«Тұран» тобы: Қазақтың этноаспаптары Еуропалықтарды ессіз ғашық етті

2990
Adyrna.kz Telegram

Бүгінде ықылым замандардан бе­рі халқымызбен жасасқан ұлттық музыкалық аспаптарды әркім өзінше жаңартып жүр. Ал осындай отыздан астам көне аспаптарды сахнаға шы­ғарып, жаңғыртып жүрген «Тұран» этнографиялық-фольклорлық ан­саблінің жөні басқа. Жуырда, ре­дакциямызға аталған топтың домбырашысы Бауыржан Бекмұханбет бас сұқты. Реті келгенде, жас музыкантты әңгімеге тарттық.

– Бауыржан, Ұлыстың ұлы күнін Анадолы топырағында қарсы алыпсыздар… Сапар сәтті болды ма?

– Біз мейрам күндері Түркия мен Германияда болдық. Бұл елдерге бізді аталған екі мемлекеттегі елшіліктер шақырды. Алдымен Түркияның Анкара мен Ыстамбұл қаласында, онан кейін, Германия астанасы Берлинде өнер көрсеттік. Түрік елінде нау­рыздың 19 мен 23-і аралығында, ал 23-25-де Берлиндегі «Бранденбург қақ­пасы» ала­ңында неміс халқы қазақ халқының ұлт аспаптарынан тараған үнге құлақ түрді. Әлбетте, бұған дейін де біз шет мем­лекеттерде өнер көрсеткенбіз. Жо­ғарыда аталған мемлекеттерден өзге «Тұран» табан тіреген елдердің қатарында Венгрия, Израиль, АҚШ, Корея, Франция т.б. ұлттық өнерді бағалайтын мемлекеттер бар.

– Ән жинақтарыңыздың тұсау­ке­серінде өнерлеріңізді тамашаладық. Сіздер түрлі аспаптар үнін керемет үй­лестіре біледі екенсіздер. Топта не­бәрі төрт-ақ адам. Ал ойналатын ас­пап­тың саны қанша?

– Расында да, біздің бір ерекшелігіміз – аспапты қажетіне қарай сахнада отырып-ақ өзгертуімізде. Топ иелігінде отыздан астам аспап бар. Әрбіріміз ке­мінде 5-6 аспапта еркін ойнаймыз. Мысалы, мен негізі домбырашымын. Бірақ, керек болған кезде қолыма қобызды да аламын. Әрине, мен мына ас­папты, сен мына аспапты ойнатасың деген қатып қалған қағида жоқ. Сондықтан, қазір сы­бызғыны игеруге ден қойдым. Ал ұлттық-этно бағытын ұстанғандықтан тобымызда домбыра, қобыз, қылқобыз, нарқобыз, шаң­қобыз, дабыл, жетіген, сыбызғы, жалпы, халқымыз ежелден қолданатын музы­калық, үрмелі, ұр­малы, сырмалы аспап­тардың барлығы дерлік бар. Тіпті, асатаяқ аталатын ас­папты жаңғыртып, алып жүруге, ауыс­тыруға ыңғайлы етіп «Күн таяқ» деген сылдырмақты ойлап та тап­тық. Неге десеңіз, бізге сазды, қоңыр әуенмен бірге, қолға ұстауға, сахнада еркін отыру үшін қолай­лылық та қажет.

– Мұншама аспапты қайдан ал­дыңыздар? Сапалы жасалған қо­быздың өзі бірнеше мың доллар тұ­ратынын білеміз. Әлде, демеушілеріңіз бар ма?

– Иә, рас айтасыз. Сапалы ағаштың негізінде, аспап деп атауға келетін, дүниені арзанға алу мүмкін емес. Себебі, оны ағаштан шауып алуға қанша қажыр-қайрат жұмса­лады. Шығыны да бар. Мына менің қара домбырамның құны 1 мың АҚШ долларына бағаланады. Арнайы шеберге тапсырыс­пен жасатқам. Өз қаражатыма. Ал басқа аспаптарды той томалақтан түскен қаржыға аламыз. Бүгінде – Нарқобыз – 2 мың, 1 мың доллар тұрады. Әрине, мұндай ақша табыла бермейді. Ортақ қазанға құйып, жиған-тергеніміз жете бермейді. Осындай кездерде, топ үшін қажетті аспаптарға қол жетпей біраз қиналып қалатынымызды жоққа шы­ғар­маймыз. Дегенмен, Құр­манғазы атындағы Қазақ ұлттық консер­ваториясы­ның ректоры, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің қам­қоршысы Жәния Әубә­кірова, продю­серіміз Ақтоты Райымқұлова апайларымыз әрдайым қол ұшын созып оты­рады.

– Сахналық киімдеріңіздің жайы ше? Оны қайдан аласыздар?

– Бұған дейін консерваторияның костюмдерін киетінбіз. Кейін келе ежелгі ұлттық киімдер үлгісіне қарап отырып, өзіміз киім тіктіре бастадық. Стиль – қыпшақ дәуіріндегі киім үлгісі. Киім дизайнері Ұлан Мүптекеев. Бұл киімдер Қыпшақ батырларының киген киімдеріне еліктеу негізінде туындады. Ал бұған дейінгі киген киімдеріміздегі түрлі аң терісін әрқайсымыз ауылдарымыздан алып келдік.

– Шет елде көп боласыздар. Мың­даған жылдық тарихы бар қазақтың ұлттық аспаптарына, музыкасына жат жұрттықтар қандай баға береді?

– Өнерде шекара жоқ. Сол секілді,

өнерді бағалайтын адам тыңдап отырған музыканың қандай ұлттың немесе қай мемлекеттің туындысы екендігіне мән бермейді. Ол үшін, ең бастысы, тыңдаған әуені «құлағынан кіріп, бойын алса» болғаны. АҚШ, Еуропа елдерін аралап жүргенде осы қағидаға тағы бір мәрте көз жеткіздім. Англияда жүргенімізде біздің жанымызға ағылшын азаматы келді. Ол біздің аспаптардың құрылы­сына, үніне құлақ түріп, тарихына қызығушылығын білдірді. Біздің домбыра, қобыз, дабыл секілді аспаптарға сүйсінгені соншалық, ол: «Біз ежелден келе жатқан этно аспаптардан айырылып қалдық. Оны сақтай алмадық. Егер ағылшын ұлтының төл аспаптары қазіргі күнге жеткенде, оларды насихаттауға барынша күш салар едік», – деді.

Көрдіңіз бе, жұртта жоқ аспап бізде бар. Ендеше, бізге де қолда барды қадірлеп, музы­калық аспаптарымызды ұлттық брендке айналдыруымыз қажет.

– Насихаттау демекші, сіздер көп ретте шет елдерде концерт бересіздер. «Біздерде мынадай бар, мынадай барын» басқалар көреді. Ал енді даңғаза музыканың жетегінде желігіп жүрген жастар назардан тыс қалып отырған жоқ па?

– Бұл мәселе жайы бізді алаңдататыны шындық. Қолдан келгенше, концерт ұйым­дастырып та жүрміз. Бірақ тобымыз үшін аздық ететінін түсіндік. Сол себепті, осы жылдың ақпан айынан бастап, нау­рыз­дың ортасына дейін Алматы қа­ласында тегін концерттер ұйымдастыр­дық. Өнерімізге қол соғып, қошемет көр­­сеткендер негізінен қаладағы жоғары оқу орындары, балалар, қарттар үйі мен орта білім ошақтары. Әлбетте, біз бұл жерлерге барғанда, тек музыкалық аспапта ойнап қоймаймыз. Мүмкіндігінше, әрбір аспаптың тарихына, аспаптың шығу тегіне қатысты аңыздарға, қайсы аспаптың қандай ағаштан жасалғаны жайында ақпар береміз. Өз кезегінде, бұл жас­тардың ұлтын, тарихын, әдебиетін, жалпы, бітім-болмысын танып-білуіне сеп­теседі. Әрине, насихат жұмысына қатысты істер мұнымен шектелмейді. Алдағы уа­қыт­та да осындай шараларды жүзеге асыратын боламыз.


Әңгімелескен

Өркен ЖОЯМЕРГЕНҰЛЫ,

«Дала мен қала».

Пікірлер