Ұрпақ тәрбиесімен айналысатын «Отбасы және тәрбие» құзырлы органын құру қажет - Тұрар Сәттарқызы

3303
Adyrna.kz Telegram

"Елімізде отбасы құндылықтарын сақтап, нығайту үшін ұрпақтың рухани-өнегелік тәрбиесімен айналысатын ұлттық жоба қажет. «Отбасы және тәрбие» құзырлы органын құрып, «Неке және отбасы» заңын реформалап, бала тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігін арттыру керек". Бұл пікірді белгілі қоғам қайраткері, этнолог-тарихшы, "Қара шаңырақ" республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тұрар Сәттарқызы Adyrna.kz порталына берген сұхбатында айтты. 

- Қазақ қоғамында отбасылық құндылықтардың басты өлшемі - «ұят болады», «жаман болады», «обал болады» деген адамгершілік кодекс болған. Осы ұстанымнан ауытқымай, арлы, намысты, рухы биік ұрпақ тәрбиелеген. Аталы сөзге тоқтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен. «Жеті атасын білген ұл – жеті жұрттың қамын жер...» - деп, жеті атаға дейін қыз алыспай, тектілікті, тазалықты сақтай білген. «Ұяда не көрсең ұшқанда, соны ілерсің» деп өнегенің барлығы отбасынан басталатынын ұрпағының бойына ерте жастан сіңірген. «Баланы жастан» деп адалдыққа, шыншылдыққа, ізгілікке тәрбиелеген. «Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең, ұлыңды тәрбиеле» деп, қызының  ұрпағының өнегелі, өрелі тәрбиесіне мән берген. Өкініштісі, бүгінгі жаһандану заманында отбасы институтының рөлі төмендеп кетті. Отбасы құндылықтарын нығайтып, сақтап қалу - ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Себебі, еліміз ажырасу көрсеткіші бойынша алдыңғы орында келе жатыр десем, артық айтпаған болар едім. Қоғамда болып жатқан рухани дағдарыстың, адам айтуға ауыз бармайтын түрлі азғындықтың ауыр салдары өскелең ұрпақтың адамгершілік-өнегелік тәрбиесіне жіті назар аударуды қажет етіп отыр. Қыруар қаржы жұмсалатын "күресу" мекемелері көптеп ашылғанмен, одан қорқынышты статистика төмендеп, келеңсіздіктер тоқтап жатқан жоқ. Яғни, нәтижесіз күресті қойып, отбасы мәртебісін көтеріп, отбасы құндылықтарын нығайтатын нақты шаралармен айналысатын ұлттық тәрбие беру орталықтарын ашатын кез жетті, - дейді Тұрар Сәттарқызы.

Этнологтың айтуынша, отбасы құндылықтарының бұзылуының бірден-бір себебі - ұлттық идеологияның жоқтығы.

- Бала ешкімнен «мені дүниеге әкеліңдер» деп сұраған жоқ. Әйел мен еркек қосылғаннан кейін, ұл-қызының өміріне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Тіпті бүгінде үкіметтен атаулы әлеуметтік көмек аламын деп ажырасатындар көбейген. Баласына алимент төлеуден қашып, жалақысын жасыратын «көкек» әкелер де бар. Халқымыз баяғыда бір жаманшылықты байқаса, «ырымға жаман» деп жатушы еді. Бұл жағдайлардың барлығы ұлттық тамырымыздан ажырап, бауыр еті баланы бас пайда үшін пайдалануға дейін жеткен, ең сорақы жағдай. Сондықтан «Неке және отбасы» заңын реформалап, бала тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігін арттыру керек. «Таяқтың екі ұшы болады» демекші, отбасындағы кикілжің екі тарапқа да байланысты. Ең өкініштісі, бүгінгі жаһандану заманында ұлттық болмысымызды сақтау оңайға соқпай тұр. Мұндай мәселенің алдын алудың тиімді жолының бірі – ұлттың рухани құндылығынын жаңғырту және өскелең ұрпақ бойына дарыту. Сондықтан, ұлт болып қалудың жолы - ұлттық идеологияны қолға алу. Мемлекетімізге ұлтты біріктіретін, ұрпақтың жарқын болашағына қызмет ететін ұлттық идеология керек! Осы тұрғыда ұрпақтың рухани-өнегелік тәрбиесімен айналысатын ұлттық жоба керек. «Отбасы және тәрбие» құзырлы органын құру керек деп ойлаймын, - деп пікір білдірді Тұрар Сәттарқызы.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер