Бұрынырақ Оңтүстік Қазақстан суретшілерінің көрмесі Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында өткен еді. Жеті суретшінің арасынан оның туындыларын таңдап жазуымда бір сыр бар. Суретшілердің арасында еш осалы жоқ. Гобелен түскиіздер мейлінше құнды көрінді. Суретші Зұлқарнай Қожамқұловтың дүниені көруі ұлттық нақыштарға негізделеді. Картиналарының көгі күн сәулесіне, шұғылаға, сары, жасыл түс – өмір бояуына малынып тұрады. Жаны қазақтығын суретші көрерменіне айқара беруге құштар.
Оның «Ұршық» атты картинасының идеясы ұрпақтар сабақтастығы, жады сияқты қасиетті ұғымдарды бейнелейді. Әжесі ұршық иіріп отыр, анасы мен баласы бер жақта суреттелген. Иірулі жіп тәрізді адам ғұмыры ұзарады, ғұмыр соңы жаңа ғұмырмен ұштасады. Дүниедей шыр айналған ұршықтың бүйірі бірде толып, бірде кемитіні тәрізді ұрпақ алмасуы уақыт ырғағына тиесілі.
Қазақы кеңістік силуэттері Зұлқарнайда ән қайырмасындай қайталана береді, былайша рефрен: Анасы баласына өсиет айтып отыр. Әже басындағы кимешегі мен қолындағы ұршығы ұқсайды. Негізгі сарын – өмір жібі тарқатылады, тіршілік әрдайым ұршықтай иіріле береді.
«Қызыл аттың көктемі» атты полотносында көктем туды, үй көлеңкесіндегі алабай төбеттер бейнеленген. Жан-жануардың табиғи түйсігі оянған мезгіл. Өмір жаңғырады. Иілген аққу мойын қос жұп, ат үстінде. Айналаға екеуінің іңкәр сезімдерінен ерекше сәуле тарайды.
Қызыл ат – үлкен әдебиет пен өнердегі сирек, ерекше ұғым. Сәкен Сейфуллиннің 1934 жылы жазған «Қызыл ат» атты поэмасы 1930 жылдардағы сұмдық дүмпуді, ауыл шаруашылығындағы асыра сілтеудің кеселдерін сынады. Қызыл – қан түс. Бұл трагедиялық мезет тұтас бір дәуірді қамтып, бір буынды қан жылатты.
Бейнелеу өнерінде қызыл ат десе, Кузьма Петров-Водкиннің бір ғасыр бұрын салынған, Третьяков галереясындағы авангардтық стильдегі «Қызыл атты шомылдыру» атты әсері күшті картинасы (1912) тіл ұшына орала кетері сөзсіз. Зерттеушілер бұл суретті орыс шіркеу өнерінде дәстүрлі икона жазуында туған, символдары тегіс христиандық ілімге арналған, тұрмыс бейнесі ғарыштық көкжиекке ұласар дүние деп санайды.
Бұл орыс суретшісінің есімін әлемге әйгілеген ерек қызыл ат. Өмірде жылқының мұндай түсі болмайды деп сын айтушыларға Кузьма Петров-Водкин ежелгі орыс икон жазушылардан («Архангел Михаилдың кереметі») қарызға алғанын мәлімдейді. Бір жылқының табиғи түсін авангардтық қызыл бояумен бергені үшін суретшіні 5 жылдан соң Ресейдегі революцияны, қызыл өкіметтің келерін болжай білді деушілер табылды. Сурет өнеріне мұндайда әулиелікті қию қисынды.
Зұлқарнай Қожамқұлов бабалар сарынын қылқалам тудырған шығармаларына жиі өзек қылған суретші. Қобыз дауысымен бірге бөрі суреттелуі түркілік тотем – тектік болмысқа перзенттік тағзым. Күйге ұйыған әлем. Ақ қасқыр. Алтай тауынан тараған. Ол түркінің анасы, дүниенің төрт бұрышына түркі тектес халықтар бөрі ананың емшегін еміп, ер жетіп, қайсарлықпен көкжал тартып, қайраттанып таралды дейді аңыз бен ақиқат қосарлана.
Жыраулар поэзиясында «Ау, бөрілер, бөрілер, Бөрімін деп жүрерлер» деп басталатын Шәлгездің өлеңінде бөрінің көсемі абадан деп аталады, үйірлі қасқыр азулы абаданы – басшысынан айрылса, һәрбір итке жем болар деп ұран салады. Өлеңде жырау халықтың ел бастаған азаматтарын бірлікке, сырт дұшпанға жем болмауға шақырады.
Салт аттыны жарық пен қараңғыда қат-қабат суреттеуі суретші үшін өмір философиясы. Аттың жүрісі керемет, жануар қараңғыда өзі жол тауып келеді. Зұлқарнай Қожамқұлов ер жігіттің мінезін аты арқылы көрсетуді жөн санайды. Бұл деталь маңызды.
Алғашқы махаббат, жастық тақырыбы – «Гүлдесте» атты картинаның арқауы. Ғашықтардың сүйіспеншілігін білдіруі гүл аңқыған әлемнің бір бөлшегі. Өмір шіркін бал татып, шешек атқан шақ. Махаббат маусымы – қыз бен жігіттің алғашқы көктемі. Гүл иісіне көмілген, елтіген қос ғашық.
«Бесік». Бесіктегі баласына елжіреп қарап отырған ата-ана. Бесік жыры мейірім бастауы. Отбасылық әуен. Суретші Зұлқарнай Қожамқұлов бұл картинаны алғашқы немересі туғанда салған екен. Шашу, қазақ халқының төл мәдениетіне мейірім, сүйініш бір ғана бесік бейнесімен берілген. Бесік сүйіспеншілік нышаны. Нәресте өмірдің мәні, баланың дүниеге келуі бір әулеттің бағы. Суретшінің жан қуанышы, жүрегінің шаттығы негізгі лейтмотив.
Осында диспропорциялы екі көз бар. Жарқын әлем. Екі дүние. Жоғарғы әлем мен төменгі әлем – қазақтың дәстүрлі философиясында бірін тал бесік, бірін жер бесік дейді. Бағзы қазақтың жаны жұмсақтығы сондай, ұлттық дүниетанымында көрді солайша астарлап айтады. Ажалды туатын пендесі сағаты соққанда көрге түсуден қашып құтыла алмасын біліп, мәңгілік тұрағын, қараңғы қабірді көркем қылып айтады.
Ер мен әйел тұр. «Ер Төстік» атты эпикалық қазақ халық ертегісіндегі Бапы ханның есігіндегі екі күзетші сияқты тік тұр.
«Екі дүние» – бұл картинада мифтегі Адам ата мен Хауа ана қазақ бейнесінде берілген. Екі ортада қағба образы.
«Құмыра ұстаған қыз» – әуелі Отырар ойға келеді. Арғы фонда қала силуэті берілген. Қыз мүсін мен құмыра мүсін бірдей, үйлесімді, екеуінде ортақ бір сұлулық. Бұл суретшінің неғұрлым қазіргі заманғы бейнеге сипат беруі. Осы суретте қарны қабысқан тазы бар, бір қызығы қыз, құмыра, тазы – үшеуіне тән ортақ өрнек тым үйлесе кеткен, қазіргі замани тілмен айтқанда, кластерлік көре білуді танытады. Осы заманға лайықталған образ. Тазы мүсіні көз тартарлық. Ең ғажабы, гүлдесте өрнекте, әр сызықта құпия таңба, қастерлі мән бар. Зұлқарнай Қожамқұлов ұлттық бейнелерді қазіргі заманғы үлгіде беруді мұрат тұтқан суретші.
«Ару ана», мұндағы көрініс есіме мифтік ертегідегі Кенжекейдің ақ інгенге серт айтар тұсын түсірді: «Не Төстік келген күні, не Төстік өлген күні ботала!». Арғы фонда қазіргі Астана, Қазақстан келбеті. Суретшінің көруі Жерұйық идеясы. Ақ түйеге мініп жерұйықты іздеген бабалар рухын тірілту. Шаңырақ артылған ұлы көш. Баяғы заманға да, қазіргі заманға бірдей келеді.
«Менің елім» үшеуі бір тақырыпты қозғайды, триптих. Жас республика, Астана, құрақ көрпедей қиюласқан жас отбасы. Суретшіні шыққан тек, шежірелік дүниетаным ерекше толғантады. Түркі жады – қазақ руларының таңбалары берілген фрагмент өте әсерлі. Қазақтың әр руының таңбасы бар, 43 таңба.
Тәж киген самұрық құс, құс қанаты, сәукеле мен тәж біртұтас. Келін тойда басына киетін сәукеле бір жаз бойы дайындалатынын, құны өте қымбат болатынын, оны «қарқара» деп те атайтынын Құрбанғали Халид «Тауарих хамса» атты кітабында жазды.
Самұрық құсқа қатысты суреттегі бақ құсы ұлттық мифологияны танытады. Ол бәйтерек, ағаш бейнелі ғаламның иесі ретінде берілген. Шаңырақ, өмір ағашы. Суретші осы бейнені ұлттандыруды мұрат еткені анық. Ақ түйе. Кейінгі көш.
Қазақ халқы қиын-қыстауда шашырап кеткен, енді Қытай, Монғолия, Ирак, Ираннан атажұртына көшіп келеді. Елбасының саналы саясатының арқасында қазақ халқын туған отанына шақыру 90-жылдардың ең бір іргелі жарқын ісі болды.
Құрақ көрпенің ою-өрнегін суретші Жібек жолын бейнелеу үшін таңдайды. Ақ киімді әйел намаз оқып отыр. Ал бие осы бейнеге перпендикуляр, тік суреттелгені әуелгіде тосын сезіледі. Жас баланың көруіндей бір тылсым дүние шығады.
Суретшіні түркілік көне тарихтың жәдігерлерін терең білетіні қайран қалдырады. Мынау жартасқа салынған суреттерде ұшырасатын көне тәсіл. Бейнені көлденең салу тәсілі. Суретші мұндай керемет бейнелеу үлгісін қалт жібермеген. Мейлінше көрнекті пайдалана білген. Петроглифтердің қазақ даласының әр түпкірінде кездесетінін академик, археолог-ғалым Әлкей Хаканұлы Марғұлан жазды. Бұл таза түркілік болмыс.
Отбасылық әуен. Жартылай тон. Бояуды беру тәсілі отбасылық жылылықты береді. Келесі картинада – неке су, өйткені қазаққа баяғы дәстүр оралып келеді. Ата-баба дәстүрінен суретші ұдайы қайнар бұлақтай қанып ішуді мұрат еткені анық. Қалыңдық сәукелесі ұшар айдың ұшындай тым биік, бұл-дағы көне түркілік сарын. Бас киімді биік етіп беру арқылы Тәңіріге жақын болуды қалау. «Төбем көкке екі елі жетпеді» деу – соның бір айғағы.
Сымбатты сұлуды суретші қылқаламы төгілте бейнелесе, ол Афродита теңізден туып келе жатқандай әсер етеді. Қызды шомылдырып аққа орау – ұзатуға даярлық.
Шығыс базарын бейнелеген картинасы ұзақ уақыт көз тартып, қадалта ұстап тұрады. Өйткені ол жемістер мен халықтар полотносы. Өмір қайнап жатқаны адамдар мен базарға алып шыққан дәм бейнелері арқылы тұңғиық ашылған бұл суретшінің айрықша шеберлігін білдіреді. Әртүрлі ұлттар Қазақстанды мекендеген халықтар. Тату-тәтті тіршілік, Қазақстан Республикасында салтанат құрған халықтар достығы идеясы осы бір қан базар бейнесі арқылы берілген. Және ол оптимистік, тағаттылық-толеранттылық сарында берілген.
Әр ұлт адамының эмоциясы суретте шебер таңбаланған. Бұл сурет Зұлқарнай Қожамқұловтың туған жері Оңтүстік Қазақстанның жеміс-жидекке бай табиғатын бедерлейді.
Кейде суретшіні мамыражай сурет жалықтырғанда, жаны еркіндікті, шабыт оятар бұлалықты қалайды. «Желдей жүйіткіген» салт атты – желге қарсы құстай аққан жігіт кескіні. Бәйгеден озып келген шабандоз жігіт. Көңілі шат, желдей еседі.
Бұл расында автопортрет. Зұлқарнай Қожамқұловтың дүниені дербес көруі, кредо. Суретші қылқаламы биік мұрат пен бақытты аңсау идеясын өз көзқарасымен айнытпай беретіні көрерменді бей-жай қалдырмайды. Бұл бояуды беталды жұмсау емес, сурет арқылы берілетін мәнді ғұмырбаян. Зұлқарнай Қожамқұловтың қолтаңбасы көп суретшілердің арасында шоқтығы биік болып көрінері соның айғағы.
Әсіресе, шетелдіктер Зұлқарнай Қожамқұловтың шығармашылығына ерекше қызығушылықпен қарар еді. Мифология, фольклор, тотем, салт-дәстүр, қазіргі заман сарыны бұл көркем картиналардың бағасын, дау жоқ, асырады.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА, жазушы,
(«Ақ желкен», №9.2015 жыл)