс ағайындар алдымызды орап кетсе, тазы — қазақтың емес, Ресейдің итіне айналып шыға келмек.
Нұрболат АМАНЖОЛ,
«Айқын».