Мұхит әндерi неге көбейдi? Немесе Ғарифолла Құрманғалиев жеткiзген «күмәндi» мұра

3174
Adyrna.kz Telegram

Мұхит Мералыұлы (Мұқамбеткерей. 1840-1918) – елiмiздiң батыс өлкесiндегi ауызша-кәсiби әншiлiк мектептiң негiзiн қалаушы дарабоз өнер иесi. Ол тiршiлiкте өнердi бәрiнен жоғары қойып, атақты, дәулеттi ұрпақтан бола тұра өмiрдiң нарқын байлықтан, барлықтан iздемей, барша саналы өмiрiн өнерге бағыштайды. Оның халық арасына кең тараған «Айнамкөз», «Үлкен Айдай», «Кiшi Айдай», «Зәуреш», «Паңкөйлек», «Дүние», «Ақ Иiс» әндерi – қазақ музыка мәдениетiнiң алтын қорындағы арналы үлгiлер. Бұл авторлық қолтаңбасы айқын туындылар кең тынысты кәсiби шебер әншiлер репертуары арқылы жеткен едi. Ал халықтық үрдiстен алшақтамаған, әнсүйер информаторлар жалғастырған «Алуаш», «Жайма қоңыр», «Дағанау», «Демалыс», «Дүние-ау», «Еркем» және т.б. туындылары өз алдына бiр төбе. Әндерi бүкiл өлке өнерiн көз алдыңызға әкелетiн сазгердiң өскен ортасы ежелден жыраулардың, тарихтан белгiлi айтыс ақындары мен жыршылардың ордасы болды әрi XIX ғасырда шырқау шыңына көтерiлген даңқты күйшiлiк мектептерге тұспа-тұс келдi. Осындай екi түрлi өнерден сусындап өскен Мұхит шығармашылығына бұл жанрлардың ықпалы зор болды. Композитор туындыларының құрылымынан, даму желiсi мен әуендiк-интонациялық бағытынан, ладтық түзiлiмiнен осы қалыптасқан дәстүрлердiң әсерi айқын сезiледi.

Халық талантының әндерi өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап Қазақстан композиторларының жазбаша кәсiби музыкасындағы бастау алар қайнарға айналды. Мәселен «Дүние», «Үлкен Айдай» /2-түрi/, «Жайма қоңыр» әндерi, Е.Брусиловский жазған қазақтың алғашқы «Қыз Жiбек», «Ер Тарғын» операларында қолданылды; Б.Ерзаковичтiң («Қазақ квартетi»), Л.Шаргородский мен С.Шабельскийдiң («Симфониеттасы»), Б.Жұманиязовтың (фортепианолық вариациялары), Қ.Қожамьяровтың («Зәуреш») вокалды-симфониялық поэмасы және қазiргi заман жас буын сазгерлер туындыларында кеңiнен пайдаланылып, өз өмiршеңдiгi мен маңыздылығын дәлелдеп келедi.
Композитор туындыларының жариялану тарихына көз жiберсек, алғаш рет ғалым А.Затаевич өзiнiң этнографиялық жинақтарында Мұхиттың әнi деген 22 үлгiнi, Мұхит әнiнiң нұсқасы деп 3 үлгiнi нотаға түсiрген. Бiрақ та осы нұсқалар қазiргi кезде Мұхит мектебiнiң жалғастырушысы Ғарифолла Құрманғалиев (1909-1993) жеткiзген әрi оның репертуары арқылы кейiнгi iзбасарлары айтып жүрген әндерден алшақ болып келедi. Тек кәсiби мәнерде орындалатын «Үлкен Айдай» мен «Кiшi Айдай» әндерiнiң интонацияларына «1000 песен казахского народа» жинағындағы №379 Мұхиттың әнi (IV) «Қыпшақ» пен №558 Мұхиттың (VI) «Сал Оразы» (II) үлгiлерi жақындығымен ерекшеленедi. Сондай-ақ 1960 жылы музыка зерттеушiсi Б.Ерзакович өзiнiң «Мұқит Мералыұлы. Әндер» кiтабында бұрын халық әндерi санатында болып келген композитор туындыларын тұңғыш рет бiрiктiрiп жарыққа шығарды. Ғалым осы жинағында әншi Т.Ибрагимова мен Н.Әбiлева жеткiзген «Еркем», «Қыпшақ», «Дүние-ау» әндерiн және «Жайма қоңыр», «Айнамкөз», «Паңкөйлек», «Кiшi Айдайдың» екiншi нұсқаларын да берген. Дегенмен де осы информаторлар жеткiзген үлгiлер (түрлерiн) бүгiнгi күнi кәсiби дәстүр өкiлдерiнiң репертуарынан орын алмай отыр. Өйткенi әнсүйерлер (самодеятельность) жеткiзуiнде көп жағдайда нағыз шебердiң қолынан ғана келетiн мүмкiндiктер жетiспей жатады.

ҒАРИФОЛЛА ҚҰРМАНҒАЛИЕВ ҚИЯНАТ ЖАСАҒАН БА?
Мұхит мұрасы оның қасына ерiп, репертуарын тұтастай алып қалған немерелерi Шынтас (1884-1948) пен Шайқы Қаратаевтардан (1892/4-1922) Ғ.Құрманғалиевқа ауызекi жалғасты. Академик А.Жұбанов «Замана бұлбұлдары» еңбегiнде Шынтас пен Шайқы туралы: «Бұл екеуi Мұхиттың ән репертуарын да, орындаушылық әдiсiн де қаз-қалпында алып қалған, кейбiр жайларда Мұхиттан кем түспейтiн музыка қайраткерлерi болды», – дейдi.
Осындай таланттардан жалғасқан әншiлiк дәстүрдi Ғарифолла Құрманғалиев өз шығармашылығы арқылы насихаттап, 1965 жылы Республикалық эстрада-цирк өнерi студиясында ашылған батыс ән мектебi класында тәрбиеленген шәкiрттерiне үйреттi. Әншi өз iзбасарларына бұл аманатты қиянатсыз табыс еттi.
Мұхит әндерi соңғы кездерi жарық көрген ән-альбомдар мен жинақтарда «толығыпты», бұрын белгiлi шығармаларға жиырмаға жуық «жаңа ән» қосылған. Бұлай жасауға не себеп болды екен? Иә, бiздi де көп ойлантқан және осы мақаланы жазуға түрткi болған осы сұрақ едi. Мұхит мұрасын «қаз-қалпында алып қалып», бiздiң заманымызға жеткiзген iрi өнер қайраткерi Ғарифолла Құрманғалиевқа күмән ғой бұл!
Бүгiнде белгiлi болып отырғандай, Ғарифолла заман саясатына байланысты «авторын ауызға алуға болмайтын», өз заманында «банды» атанған Аманғали Кенжеахметұлының (1888-1928) шығармасын «Серi жiгiттiң әнi» деп, «үстем тапқа қарсы» Сарышолақ Боранбайұлының (1858-1927) «Тiлеу-Қабақ» әнiн халықтық туындылар деп авторларын жасырып, кейiнгi ұрпаққа олардың мұраларын аман жеткiздi. Бiрақ Ғарифолланың Мұхит әндерiн халықтiкi қылып жiберуге қандай да бiр себеп көрiп отырған жоқпыз.
Бiр қызығы, Мұхитқа телiнiп отырған халық әндерi жалпы бүгiнге жетiп отырған батыс аймағының көптеген ән-термелерiнiң бiрден-бiр бiлгiрi Ғарифолла атамыздың репертуарынан болып отыр. Олар: «Доссорда шай құяды Гүлжансары/Гүлжансара», «Құрбыжан», «Ыңғай-ау», «Шандоз», «Қара қаншық», «Жылой», «Жылқышы», «Дөң асқан» және т.б. кең тараған халық әндерi. Өкiнiшке қарай, фоножазбаларда (СD, аудиотаспа) және музыкатанушы М.Құрманғалиеваның «Мұхит», «Мұхит сал» атты кiтаптарында (2003, 2005) осындай олқылықтар орын алған. Назар аудартатын жәйттiң бiрi, бұлар қандай да бiр саяси астары болып, айтуға тыйым салынып, авторынан ажырап қалған әндер емес.
Екiншi бiр мәселе, Мұхиттың кейбiр әндерiн басқа авторлардiкi немесе халық әнi деген де пiкiрлер бар. Осы орайда оның «Зәуреш», «Айнамкөз», «Көк Айдай» әндерiнiң мәтiндерi Бiржан сал, Ақан серi, Үкiлi Ыбырай және т.б. ауызша кәсiби авторлар шығармалары сияқты 1960 жылға дейiн «Қазақ әндерi» антологияларында (1955, 1957 жылдары) халықтық үлгiлер санатында болып келгендiгiн естен шығармағанымыз жөн. Ол уақыт өтiп кеттi. Ал басқа авторларға телiнуiне төменде тоқталамыз.
Мұхит туындылары төңiрегiнде айтылып жүрген пiкiрлерге өз көзқарасымызды оның мұрасын жаңа заманға бiрден-бiр жеткiзушi Ғ.Құрманғалиев репертуарын назарда ұстай отырып ұсынып көрелiк.
Халық әнi «Жылой» бiрде Сегiз серiге, кейбiр деректерде Мұхитқа телiнiп келедi. Жалпы бүгiнде республика тыңдармандарына «Жылой» атты әндер талантты өнер қайраткерлерi Ғарифолла Құрманғалиевтiң, Күрiш Тасболатовтың, Зәуреш Есбергенованың, Сәуле Жанпейiсованың репертуарынан белгiлi. Сонымен қатар жылойлық Жолдыбай Тұрмағанбетовтың орындауында аттас әннiң бiрнеше тың түрлерi нотаға түсiрiлдi. Бұл бес түрлi орындаудағы «Жылой» бiр әннiң нұсқасы емес, әрқайсысы өз алдына бөлек-бөлек туындылар. Олардың барлығы өткен ғасырларда Батыс аймағында «Үйшiкке (қазiргi Атырау) барсаң күй тартпа, Жылойға барсаң ән салма» деп танымал болған, өңiрлiк әншiлiк мектебi болған Жылой жерiнiң атымен аталады. Арасындағы Ғ.Құрманғалиев репертуарындағы:
1. Оу! Дендер мен Тұзтөбенiң тұзын көрсең,
Жылойдың таң қаларсың қызын көрсең.
– деп басталатын «Жылой» Мұхитқа телiнiп, күмәндi пiкiр туғызып жүр.
Осы орайда академик А.Қ.Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» еңбегiндегi: «…Қазақстанның Батысында көп орындалатын… «Гурьев», «Жылой», «Төрт пiшен» тағы басқа сол сияқты әндердi Мұхит басқалардан алабөтен артықша орындап, тiптi ол әндердi құбылтып, құйқылжытып қайта туғандай еттi деседi», – деген дәйексөздi келтiргендi жөн көремiз. Яғни А.Жұбанов бұл әндi Батыс аймағында көп орындалатын әндердiң бiрiне жатқызып отыр. Дерекке сүйенсек, өңiрге кең тараған үлгiлер тыңдаушыға Мұхиттай әншiнiң интерпретациясында құлпырып, ерекше әсер еткенiн түсiнемiз. Оның репертуарында болған халық әнi «Жылой» дәстүрдi жалғастырушылар арқылы Ғ.Құрманғалиевқа жеткен. Егер «Жылойдың» авторы Мұхит деген пiкiрдiң негiзi болса, бұл деректi оның мұрасын қаз-қалпында алып қалған Шынтас пен Шайқы жеткiзу керек едi деген қисынды ой туады.
«Жылойдың» композициялық құрылымы қарапайым халық әндерiне қарағанда бiрқатар ерекшелiктерге ие. Әрине, бұл тұрғыдан авторлық шығармашылықтың жемiсi болуы да мүмкiн. Қайсыбiр туындының арғы жағында әйтеуiр бiр шығарушысы бар екендiгi хақ, дегенмен сазгер репертуарында болған көптеген халық әндерiнiң бiрiн дәлелсiз оған телудiң негiзi жоқ. Сондай-ақ 1960 жылы Мұхит әндерiнiң басын қосып, толық жинақ құрастырған Б.Г.Ерзаковичтiң оны композитор мұрасына енгiзбеуi де ойланарлық жәйт.
«Авторымен қауышқан» келесi бiр ән «Қара қаншық» деп аталады. «Қара қаншық» алғаш рет А.Затаевичтiң «1000 песен казахского народа» жинағында жарияланды (№ 970). Содан кейiн өз тақырыбымен 1989 жылы «Маңғыстау әуендерi» күйтабағына Мекес Төрешовтың орындауында жазылды. Осы келтiрiлген екi дерекнаманың арасында да «Қара қаншық» көпшiлiк құлағына қазақтың тұңғыш операсы арқылы жетiп отырды. Ол 1934 жылы композитор Е.Брусиловскийдiң «Қыз Жiбек» операсына енiп, (оқулықтарда, әдебиеттерде) өз атымен аталмай, «Зар» деп өзгертiлген едi. Операның трагедиялық шешiлiмi, Төлеген өлiмiн естiген Жiбектiң жарық дүниемен қоштасу сәтi осы зарлы әуезбен басталып («Әуелi бас қосқаным Жағалбайлы…»), әрi қарай Мұхиттың «Дүние-ау» әнiмен жалғастығын табады.
Әннiң өз тақырыбымен аталмауына тоқталар болсақ, 1930-50 жылдары жүздеген халық шығармашылығындағы әндердiң поэтикалық мәтiнi қоғам идеологиясына қарсы келiп, айтылуға тыйым салынды. Музыкатанушы ғалым М.Ахметованың мәлiметiне сүйенсек, 1940 жылдары Қазақ Радио Комитетiнде әншiлерге айтуға тыйым салынған екi жүз елуге жуық әннiң тiзiмi болған. Олар орталықтың арнайы саяси тапсырмасымен сөздерi мен тақырыптары «жаңа заманға лайықталынып» қайтадан жазылған шығармалар. Солардың бiрi – саяси астары бар деген туындылар қатарында болған осы «Қара қаншық» әнi. Әннiң мелодиясы «Зар» деп «Қыз Жiбекте» қолданылған да, сөзi «Асыл айым» болып Қазақ радиосының «Алтын қорына» жазылыпты. Ғ.Құрманғалиев орындауындағы халық әнi «Асыл айым» мәтiнi төмендегiдей:
1. Қарағым, айналайын, асыл айым,
Мен сенен сырды қалай жасырайын.
Төсекте тыныш ұйықтап жата алмаймын,
Есiме сен түскенде қалқатайым.

2. Қараймын жабығыңнан қаздай бойлап,
Асыл ай отырмысың ақыл ойлап.
Бiрге өскен кiшкентайдан құрбым едiң,
Өмiрдi өткiзелiк күлiп-ойнап.

«Қара қаншықты» М.Төрешов те, Ғ.Құрманғалиев та Мұхиттың туындысы ретiнде атамаған. Егер «Қара қаншықтың» авторы Мұхит болса және саяси астары бар деген желеумен сөзi «Асыл айым» болып өзгертiлген болса, онда жаңа мәтiнге ие болған, қауiпсiз әннiң авторлығы көрсетiлуi тиiс едi. Жалпы осы шығарманы Мұхиттiкi деп көрсету ешқандай дәлел, негiзсiз «Халық әндерi мен халық композиторларының әндерi» антологиясынан басталды (1990). Кейiннен Мұхит атындағы республикалық дәстүрлi әншiлер конкурсының бағдарламасына енген кездерi де болды және де 2005 жылы шыққан «Ғ.Құрманғалиев. Асыл мұра» ән альбомында Мұхиттiкi деп қате жарияланыпты.

Бiртуар әншi Ғ.Құрманғалиев репертуары арқылы жеткен «Жылқышы» аталатын халық әнi де Мұхиттiкi болып шыға келiптi:
1. Жылқысы бiздiң елдiң ала мойын,
Су iшiп айдын көлден салады ойын.
Сүйенiп тал құрыққа тұрғанымда
Қызыққа батырады тай мен құлын//Қалқада әрқашанда болады ойым.
Децима дыбыс аралығын қамтитын кең тынысты ән қайталанбалы қостармақты кеудеден тұрады. Әуеннiң даму желiсiндегi кварталық, квинталық қадамдар, ладтың алғашқы басқыштарымен алты тонға биiкте жоғары өрлеуi (бiр октава жоғары) тыңдарманға ерекше әсер берiп, Мұхиттың биiк әндерiнiң тiк көтерiлетiн тұсын еске түсiредi. Бiрақ бұл мотивтiң орналасуы, халық әндерiнде жиi кездеспейтiн әуендiк-интонациялық тәсiл Мұхит творчествосында өзiндiк үрдiспен жаңа деңгейге көтерiлдi. Композитор туындыларында ладтың алғашқы басқыштарының жоғары октавада жүруi әндердiң бастапқы бөлiгiнде орналасады, мысалы «Дүние-ау», «Зәуреш», «Кiшi Айдай», «Үлкен Айдай», «Паңкөйлек», «Мұхит сал» және т.б. Сондай-ақ «Дағанау», «Айнамкөз», «Үлкен Айдай», «Мұхит сал», «Кiшi Айдайларда» кульминация ән басындағы осы басқыштар арқылы айқындалады.
«Жылқышының» композиторға телiнуi мынадай себептен туған болуы мүмкiн. Аймақтағы Көкжар жәрмеңкесiнде айтыскер ақын Бала Оразбен кездескен Мұхит оның жылқышы Асалы мен Көкетай есiмдi ғашықтар оқиғасы туралы әңгiмесiнен үлкен әсер алып, өзiнiң «Кiшi Айдай» әнiн шығарады. Халық арасында бұл ән сондай-ақ «Жылқышы» немесе «Кiшi Ораз» деп те тараған. Бұл әңгiме желiсiнен туған «Кiшi Ораз» немесе «Кiшi Айдай» Мұхиттың шоқтығы биiк шығармаларының бiрi және жоғарыдағы халық әнi «Жылқышымен» шатастыратын дүние емес, арасы алшақ туындылар. Осы екi әннiң аты бiр болғандықтан ғана композиторға телiнiп тұр деп ойлаймыз.
Сондай-ақ мүлдем қисынға келмейтiн мына бiр мәлiметтi де жазуға тура келедi. «Мұхит сал» кiтабында халық әнi «Жылқышы» мен оның екiншi түрi деп Ғ.Құрманғалиев репертуарындағы халық әнi «Желкiлдектiң» сөзi берiлген (108-бет):
1. Жылқының мiнсiз қара төбелiндей,
Аузың бар шыны аяқтың кемерiндей.
Шашың бар он екiден талдап өрген,
Базардың кезi алпыс сом жiбегiндей…
Бұл… бұл бастапқы «жылқы» сөзiне байланысты ғана әннiң «екiншi түрi» болып шыға келген секiлдi. Басқа қисын болса сiз айтыңыз, ағайын.
2005 жылы жарияланған «Адайдың ырғамасы» жинағында Мұхиттың белгiлi «Жайма қоңыры» маңғыстаулық қайқы Әдiл Кенжеұлының әнi деп, ал «Қолжетпесi» халық әнi «Алқаракөк» деп берiлiптi. Осы шығарманы 1935 жылы Е.Г.Брусиловский «Жалбыр» операсының I-актiсiндегi Хадишаның вокалдық партиясына енгiздi. Мұңды да ойлы мелодиямен Хадиша Елемеске өз заманындағы қазақ қызының тағдырында кездесетiн қалыңға сатылған әдiлетсiздiктi жеткiзедi. Назар аударарлық жәйт, А.Жұбанов Хадишаның партиясындағы бұл әуендi Мұхиттың «Алуаш» әнi дейдi және оның кей жерлерде «Жайма қоңыр» деп те орындалатындығын жазады.
«Адайдың ырғамасы» жинағында «Жайма қоңырдың» Әдiл Кенжеұлына телiнуiне ғылыми негiз, тарихи түсiнiк берiлмеген. Бұл әуеннiң аймаққа кең тарағаны соншалық, өлкеге жүргiзген экспедиция материалдары көрсетiп отырғандай, Мұхиттың «Айнамкөз», «Зәуреш», «Кiшi Айдай» әндерi секiлдi сазы қара өлеңдермен де жиi орындалады. Бiрақ бұл музыкалық фольклордағы заңды құбылыс осы шығармаларды авторынан «тартып алуға» себеп бола алмайды. Мұхит бабамыздың өмiрден озғанына ғасырға жуық уақыт болды, әндерi ел аузынан түспей, кең тарап, жалпыұлттық рухани асыл қазынаға айналды. Ендеше, белгiлi бiр өңiрге жақсы тараған саз сол жердiң ғана композиторынiкi болуы шарт емес.
Қазiргi кезде «Жайма қоңыр» да, «Алуаш» та халыққа Ғ.Құрманғалиев орындауынан жақсы таныс. Олардың мелодиясы мен мазмұны жағынан екi сипатты, кәсiби әншiлiк дәстүрде тыңдаушы жадында «тұрақталған», арасы алшақ дүние. Егер екеуiн музыкалық жағынан салыстырар болсақ, «Алуаш» еркiн, тайсалмай орындалып, дыбыс пен буын сәйкестiгi синхронды сипатта және дыбыс диапазоны әдет-ғұрып үлгiлерiне тән шағын болып келедi. Ал «Жайма қоңырдың» интонациялық даму бағыты бiрқалыпты, әуез қозғалысы толқынды, сабырмен баяулай қозғалатын, соңында ән кеудесiндегiдей секста көлемiндегi вокализациясы бар қоңыр ән.
Жоғарыда келтiрiлген А.Қ.Жұбановтың сөзiн растайтын мына бiр дерек болуы мүмкiн. Алғаш рет «Жайма қоңыр» А.В.Затаевич жинағында жарияланып ["Қазақ халқының 1000 әнi", № 960], әнге ескертпеде «Мұхит әндерiнiң арасындағы кең танымалдарының бiрi, көптеген әнсүйерлердiң сүйiктi әнi» және ескертпеге редакциядан қосымшада бұл әннiң нұсқасы «Алуаш» деген атпен ұсынылады (1921 жылы Б.Джумабаевтан жазылған, «Этнограф қолжазбасы», № 308).
«Шандоз» әнi ел аузында көнеден халық әнi ретiнде танымал. Ғ.Құрманғалиев осы әндi ҚР Телерадиосының «Алтын қорында» және Ақтөбе облыстық Телерадиоқорының фономұрағатында (1971 жыл, №648) халық әнi деп жазғызған. Яғни Ғ.Құрманғалиев «Шандозды» композитордың әнi деп еш жерде айтпаған. Ал «Доссорда шай құяды Гүлжансара» әнi болса Гүлжансара есiмдi келiншекке арналып шыққан. Шай құюды кәсiп еткен Гүлжансараның есiмi Атырау облысының (Мақат ауданы) Доссор деген жерiнде өткен ғасырдың 20-30 жылдары (бiр деректерде 30-жылдардың соңы) атағы тарапқа белгiлi бола бастаған. 1841-1918 жылдары өмiр сүрген Мұхиттың өзiнен кейiн мәлiм болған Гүлжансараға ән арнағандығы қисынға келмейдi. Әуеннiң жайын айтпағанда, осындай салмақты тарихи деректердi негiзге алуымыздың өзi жаңсақ айтылған пiкiрлердi анық байқатады.
Көнеден белгiлi болып келе жатқан халық әндерi «Ыңғай-ау» мен «Құрбыжан» да «санын көбейту» ұранымен жоғарыда айтылған жаңсақтыққа ұшырапты. Әннiң «иесiн» тапқанның жөнi осы екен деп, Мұхитқа немесе басқа авторларға телу халық композиторларының бәсiн арттырмайды, керiсiнше, мұндай келеңсiздiк кейiнгiнi шатастырып, халқымыздың рухани асыл мұрасына қиянат болып табылады.
Бүгiнде Мұхит мұрасы деп авторлық қолтаңбасы анық, композитордың шығармашылық кемелденген кезiнде туған «Зәуреш», «Айнамкөз», «Кiшi Айдай», «Үлкен Айдай», «Паңкөйлек», «Дүние-ау» секiлдi биiк деңгей шығармаларын батыл айта аламыз. Жоғарыда көрсетiлгендей, даулы әртүрлi мәлiметтер композитордың орта деңгей туындылары төңiрегiнде айтылып жүр.
Мәселеге екiншi жағынан қарайтын болсақ, Мұхиттай композитордың творчестволық лабораториясында оның нақ биiк деңгейлi шығармалары туғанға дейiн өз әндерi де, халық әндерi де болды. Академик А.Жұбанов айтқандай «халық әндерiн Мұхит өз репертуарында қайта туғандай еттi», оларды өз интерпретациясымен жаңа өреге көтерiп отырды. Жалпы аймақ әндерiмен бiрнеше тұрғыда сәйкестiк табылатын композитордың орта деңгейлi әндерiнiң аражiгiн ажырату да оңай емес.
Батыс аймағының әндерi, оның iшiнде кәсiби, ауызша авторлық туындылардың, атап айтқанда, Мұхит мектебi мен маңғыстаулық қайқылардың шығармашылығы, Жылойдың лирикалық әндерiнiң ортақ нышандары мен ерекшелiктерi, өңiрлiк стилистикалық сипаттары олардың бәрiн бiртұтас кешендi алып салыстырмалы талдағанда ғана айқындалды. Осы уақытқа дейiн жеке-жеке музыкалық-теориялық талданған авторлар туындыларының бастау алар қайнары, бiр дәуiрде қатар өрлеген өнер арналарының бiр-бiрiмен ықпалдастығы жүйелi қарастырылғанда ғана анықталып, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткiздi. Зерттеу нәтижесi көрсеткендей, әндердiң аймақтық ерекшелiгiнiң бiрi – олардың бiр бунақ мотивiнiң, екi бунақ әуендiк фразасының, тiптi бiр мелотармағының бiркелкi ұқсас болып келуiнде. Яғни осындай айтарлықтай маңызға ие белгiлердi ескерусiз қалдырсақ, онда бұл өлкенiң жүздеген әндерiн бiр автордың қолтаңбасы ретiнде танып, бiр автордың ән қоржынына құя бергенiмiздi бiлмей қалармыз.
Дегенмен бұндай «қолдан көбейтудiң» астары да бар секiлдi. Ол ең алдымен Мұхит шығармашылығын өз дәрежесiнде бағалай алмаудан туады. Осыдан оның әндерiн көбейту арқылы «нағыз сал-серi» екендiгiн «дәлелдеу» болса керек. Арқадағы ақындық институт ықпалымен қалыптасқан ән дәстүрi, сал-серiлер шоғырының туындыларына назар аударар болсақ, Бiржанның, Ақанның, Үкiлi Ыбырайдың т.б. әндерi Мұхит сал туындыларынан екi есе көп. Тiптi бiр деректерде Ыбырай Сандыбайұлының тоқсан әнi болғандығы жөнiнде айтылады.

Ал Мұхит әндерiнiң бар-жоғы жиырманың үстiнде. Осыдан «ол да сал-серiлер қатарынан. Ендеше оның да елуге тарта ән мұрасы болуы тиiс» деген қағида туса керек.

Осы жасалған жөнсiз iс-әрекет ұлттық өнердiң iрi құбылысы, «әнге айналып кеткен адам» Ғарифолла Құрманғалиев шығармашылығына, ол жеткiзген Мұхит Мералыұлы мұрасына сенiмсiздiк бiлдiрiп, күмәндану деп ойлаймыз. Егер тарихта Мұхит салдың бiр ғана «Айнамкөзi», бiр ғана «Кiшi Айдайы» немесе «Паңкөйлегi» ғана қалып бiзге жеткен болса, оның қандай биiк өрелi дарабоз өнер тұлғасы екендiгi түсiнiктi болар едi.
Бүгiнгi жаһандану процесi кезеңiнде ғұрыптық, тұрмыстық музыкалық шығармаларды, халық әнiн, авторлық лирикалық туындыларды өз орнымен, шырқын бұзбай сақтап өскелең ұрпаққа табыстаудың маңызы зор. Түбi бiр түркiтiлдес этностардың мәдениетiндегi бастау алар қайнарын зерттеп, тамырындағы ортақтықтарды зерттеудi күшейту заман талабынан туындап отыр. Бiзге осы бағытта iзденiстi күшейтiп, бет бұрған жөн секiлдi. Ал жоғарыда айтылған келеңсiздiктер жалпы қазақ әнiн жете түсiнбейтiн адамдардың iс-әрекетi. Ендеше бойдағы қуат, ойдағы бiлiмiмiздi тереңдi игеруге жұмсайық.


Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институтының аға ғылыми қызметкерi,

«Түркістан» газеті

Пікірлер