Жақында Үндістанның Ченнай қаласында Бүкіләлемдік қолөнершілер саммиті өтті. Төрт күнге созылған шараға әлемнің 39 мемлекетінен 700-ге жуық өнер саңлақтары қатысып, әр ұлт өз төл туындыларын ортаға салды. Біздің шеберлер жасаған қолөнер бұйымдары, зергерлік дүниелер, тоқыма киізден жасалған тұрмыстық заттар, музыкалық аспаптарымыз келушілердің қызығушылығын арттырып, жұртшылықтың назарын аударды. Авторларымыз өз еңбектері жайында әңгімелеп, әр экспозицияның шығу тарихын, тұрмыстық маңызын түсіндіріп, қалай пайдаланылатынын көрсетті. Қазақтың қара домбырасынан төгілген күй де ұлтымыздың сән-салтанатын асыра түсті.
Пікір алмасу, шеберлік дәрістері өнер туындыларының ішкі-сыртқы көркемдігін танып білуге, шығармашылық шабыттың қанағаттануына, таным-талғамның биіктеуіне жол ашты деуге толық негіз бар. Қолөнердің киесі қонған қасиетті қазақ өнерінің мәртебесі биік болды, біздер сыннан сүрінбей өттік деп мақтанышпен айтуға болады.
Ең бастысы, өнердің өресі биіктеді, осы қасиетті қолөнерді кие тұтқан өнерпаздар бірін-бірімен етене танысты, ұлтына, түр-түсіне қарамай, бауырластық сезімге толы орта пайда болды. Достық қарым-қатынас орнады, өнердегі үзеңгілестік, шынайы сырластық еларалық беделді нығайта түсті. Бәрінен бұрын Қазақстандай жер, ел бар екенін мойындағанын зор қуанышпен жеткізгім келеді.
Төрткүндік үлкен саммит бағдарламасының шеңберінде өткен сарилер шеруі би қойылымы, үндінің классикалық би көрінісі, жоғары мода подиумы, әр мемлекеттің өзіне тән өнер туындыларының озық үлгілері және олардың көрсетілімі біздерді рухани байытты. Қолөнер алыптарымен танысу, өнерін тамашалау, тек қана тамашалап қоймай, көптеген пайдалы жақтарын бойға сіңіріп қанаттанып қайтуымыздың өзі біздер үшін болашақтағы бағытымызға бағдар беретін жарық секілді болды. Ендігі үлкен іс, қазақ қолөнершілерінің жауапкершілігіне серт!
Біздің мойнымызға жүктелетін ауыр жүк — ол халқымыздың төл өнері — қолөнерін әлемге алып шығу, мәдениеті озық елдермен иық тіресе биік белестерге көтерілу. Міне, Ченнай саммиті бізге осыны міндеттейді. Төрт жылдан соң Қытайда өтетін дүбірлі қолөнершілер ассамблеясына шығармашылықты, аумақты, татымды жұмыстарымызбен қайта оралсақ деген үмітіміз шындыққа айналғай!
Қорыта айтқанда, Үндістан сапары, Ченнайдағы әлемдік қолөнершілер саммиті біздер үшін бергені мол, бағыт-бағдары анық сәтті форум болды. Біз де ұлтық қолөнеріміздің жұлдызы жарқырайды деген нық сеніммен елге оралдық.
Абай атындағы Қазақ педагогикалық университеті көркемсурет факультеті,