Жамбыл облысы бойынша Қазақстан студенттер Альянсы республикалық студенттер қозғалысы облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының әлеуметтік тапсырысы аясында өңірдегі аурухана, емхана, әлеуметтік қызмет көрсету мекеме қызметкерлерінің қатысуымен паллиативті көмекті көрсету бойынша біліктілігін арттыру семинар-тренингі ұйымдастырды. Екі күнге созылған семинар-тренинг нәтижесінде жастар қозғалысының белсенді мүшесі саналатын 30 студент паллиативті көмек көрсету құзіретіне ие болды. Сәйкесінше бұл еріктілер тобын Жамбыл медициналық жоғары колледжі, «Тараз-Болашақ» медициналық колледжі сынды оқу орындарында оқитын, кәсіптік бағдары бар жастардан құрауға баса мән берілген.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен жарияланған Еріктілер жылында бұл жастар көмектің аталған түрін жолға қою бағытында жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр.
«Еріктілер жылы қарсаңында паллиативті көмек шараларын да жолға қоюды жоспарлап отырмыз. Паллиативті көмек аса ауыр жағдайда төсекке танылған науқастарды күтіп-баптауды көздейді. Біздің елімізде паллиативті көмекті еріктілікпен ұштастыру жұмыстары енді-енді жолға қойылған. Сәйкесінше бізде өз тарапымыздан бұл жұмыстарды ұйымдастыруда «Қамқор» паллиативті көмек көрсету орталығымен меморандум жасадық Еріктілер осы орталықта қызмет ететін білікті мамандардан дәріс алады. Содан соң жедел топқа қосылып, ке мұқтажа адамдарға көмек көрсетеді. Осы бағытта 30 ерікті жұмыс жасамақ. Біздің облыс үшін мұның өзі үлкен жетістік саналады», – дейді облыс бойынша Қазақстан студенттерінің Альянсы жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қаныбек Мұратбаев.
Шындығында өңірдегі студенттердің хал-ахуалын басты назарда ұстайтын жастар қозғалысының осынау батыл бастамаға қадам жасауы қуантады. Негізінен паллиативтік көмекті ұйымдастырушы еріктілер дерті асқынып, төсекке танылған емделушілердің соматикалық, психикалық және рухани жағдайын жасаумен айналысады. Мәселен Қазақстанда онкологиялық ауру салдарынан болатын өлім көрсеткіші тым жоғары. Біздің өңірде де обыр ауруынан 1000- ға жуық адам қайтыс болады. Яғни бұл дертке шалдыққан жандар республикадағы хоспистік және паллиативтік көмек қажет етілетін негізгі аудиторияны құраушылар болып табылады.
«АДЫРНА»
ұлттық порталы