- Айгүл, сіз Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығының әншісісіз. Осы ұжымда жұмыс істегеніңізді іштей болса да мақтан ететін боларсыз…
- Астанаға алғаш келгенде еңбек жолымды Евразия ұлттық университетіндегі Музыка кафедрасының «Дәстүрлі музыкалық өнер» бөлімінде оқытушылық қызметтен бастағанмын. Сол кездегі оқу ордасының ректоры Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың бастамасымен, қолдауымен ұлттық классикалық өнерді насихаттап, дамыту мақсатында «Дәстүрлі музыкалық өнер» бөлімі ашылып, тәп-тәуір жұмыс жүріп жатқан болатын. Кейін басшылық ауысқанда төл мұрамызды дамыту мен дәріптеу біреулердің тақиясына тар келді ме, «Астанаға Музыка академиясы да жетеді» деп, жалпы білім беретін мектептегі музыка пәнінің оқытушыларын дайындайтын 40 жылдық тарихы бар Музыка кафедрасын жауып тастады. Сонымен, әрқайсымыз жан-жаққа кеттік.
Қазір өзіңіз айтып отырғандай, Президенттік мәдениет орталығының «Ұлттық дәстүрлер» театрында жұмыс жасаймын. Мырзатай ағамыз ұлттық өнердің шын жанашыры ғой, бүгінгі таңда Президенттік мәдениет орталығы руханият ордасына айналып отыр десем қателеспеймін. Қазақ деген халықтың рухани өнері мен мәдениетіне, тарихы мен дәстүріне шөліркеп жүргендерді осы орталыққа шақырамыз. Келгендер рухани сусынын қандырып, ән-жырымыздан рухтанып кетіп жатса, онда еңбегімізді мақтан етуге әбден болады.
- Барлық мадақ-мақтаулар Аллаға тән. Дегенмен мақтанғанды демей-ақ қояйын, жалпы мақтауды сүйесіз бе?
- Қалтай Мұхамеджанов «Мақтағаннан өлген адамның моласын көрген жоқпын» деп айтқан екен. Біз жанымызды салып дәріптеп жүрген, атадан-балаға мирас болып келе жатқан дәстүрлі өнердің киесі бүгінгі ұрпақтың рухын оятып, сабақтастық тауып жатса, ұмыт қалмай жанданып, өсіп-өркендесе онда кім мақтаса да еш айыбы жоқ. Лайықты дүниені бағалап, қолпаштаса ғана адамның жан дүниесі рахаттанады, өнер жалғасады деп ойлаймын.
- Президенттің гранты бойынша Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның аспирантурасын бітіріп, 50 жыр-термені нотаға түсіріп, жинақтағаныңыз, әрине, мақтан тұтарлық, ауыз толтырып айтатындай үлгі етерлік жұмыс деп есептейміз…
- Бойыма азды-көпті өнер дарытқаны үшін, Аллаға мың қайтара шүкіршілік етемін. Осы өнерім арқылы Елбасының ықыласына бөленіп, оқуыма қолдау жасалған соң, жыр-термелерді жинақтауға шабыттанып кірісіп кеттім.
Ақиқатында, алаштың арыстары Сәкен Сейфуллин мен Ахмет Байтұрсынов қазақтың 1000 әнін Затаевичке ат басындай алтын беріп, нотаға түсірткен екен. Мен ұлтымның өнерін шексіз сүйгендіктен, көзімнің қарашығындай қастерлегендіктен, келешек ұрпаққа аманаттап насихаттау мақсатында шын ризалығыммен осы істі қолға алған едім. Нәтижесінде жыр-термелерді нотаға түсіру арқылы, өнертану ғылымдарының докторы Болат Қарақұловтың жетекшілігімен қазақтың жыраулық дәстүріне теориялық сараптамалар жасалынды.
Бұрын кеңестік дәуірде, музыка теориясын білетін мамандар домбыра аспабын тарта алмағандықтан, аспапты-вокалды жанрлардың қосындысынан тұратын жыраулық дәстүрдің интонациялық қыр-сырларын игере алмай, жырларды нотаға түсіре алмапты. Екіншіден, сол уақыттағы тоталитарлық жүйе «Бұлар мұсылман дінін насихаттайды» деген желеумен домбыра тартып, жыр жырлағандарды аса жақтыра қоймаған. Тіпті халық жауы деп, итжеккенге айдатып та жіберген. Сондықтан бұл кітапты музыкалық өнер мектебінде оқитын оқушылар мен жоғары оқу орындарындағы оқытушылар мен студенттерге арналған методикалық оқу құралы ғана емес, қазақ мәдениетіне қосылған үлкен үлес деп қабылдауға болатын шығар.
Құдай қаласа, «Қазақтың жыр мақамдары» атты монографиялық кітабымды Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойына тарту етпекпін.
- Сіз дәстүрлі әншісіз. Сүгірдің термесін орындағанда алдыңызға жан салмайсыз. Эстрадалық концерттерден де көріп қаламыз. Жыраулық өнеріңіз тағы бар. Бір адамның құшағына осынша өнер қалай сыйып жүр?
- Шекті Қарақұл батыр:
Қорықпай шаншысаң — батыр боласың,
Тура айтсаң- би боласың.
Тауып айтсаң — шешен боласың,
Аямай берсең- мырза боласың.
Оның адамның бір басына сыймайтындай несі бар?!» демекші, Алла тағала адамға дауыспен қоса сезіне алатын жүрек, табиғи мүмкіндік берсе, оның несі қиын?!
Алланың бойыма шақтап берген өнері арнасына сыймай бара жатса, концерт қойып, халықтың ықыласына бөленгенде бір жеңілдеймін. Ондай мүмкіндіктер жасалынып жатса, кәнекей.
Жыраулығым жайында айтар болсам, Алмас Алматов бір термесінде:
- Қаз орнына қарғадай,
Біздер жеттік бүгінге,
Сулы жерде сүйрік бар,
Бәйгелі жерде жүйрік бар,
Жырауың жоқ деп түңілме! — дейді. Жыраулық көнеден келе жатқан тегімізде бар өнер ғой. Өзім де аздап игі жақсыларға жыр арнап жүрген жайым бар.
Алғаш Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыздың тойында:
- Түсірдің келін Әб-аға,
Сексенге келген жасыңда.
Көңілің жасып жүр еді,
Бақыт құс қонды басыңа.
Мұны да Алла көрсетті,
Бұдан да былай жасыма.
Келіннің жолы құтты боп,
Жасың жетсін ғасырға.
Сол кезде де жан апам,
Жарқырап жүрсін қасыңда…
деп мерейін тасытқан едім. Алла аузымызға сөз салса, алдағы уақытта да көре жатармыз.
- Кейде маған дәстүрлі әншілерді ұстаздық қызмет асырайтын сияқты көрінеді… Сіз қалай ойлайсыз?
- Студент кезімде консерватория ректоры Жәния Әубәкірова ханыммен бір лауазымды қызметтегі адамның мерейтойына барып, терме айтқаным бар. Сол кеште көрнекті қаламгер, білікті этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбековпен танысудың сәті түсті. Тағы да басқа қазақтың маңдайына басқан, әр саланың мен деген марқасқалары мен ғалым докторларын көріп, таңданып тұрсам керек, Ақселеу аға әңгімеге тартып «Айналайын, Айгүл, талантты Құдай береді, сен соны ұштай біл. Көп жазып, көп еңбектенген адам ғылым докторы мен профессор бола алады. Құдайдың бойыңа бергенін бағалай біл» деп мені ойландырып тастаған еді.
Абай атамыздың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп айтқаны тағы бар. Сондықтан Астанадағы Өнер академиясындағы кафедра меңгерушісі Қайрат Байбосынов ағамыз оң көзімен қарап жатса, дәріс беруге әрқашан да дайынмын.
- Осыдан бес-алты жыл бұрын белгілі жырау, фольклортанушы Берік Жүсіп бір сұхбатында «Жыраулық өнер жоғалып барады» деген еді. Қазір бұған негіз жоқ сияқты. Қалай ойлайсыз?
- Әр ұлттың жаны, рухы ұлттық музыкасынан орын алған. Қазақ ұлтының жаны-рухы ол ән мен күйі, жырында жатыр. Осы өнердің қазіргі таңда насихатталуының өз биігіне шыға алмай жүргендігі, тәуелсіздік алған қазақ ұлтының классикалық өнерінің дамуына кедергі жасаушылар, орыстілді кеңестік заманның құлдық психологиясынан шыға алмай жүргендердің кесірі деп білемін. Айтыс өнері сияқты жыраулық дәстүр де тыңдаушының айызын қандырып, өмірдің сұрақтарына шариғат талаптарымен жауап беретін халықты тәрбиелеуші құрал.
Бірде марқұм Ақселеу ағамыз экспедициялық сапармен үстіртке барғанын әңгімелеп беріп еді. Сонда Наурызбек жырауды естіп отырған бір тыңдаушының сөзi сүйегінен өткені сондай, жырдың легіне шыдай алмай ішін басып, айқайлап жылаған көрінеді. Меніңше, жыраулық өнердің құнын сөздің қадірін білетіндер ғана бағалай алады.
Бұл — қазақтың нағыз классикалық өнері. Кейде шетелдік сапарларда домбырамен ән салғаныңда жат жерде жиналғандар тік тұрып қошемет көрсетіп, қайта-қайта сахнаға шақырғанда ұлттық өнердің өз еліңде халыққа қадірі болса да, қолдаушысы жоқ екендігіне қарның ашады. Мәселен, опера-балет қазаққа кірме өнер екені белгілі. Солай бола тұра, сол опера мен балеттің ірі қалаларымыз бен облыс орталықтарында бірнеше жеке театры бар. Ал қазақтың кешегі Күләш, Ғарифолла, Құрманбектер айтқан ұлттық дәстүрлі музыкалық театрын Қазақстанның қай бұрышына барсаңыз да таба алмайсыз. Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрынан қазақы қоңыр үнді есту мүмкін емес. Ал мына тұрған көрші Қытай мемлекетінде Ұлттық өнер консерваториясы мен Еуропалық өнерді дәріптейтін консерваториясы бар. Ендеше әлем танитын Қазақстан мемлекетінде тұрып, Қазақтың ұлттық дәстүрлі өнер консерваториясын неге ашпасқа? Мен қазір осы оймен арпалысып жүрмін. Ғайыптан тайып, ойымдағы орындалып жатса, осы консерваторияны ашып, дамыту жолдарында бойымдағы білімім мен қайратымды, күш-жігерімді аямас едім. Әзірше, барлығы арман болып тұр.
- Әр сөзіңізден қайсарлық байқалатындай… Жолыңыз жіңішке болғанымен, дауысыңыз да жуан тәрізді… Әлде қателесеміз бе?
- Адамның дауысы сөйлегенде алдамшы болуы мүмкін. Жалпы, дәстүрлі әншінің дауыс ырғағы, екпіні адамның болмысын байқатады. Дәстүрлі өнерде аты қалыптасқан адамдар өз қажыр-қайратымен кім екенін дәлелдегендер. Кез келген өнерге қайсарлық, табандылық керек. Маңдайыңнан шүмектеп тер ағызып, өзің ізденіп, өзің еңбектенбесең, айыңның өздігінен оңынан туа қалуы неғайбыл.
- Отбасыңыз туралы білсек…
- Өмірлік серігім Нұрбек Республикалық Ұлан құрылымында қызмет істейді. Жұбайым отбасымның қорғаны, қандай сәтте де басымды сүйер азаматым, өнерімнің қолдаушысы, сахнада орындаушылық өнерімнің бағасын дөп басып айтар сыншым.
Көңілім жабырқаған сәтте жанымды жадыратар қос жанарым, Тәуелсіз Қазақстанның болашағы Ақсұңқар атты қызым, Ерасыл атты ұлым бар. Сахнада — өнер адамы, отбасында үйдің береке-бірлігін келтіріп отырған, табаға бауырсағын пісіріп, қазанға етін асып, отқа шайын қайнатып, қонағын күткен қазақтың бір әйелімін.
Әңгімелескен Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ,
«Айқын».