Қазақтың тас жүректен жас тамызған,
қара көзден қан ағызған қара сөзінің
қара қылды қақ тілетін қасиеті – қадірін білгеннің,
қиыстыра қолданғанның қуаты. Қазақтың тілін білмеген
қасиетін танымайды. Қасиет болмаса – қасірет сол.
Таным – адам білімінің дамуы нәтижесінде өзгеріп отыратын күрделі философиялық ұғым. Ал, сөз – танымның көрінісі. Демек, сөз тану – адам ой-өресінің деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін ететін асыл қасиет. Тіпті, кең көлемде, қазіргі лингвистикадағы функционалдық бағытта қарастыратын болсақ, сөз тану – адамтануға бастар жол. Мұны адамзаттың Абайы бір-ақ ауыз сөзбен қорытқан: ««Сөзіне қарай кісіні ал, кісіге қарап сөз алма».
Түркі халықтары, оның ішінде қазақ халқы ауыздан шыққан әрбір сөзге ерекше мән береді. Оның мәнісі айтылған сөзді адамның таным көкжиегімен, өре деңгейімен салыстыратындығында жатыр. Әрі түркі халықтары сөзді ерекше магиялық әсерге ие күш ретінде де таниды. Бұл тұрғыда сөз деген – энергетикалық сипатқа ие деректі ұғым. Осылайша түркі халықтары танымында сөз культі қалыптасқан. Бұл туралы академик Ә.Қайдар былай деп жазады: «В системе воззрений и представлений тюрских народов особое место занимает культ слова, который своими корнями уходит в глубокую древность. Культовые воззрения древних тюрков, в том числе и почитание слова, тесно переплетались, что нашло свое отражение в традициях и обрядах отдельных народов» [1,41 с.]
«Қазақ – асыл сөзді ардақтап, бағалай білген, кестесі келіскен әдемі сөзді қастерлеп, өнер тұтқан халық» (ел аузынан) [2,17 б.]. Сол себепті де қазақ халқының қоғамдық өмірінде аса маңызды орын алатын тұлғалар – шешендер.
Шешендер, ең алдымен, шешендік өнердің иелері. Ал, шешендік өнер тек қана қалыптасқан жағдаятқа сай қисынды сөздің келісім тапқаны ғана емес, ол – сөзді тану, сөздің құндылығын бағамдау, сөзді өз пайдасына шешу. Неліктен айтылған сөздің бәрі ділмәр сөзге, нақыл сөзге не үлгілі сөзге айналып, халық санасында мәңгілік жатталып қалмайды? Себебі, мәселе – сөздің құндылығында. Ал, сөз құндылығын салмақтау сөз танумен ұштасып жатады.
«Өнер алды – қызыл тіл» деп білген қазақ халқы үшін шешендер, ең әуелі, сөз тани білетін тұлғалар. Олар белгілі бір жағдайларда сөздің ішкі мазмұны мен сыртқы тұрпатын тап басып тану қызметін атқарса, ел үшін аса маңызды әлеуметтік-тарихи, саяси-экономикалық үдерістерде прагматикалық фактор қызметін қоса атқарды. Мәселен, Қаз дауысты Қазыбек бидің қалмақ қоңтайшысына айтқан сөздері: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз» [3,128 б.] - деп басталады да, түгел сөздің түбі батыл шешіммен, тараптардың өзара мәмілегерлік келісімімен аяқталады. Байқасақ, би-шешендердің негізгі мақсаты – сөзге тоқтау әрі сөзге тоқтата білу. Мұндайда халқымыздың «Ердің жақсысы – өзгенің сөзіне тоқтай білген, өзгені сөзіне тоқтата білген» деген нақыл сөзі еске түседі. Осылайша би-шешендер ел ішіндегі, ел арасындағы мәселелерді бейбіт жолмен шешуге тырысып, дипломатиялық миссияларын абыроймен атқарды.
Осы тұста айта кетерлік бір мәселе бар, ол – би-шешендердің өзіндік феномені туралы. Би-шешендердің қазақ қоғамындағы ерекше беделі, ең алдымен, олардың жан-жақты білімді болуында, яғни, әлеумет өмірінің түрлі салаларынан хабардар болуында; мәселерді шешудегі аналитикалық ойлау жүйесінің қырағылығы мен логикалық ұтқырлығында. Бұл туралы орыс ғалымы Д.Самоквасов: «Звание бия в сознании народном принадлежит тем немногим, которые с природным даром красноречия соединяют в себе глубокие познания в коренных обычаях народа и в исторических о них преданиях» [4,46] – деп жазады. Қазақ би-шешендері – жүйрік ой мен жүйелі сөздің иелері. Ал, оны кез-келген жағдаятқа сай қиыстырып пайдалана білу батылдық пен сұңғылалықты талап етті. Өз бойына қаншама қабілет пен қасиетті топтастырға білген би-шешендердің болмысын профессор М.Нәрікбаев өте шебер суреттейді: «Би деген ел бастаған – көсем, сөз бастаған – шешен, көркем сөздің хас шебері – ақын, кез-келген дау-жанжалдың әділ шешімін таба білетін – заңгер, екі елдің арасын не жауластыратын, не елдестіретін – елші, қаһарлы хан алдында да, ежелгі жау алдында да қаймықпай қарсы сөйлейтін жүрекжұтқан – батыр, елдің ішкі және сыртқы саясатын жүргізетін – саясаткер, қоғам қайраткері, халықтың әдет-ғұрпы мен салт-санасын терең меңгерген – ғалым, өткенді еске алып, болашақты болжайтын – ойшыл, адамның жан-дүниесі мен мінез-құлқын бір көргеннен тап басып танитын – психолог, керек жерінде қимыл-әрекеті мен дауыс ырғағын ойната білетін тамаша – актер». Би-шешендер болмысының сан қырлы сипаты туралы Б.Адамбаевтың «Қазақтың шешендік өнері» атты еңбегінде кең көлемде мағлұмат беріледі [5].
Би-шешендердің тағылымы мол сөз өрнектері қазақ тарихында ғасырлар даналығының жарқын үлгісі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып қалды.
Түркі және қазақ философиясы үшін би-шешендер – дала даналығын бойына жиған текті тұлғалар. Қазақ қоғамында да олардың ерекше сый-құрметке ие болып, «текті» атануында бірнеше себептер бар.
Біріншіден, ұлттық ұғымда би-шешендер болмысы тұлғаның өнегелі образы бола білді. Назар аударайық:
Қас жігіт қор болмас,
Қор болса да зор болмас.
Сыйласқанмен сыйлас,
Барың болса аяма!
Қинасқанмен қинас,
Әлің жетсе аянба! [6,395] (Жарылқамыс би) немесе
Ақылы жоқты аға тұтпа,
Қасиеті жоқты қадір тұтпа,
Ақылы жоқты аға тұтсаң,
Кішілігіңді кемшіліктей көрер,
Қасиеті жоқты қадір тұтсаң,
Кісілігіңді ерсіліктей көрер [6,292] (Бөлтірік шешен).
Байқасақ, адам бойындағы кісілік қасиеттер – би-шешендер мұрасындағы басты тақырыптарының бірі. Сондықтан да қазақ мемлекеттілігінің бастауында ғұмыр кешкен Майқы бидің, үш жүздің басын қосқан Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің, ердің құнын екі ауыз сөзбен бітістірген Орманбет, Жиренше, Досай, Саққұлақ, Жетес сынды би-шешендер бейнесі тарих сындарынан сүрінбей өтіп, өскелең ұрпақ үшін тәлім-тәрбиелік қызмет атқарды.
Екіншіден, шешендер – көптің игілігі үшін күресе білген күрескер азаматтар. Бұл – тектіліктің ажырамас атрибуты. Өз қарақан басынан басқа өзге ештеңені ойлай алмау қазақ танымында негативті түрде қабылданды. Ел басына күн туған сын сәттерде «Өзегі талса ел біткен, өзен бойын жағалар» (Төле би), «Бірлігі жоқ туыстан берік сөйлескен жат артық» (Қара би), «Тірлік басқа болса да – тілек бір, бармақ басқа болса да – білек бір» (Бәйдібек би) деп елдік мүдденің жоқшысы бола білген ел азаматтары ел жадында мәңгілік өмір сүрді.
Үшіншіден, «тектілік» табиғатына арналған ғылыми зерттеу еңбегінде аталған ұғымның концептуалдық өрісін 16 когнитивтік парадигма (тек қана мақал-мәтелдердің негізінде) құрайды [7,83-93]. Сол когнитивтік парадигманың бірі – «тектілік – сөз тану».
Қазақ лексикасында ұлттық болмысты тану мен танытуда белсенді қолданылатын тіркестер бар. Бұл тіркестер ұлтымызды сөз тани білетін, сөз салмағын таразылай білетін, «жақсы сөзді жарым ырыс» деп ұғатын халық ретінде сипаттайды. Қазақы болмыс «аталы сөзге тоқтайтындығымен», «ердің құнын екі ауыз сөз арқылы шеше алатындығымен» ерекшеленеді. Бұған қатысты профессор Д.Кішібеков былай дейді: «Қазақ кімнің кім екенін бір ауыз айтқан сөзінен, былайша айтқанда «сөз саптауынан» байқаған. Орыста «по одежде встречают, по уму провожают» деген нақыл сөз бар. Кісінің ақылын бірден байқау қиын. Ол тереңде жатады. Бірақ оны байқау үшін көп сөйлеудің керегі жоқ. Оны қазақ бір ауыз сөзден байқаған» [8,276].
Адамның қадірін арттыратын да – сөз, қадірін қашыратын да – сөз деп санаған қазақ қоғамында өзінің биік адамдық өресіне өлшеп сөйлейтін тектілер әрқашан әлеуметтің құрметіне ие болды. Ал, керісінше, сөздің байыбына бара алмайтын, өз сөзінде тұра алмайтын, сөз салмағын сана сүзгісінен өткізіп түсіне алмайтын жамандарды халық «тексіз», «надан» деп атады. Міне, осы себептен де қазақ ұлтының парасат әлемін танытатын «Сөйлей білмес жамандар, сөзді өзіне келтірер, Көше білмес жамандар, көшсе көлік өлтірер», «Жақсы тауып айтады, жаман қауып айтады», «Жақсының сөзі кепіл, жаманның өзі кепіл» деген ғибраты мол сөздер қалды. Сөз өнерін дертпен теңеген ұлы Абай: «Сатып алма сөз сатса, ол асылды аңдамас» - деп, «сөзін сатқан», «жанын сатқан» адамдарды тексіз санатына қосты.
Сөз мағынасын танып сөйлеу, кісі көңілін жықпайтындай байқап сөйлеу, қара қылды қақ жарып, әділеттен таймай сөйлеу тектіліктің көрінісі ретінде бағаланды. Мұндай асыл қасиеттер тектілердің мерейін үстем етті, олардың тұлғасын заман биігіне шығарды.
Халқымыздың би-шешендерді неліктен текті тұлғалардың санатына қосқаны осыдан-ақ белгілі.
Қорыта айтқанда, тектілік – адам бойындағы асыл қасиеттердің парасаттылықпен үйлесім табуы. Ал, сөз тану – тектіліктің негізгі белгілерінің бірі.
Шешендік сөздер дана да ділмәр бабаларымыздың әлеуметтік-тарихи өмір тәжірибесін жинақтаушы мәдени игілік ретінде әрі қазақтардың дүниені танудағы бағалауыштық қызметінің қорытпасы ретінде өзіндік рухани мұратын атқарып келеді, атқара да береді.
Бекет ӨТЕГЕН,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Филология және әлем тілдері
факультетінің студенті.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. – Алматы: Ана тілі, 1998. – 304 б.
- Қайдар Ә. Қазақ қандай халық? – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. - 652 б.
- Смағұлова Г.Н., Күркебаев К.Қ., Жұмағұлова Ә.М. Шешендік сөздердің дискурсы: оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2012. – 169 б.
- Самоквасов Д.Я. Сборник обычного права Сибирских инородцев. – Варшава, 1976.
- Адамбаев Б.Ә. Қазақтың шешендік өнері. – Алматы: Ғылым, 1984. – 136 б.
- Ұлы Дала өсиеті / Құрастырған: Қ.Медет. – Алматы: Қазығұрт, 2015. – 704 б.
- Өтеген Б.Ү. Тектілік: лингвофилософиялық парадигма: ғылыми зерттеу. – Алматы: Қазақ университеті, 2019. – 142 б.
- Әлемдік философиялық мұра. Жиырма томдық. 20-том. Қазіргі түркі философиясы. – Алматы: Жазушы, 2009. – 512 бет.