«Сахара мұрағаттары» атты бұл деректі фильмге Алтай өңіріндегі Шеміршек мәдениеті арқау болған. Байырғы көшпенділер мәдениеті қалған асқар Алтай тауының баурайы тарихи жәдігерлерге толы. Ондағы неше жүздеген балбал тастар, мыңдаған жартас суреттері, «Мықтың үйі» (қорымдар) мен көне жұрттар ата-бабамыздың тарихынан сыр шертіп, төл шежіремізден тіл қатып тұр.
Бұл далада Ғұндар мен Сақтар от жағып, өмір сүрген, түркілердің ат тұяғының ізі қалған, ол қазақты құраған ру-тайпалардың ескі жұрты. Режиссер осы тақырып төңірегінде ізденіс жасап, 2013 жылдан бастап Алтай қалалық әкімдіктің қолдауымен тарихи орынның төрт маусымдағы табиғатын камера көзіне түсіре бастайды. Сондай-ақ, Қытайдағы Жақып Мырзаханов, Шадыман Ахметұлы, Уаң Бо, Уи Жанжүн қатарлы танымал тарихшылар мен археологтарар тақырып төңірегінде әңгіме өрбітіп, бұл жердің байырғы қазақты құраған ру-тайпалардың мекені екендігін, сондай-ақ, олардың өзіне тән мәдениет жаратқандығын дәлелдейді.
Қуандық Көбенұлы Қытайдағы ең үлкен қазақ телеарнасы – XJTV арнасының журналисі, «Гүлдер-ай» бағдарламасының продюсері. Оның «Қатипаның бір жылы», «Арыс жүлдегері», «Бір ғасыр», «Тарих таңбалары», «Байырғы Жібек жолындағы Текес», «Асыл мекен Алақақ» сияқты туындылары сондағы көрерменнің ыстық ықыласына бөленген. Әсіресе «Тарих таңбалары» атты 8 бөлімді деректі фильмі мамандардың жоғары бағасын алған болатын. Сондай-ақ, ол өткен жылы Қытайдағы деректі фильм саласының ең жоғары «Жилу Жұңго» сыйлығын иеленді.
Айта кетейік, «Алтын панда» халықаралық деректі фильм фестивалі 1991 жылдан бастап өткізіліп келеді. Биылғы байқауға Англия, Жапония, Оңтүстік Корея, Австралия сияқты 41 мемлекеттен 917 деректі фильм қатысыпты. Телетуындылар әлеуметтік, гуманитарлық, табиғат тақырыптары бойынша сараланып, 6 қараша күні Сычуань өлкесінің Чыңду қаласында өткен марапаттау рәсімінде 10 деректі фильмге жүлде берілді.