Ұлбосын Әкім: Дәстүрлі әннің мәнін түсініп орындаған жөн

2289
Adyrna.kz Telegram

- Әдетті «Өнер — басқа қонған бақ» деп жатады емес пе?! Бұл ретте сіз дәстүрлі ән саласына қалай келдіңіз? Дәстүрлі ән өнеріне деген құмарлық қай кезде оянды? Әңгімені өнерге деген алғашқы қадамыңыздан бастасақ…

- Жалпы, әке-шешем өнерді жақсы көретін, өнерге жаны жақын жандар болатын. Кішкентай кезімнен ән салатыным есімде. Радиодан тыңдаған әндерді жаттап алып, соны ұмытып қалмас үшін қайта-қайта орындап, әлекке түсетін кездерім бұл күндері, міне, естелікке айналды. Неге екенін қайдам, ес білгеннен дәстүрлі әндерді айтуға әуес болыппын. Әсіресе, үйдің бітпейтін тірлігінен қашып, кейде есіктің алдында өскен жүгерінің арасына жасырынып алып, радиодан естіген әндерімді бейнебір сахнада тұрғандай орындайтынмын. Балалық қой, «жүгерінің арасына тығылсам, қайда екенімді ешкім білмейді» деп ойлайтын болуым керек, әйтпесе дауысымды үйдегілер естиді емес пе?! Қолымнан төрт бұрышты Абай домбырасы түспейтін еді. Кейіннен ата-анам маған мандолин, сырнай алып берді. Бірнеше музыкалық аспаптарда ойнап үйрену арқылы әндерімді де дамыта түстім. Қазіргі кезде Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында дәстүрлі әннен дәріс беремін.

- Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында шәкірт тәрбиелеп жүрген талғампаз мамандардың бірісіз. Дәстүрлі әннің дәріптеушісі ретінде шәкіртіңіздің тал бойына бірінші кезекте нені сіңіруге тырысасыз?
- «Бұлақ көрсең көзін аш» деген ғой. Дарынды да талантты жастардың талабын ұшқырлай түсуде өз білгенімді үйретуден жалыққан емеспін. Дәстүрлі әннің көлеңкеде қалып қоймай, дәуірден дәуірге жетуіне жетекші рөл атқаратын ең бірінші кезекте, әрине, әншілер. Сондықтан да әрбір әнші халық әнінің терең философиялық мазмұнын түсініп орындағанда ғана тыңдарманына табиғи қалпында жеткізе алмақ.
Өнер академиясында дәріс бергеніме 10 жылдан аса уақыт болыпты. Бұған дейін Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай қазақ музыкалық драма театрында әнші-актриса болып жұмыс жасадым. Сол жерде актерлік шеберлігім мен әншілік өнерімді қатар алып жүре отырып, 1996 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі атағын алдым.
- Шәкірттеріңіз көп пе?
- Тәрбиелеп жүрген 30-ға жуық шәкіртімнің қай-қайсысымен болса да мақтана аламын. Шәкірттерімнің бәрі талантты, бәрі дарынды. Мереке кездерінде Республика алаңында өнер көрсетуге алып шығамын. Шәкірттерімнің орындауындағы бірнеше әнді Қазақ радиосына да жаздырдым.
Жалпы, біздің Өнер академиясы талапкерлерді 48 мамандық бойынша дайындайды. Осындағы басқа факультетте оқитын студенттердің біразы арнайы келіп, дәстүрлі әндерден қосымша сабақ алады. Менің мамандығымның қиындығы сол, музыкадан еш хабары жоқ студенттерге уақыт бөліп, барлығын басынан бастап үйретемін. Ол студенттердің мамандығы басқа болғандықтан, олармен жұмыс істеу де оңай емес. Бұрын домбыраны қолына алып көрмеген студенттерге «Мынау домбыра. Ішегі, тиегі, құлағы болады» деп бейнебір бірінші сыныптың баласына әліппедегі әріптерді үйретіп отырғандай мұқият таныстырамын. Кітапханаға барып, қалаған әннің мәтінін жаттап келуді тапсырамын. Содан әуенін домбырамен сүйемелдеуді үйретемін.
Мені қуантатыны — соңғы жылдары жастардың арасында басқа мамандықты таңдаған студенттердің дәстүрлі әнді үйренуге талпынып, қызығушылығы артқаны. Мұның өзі ел ішін былай қойғанда, әсіресе жас буын арасында төл өнерімізге деген ынта-ықылас артып, оны зерттеп, зерделеуге, яки өзін-өзі тануға деген ұмтылыстың белең алғанын байқатса керек.
- Қазіргі кезде дәстүрлі әндерден гөрі, эстрадалық әндер көп шырқалып жүр. Бұл әншілердің таңдауынан ба, әлде тыңдарман қауымның қалауынан ба, қалай ойлайсыз? 
- Қазіргі жастардың көбі батысқа еліктейтіні мәлім. Десек те, орта және аға буын өкілдері дәстүрлі әндерді аса бір сүйіспеншілікпен тыңдайтыны рас. Менің ойымша, осы күні екеуінің үлесі теңескен сияқты. Біраз жыл бұрын дәстүрлі әнге көңіл бөлінбей қалған секілді еді. Бүгінгі таңда эстрадалық әнмен қатар, дәстүрлі әннің де алар орны айқындалған секілді. Кейде екеуінің бір арнаға тоғысып жатқанын да көруге болады. Осыдан 20 жылдай бұрын алғаш рет Роза Рымбаева концертінде эстрадалық әнді домбырамен сүйемелдеп шыққан еді. Содан бері бұл әдемі үрдіс үзілмей, жарасымды жалғасын тапқан жайы бар. Оған Нұр-Мұқасан, Мейрамбек Бесбаев және басқа да әншілердің эстрадалық әндерді домбырамен сүйемелдеп айтып жүргені дәлел.
Сол арқылы халықтың дәстүрлі әнге деген сұранысы артып, жас тыңдармандардың қатары көбейе түскені анық.
- Дәстүрлі әндер Арқа, Жетісу, Оңтүстік, Батыс мектептері болып бөлінетіні белгілі. Солардың өзара айырмашылықтары мен ерекшеліктеріне тоқтала кетсеңіз.
- Арқа мектебінің әндері жоғары дауысты қажет етеді, асқақтата айтылады. Қарапайым тілмен айтқанда, созыңқы келеді. Батыс мектебінің әндерін шабытпен, үсті-үстіне бастырта отырып айтады. Ал Оңтүстікте осы екеуіне де тән, ортақ мақаммен орындалады.

Жалпы, дәстүрлі әндерді осындай мектептерге бөліп жатады. Бірақ өз басым бұған қарсымын. Оның тек айтылу ерекшеліктері болмаса, барлығы да қазақтың әндері, барлығы да бүкіл халқымызға тән ортақ рухани қазына!

Дәстүрлі әндер дегеніміз атадан балаға жеткен ұлттық құндылық қой. Оны бір-бірінен бөле-жара қараудың еш қисыны жоқ. Өйткені дәстүрлі ән — тамырын тым тереңнен тарқатар ұлттық өнердің ажырамас бір тармағы. Өзім сабақ беретін шәкірттеріме де солай түсіндіремін.
- Дәстүрлі әндердің насихатталуына көңіліңіз тола ма?
- Өздеріңізге де мәлім, осыдан бірер жыл бұрын «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында Қаршыға Ахмедияровтың бастамасымен Алматыдағы оқушылар сарайында 600 домбырашының қатысуымен күй кеші өткені. Өте тартымды да кісі сүйсінерлік жобаны жүзеге асырған «Нұр Отан» ХДП Жастар қанатының «Заңғар» шығармашылық бірлестігі болатын. Бұл мәдени шара көпшіліктің зор ықыласына ие болғаны шындық.
Алайда сол кездері сонау 1957 жылдан кейін қолға алынған осындай ауқымды шараның өтетін орнын бірнеше мәрте ауыстырып, жұртты әбіржіткендері жанға батты. Шетелден келетін кез келген әншіге сахнамызды сайлап, бәрін сақадай сай әзірлеп қоямыз, ал енді өзіміздің төл өнерімізге келгенде осылай немқұрайлылық танытқанымыз көрер көзге ыңғайсыз тірлік. Дегенмен, соңғы жылдары дәстүрлі әндерді насихаттауға қатысты біраз жұмыстар атқарылып жатыр, көңіл қуантады.

Ел бар да, халық бар да дәстүрлі ән ешқашан ұмытылмайды, мәнін де маңызын да жоймайды. Себебі ол — жылдар қапталында халықтың қым-қуыт тіршіліктің түйткілдерінен түйген ой тұжырымы, жырмен бекемделген өзіндік бір терең мәні бар өмірлік қағидасы, яки тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні әнмен әдіптеліп, кең даланы шарлаған ұлы философиялық туынды.
Жер-жердегі отандастарымыз осы дәстүрлі әнге сусап отыр. Олар Қазақ радиосын сүйіп тыңдайды. Мен Қазақ радиосымен жақсы байланыстамын. Радиоға, тіпті «маған мынадай әнші немесе ән ұнайды» деп хат жолдап та жататынын біліп, қайран қалдым. Жалпы, әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашырап кеткен қандас бауырлар арасында дәстүрлі ән үлкен сұранысқа ие.
- Әлгінде «1957 жылы өткізілді» деген әңгіме айтып қалдыңыз. Кімдер өткізген екен?
- Естуім бойынша, қазіргі Атырау облысының стадионында мыңнан астам домбырашы бір мезгілде бірге күй шерткен екен. Оны ұйымдастырған атақты Нұрғиса Тілендиев пен Сейілхан Құсайынов дейді көзкөргендер. Керемет емес пе! Енді сол үрдісті араға ұзақ жылдар салып Қаршыға ағамыз қайта жаңғыртқаны мәлім. Көзі тірі болғанда Қаршыға аға домбыраны, қазақтың дәстүрлі өнерін, күйді насихаттауға байланысты әлі талай таңдай қақтырар мәдени шаралардың ұйтқысы болар ма еді?! Кейбір басылымдарға берген сұхбатында жоспарларының шет жағасын да шығарған болатын. Ойын жүзеге асыра алмай кетті. Дегенмен Қаршыға ағаның бастамасы аяқсыз қалмайтынына сенгіміз келеді, өйткені ұлттық өнерді дәріптейтін ұрпақ өсіп келеді.


Ұлбосын АЙТӨЛЕН
Назерке ИНАҚЫНОВА «Айқын».

Пікірлер