Тамара Базарханқызы, биші: «Қара жорға» билемей, қазақ тойдан қайтпайтын болды

3519
Adyrna.kz Telegram

- Тамара, сіз қазақтың ұлт­­тық биі «Қара жорғаны» на­­си­хат­тап жүрген өнер ие­сі­сіз. Жал­пы, би жанрын жа­ны­ңызға серік ет­келі неше жыл болды?

- Шамамен, 23 жыл болды де­­­сем, қателеспейтін шығар­мын. Өйткені Қытайдағы әр қа­­зақ­тың баласы көзін тырнап аш­­қаннан «Қара жорғаны» тың­дап, аяғын қаз басқаннан би­леп өседі. Мен де солардың бі­рімін. Алғаш 3-4 жасымда құ­марта бастаған екенмін. Кей­ін он жыл Шәуешек қа­ла­сын­дағы би мектебінде оқы­дым. Бала кезімде ұстаз­да­рым­ның үйретуімен, оның үс­тіне өзім де қызық көріп, әр ұлт­тың биін билей беретінмін. Ес біліп, есейе келе, ішкі әле­мі­ме үңіліп, жан-жүрегімнің қа­лауына құлақ түріп, тек қа­на қазақтың ұлттық билерін на­сихаттағым келетінін тү­сін­дім. Өйткені, біріншіден, ұлт­тық билердің ұмытылмауына, дә­ріптелуіне, дамуына күш сал­ғым келді. Екіншіден, қазақ би­інде тазалық, сұлулық, әдеп­тілік және тәрбиелік мән бар. Өзгелер сияқты кіндігіңді ашып, төсіңді жалаңаштап шық­пай­сың. Етек-жеңің қымтаулы, еш жерің ашық-шашық тұр­май­ды. Бүрмелі көйлек, дүрия беш­пент, қос бұрым, күміс шашбау ке­рісінше сұлулығыңа сұлулық қоса түседі. Менің репер­ту­а­рым­да тек қана ұлттық билер бар және сонысымен ерекше бай деп ойлаймын.

- Қазір бірқатар өнер ие­ле­рі­­нің аузынан «Ең алғаш «Қара жор­­ға» әнін арғы беттен Қазақ­стан­­ға алып келген менмін. Қал­­ған кісілер менен кейін айта бас­тады» деген әңгімелер ес­­­ти­міз. Әркім өзіне қарай тар­тып, би­ді де бас-басына ием­де­ніп жүр­гендер жоқ па?

- Өздеріңіз білесіздер, Қа­зақ­­станға «Қара жорға» биін ең ал­ғаш алып келіп, үлкен сахнаға алып шыққан Арыстан атамыз. Бі­рақ жоғарыда айтып өткендей, Қы­тайдағы қазақтардың ара­сын­да бұл би таңсық емес, біл­мей­тін адам мүлде жоқ деуге бо­лады. «Қара жорғасыз» той бас­талмайды. Еңкейген қа­рия­дан, еңбектеген балаға дейін би­лей­ді. Сондықтан оны бірінші боп мен биледім, болмаса сен би­ледің деп ешкім тартысқа салып, таласа алмайды. Бұл ха­лық­тың биі, халық бар жерде, «Қа­ра жорға» бірге жүреді және еш­қашан өлмейтіні ақиқат.

- Жасыратыны жоқ, бас­тап­­қыда әлеумет әуенге ілесіп, әр­кім өз білгенінше билеген бо­ла­тын. Қазір жұртшылық ма­ғы­на­сын түсіне бастаған си­яқ­ты…

- Дұрыс айтасыз, бірер жыл бұ­рын біз тойда билеп жат­қа­ны­мызда, ешкім көңіл қойып та­машалап, аса назар ау­дар­май­тын еді. Елемейтін. Қазір бидің аты аталғаннан-ақ көпшілік шу ете қалады. Делебесі қосып, орын­дарынан атып тұрады. «Қа­ра жорға» билемесе, қазақ той­дан қайтпайтын болды. Буын би­ін­сіз ешқандай басқосудың, сал­танатты шаралардың сәні кір­мейді.

Бұрын қызықшылықта ғана билесек, қазір барлық кон­церт­тердің бел ортасында жүрміз. Қытайдағы қандастары­мыз­­дың ұлтжандылығының ар­қа­сында 10 мыңнан астам адам «Қара жорғаны» алаңға билеп шы­ғып, Гиннестің рекордтар кі­та­бына енгізгелі бері сұраныс тіп­ті күшейді. Бидің мәртебесі ас­қақтап, абыройы артты.

Ха­лай­ық біртіндеп бір-біріне қа­рап, шамалары келгенше қи­мыл­дай бастады. Кейін қи­мыл-әрекеттеріне мән бе­ре­тін дәрежеге жетті. Мына қы­зық­ты қараңыз, жақында құр­бым туған күнін атап өтті. Сол көңіл кө­те­ру орны келушілерге «Қара жор­ға» биін ұсынды. Сол сәтте қара көздерімізді былай қойып, әзір­байжан, орыс, түрік ұл­ты­ның өкілдері ортаға белсене шық­қанын көріп қуандым әрі қат­ты таңғалдым. «Өзіміз түгілі, өз­гелердің рухын оятқан дәс­түр­лі өнердің құдіреттілігі осы шы­ғар» деп ой түйдім.

- Сізден «Қара жорғаны» үй­ренуге өтініш білдіретіндер қан­шалықты?

- Өте көп. Жастарға қа­ра­ған­да ересек адамдар «Елдің бә­рі билеп жатқанда жиын-тойда қа­рап тұрған ұят екен, тым бол­ма­са бір-екі қимылыңды көр­сет­ші» деп жиі сұрайды. Осыған дейін тойдағы асабалар өңкей қа­зақты кавказдықтардың «Лез­гинкасы» мен өзбектердің «Қы­зыл алмасына», орыстардың «Ка­линкасы» мен үнділердің «Зуби-Зубиіне» жарыстырып кел­ді. Ең соңында «Қамажайға» ортаға шақыратын. Онда да оған кимешек киген бір-екі апа­мыз­дан басқа ешкім қозғала қой­майды. Ал «

Қара жорға» үл­кен­ді де, кішіні де, кәріні де, жас­ты да билетті. Қыз-жігіттер жұп­тасып, кештің көрігін қыз­ды­рып жүр.

Сондықтан мек­теп­тер­ден, жоғары оқу орында­ры­нан жиі хабарласып, өтініш біл­діретіндер аз емес. Тіпті, Ас­та­нада тұратын бүлдіршін әнші қыз­дың ата-анасы қолқа салып, бі­раз уақыт сонда тұрып келуіме тура келді. Құдайға шүкір, қазір Қа­зақстанның бишілері Қы­тай­д­ың бишілерінен кем түсіп жат­қан жоқ деп айта аламын. Оның үс­тіне, барлық буын қозғалады, ден­саулыққа да пайдасы зор. «Қ­ара жорғаның» таны­мал­ды­ғы­на қарап, қазақ биінің дамы­ға­нын білуге болады.

- Арнайы би студияңыз бар ма?

- Өткен жылы қала шетінен бір ғимараттың үлкендеу залын жал­ға алған едім. Алайда көп ұза­май, меншік иелері күрделі жөн­деу жасаймыз деп жауып тас­тады. Әзірге қолайлы орын тап­пай жүрмін. Кейде жал­да­ма­лы пәтерімде, кейде ниет біл­ді­ру­шілердің өз үйіне барып, қыз­мет етуге тура келеді. Алдағы уа­қытта, шамам жетіп жатса, жұ­мысымды жалғастырамын де­ген үміттемін.

- «Қара жорға» өнер орта­лы­ғының мүшесісіз бе?

- Бір жылдай бірге жұмыс іс­тегенбіз. Маған көптің та­са­сын­да билеген аса ұнамайды. Сах­наға жалғыз өзім шыққанды, жеке өнер көрсеткенді дұрыс кө­ремін. Ол кісілердің шақырған кон­церттеріне қатысып тұр­ға­ным болмаса, өз еркім өзімде. Оның үстіне, әрі-бері баратын са­парларым бар. Өткен жылы Ақ­жол Мейірбеков ағамыздың бас­тауымен Дубайға барып, бір ай жүріп, күніне екі реттен, ал­пыс концерт қойып қайттық. Онда халықаралық ән-би фес­ти­валі өтті. Әр ел өз елінің ұлт­тық мұраларын паш етті. Мен «Қа­ра жорғамен» бірге өз ре­пер­­туарымдағы «Аққу», «Қар­лы­ғаш», «Толғау», «Көкіл» би­ле­рін алма-кезек орындадым. Он­дағы арабтар мен түріктердің «Қара жорғаға» деген ықыласы ерек­ше болды. «Бұл қандай би, не туралы?» деп сұрап, керемет қа­былдады. Қызығушылық та­ныт­ты. Одан кейін аты аңызға ай­налған «Дос-Мұқасан» ан­сам­блімен Оңтүстік Қазақстан, Ал­маты облыстарын аралап шық­тық.

- Дубайға барғанда сах­на­да­ғы жұбыңыз кім болды?

- Жалғыз өзім биледім. Ха­лық­­аралық аренаға шығатын бол­ғандықтан, ерекше дай­ын­да­луға тура келді. Өйткені той­да­ғы би бір бөлек, сахнадағы би бір бөлек. Сол себепті, қимыл-әре­кеттерімді күрделендіріп, же­ке өзіме лайықтау керек бол­ды. Ұстазым, атақты балетмейстр На­ғима Тайырқызына барып, кө­мек сұрадым. Өте тәжірибелі, бі­лікті мамандарымыздың бірі. Би­дің оқуын тауысқан десем, ар­тық айтпаймын. Сол кісі «Қара жорға» биін жеке орын­дау­ға дайындап берді. Кейбір би­лерімнің авторы өзіммін.

- Бір сұхбатыңызда терме-тол­ғауларға билегіңіз келетінін ай­тып едіңіз…

- Бұл арманым жүзеге асты де­сем болады. Бекболат Ті­леу­ха­нов ағамыздың репертуарын­да­ғы толғауға би қойдырдым. Ай­наламдағылардың, көрген кі­сі­лердің пікірі жаман емес. Би ар­қылы, қимыл-әрекет арқылы терме-толғаулардың мағынасын аша түскім келеді. Әзірге мұн­дай қадамға барған басқа ешкім жоқ сияқты.

- Сырт көз ретінде біздің би ан­самбльдеріне қандай баға бе­рер едіңіз?

- Менің байқағаным, мұнда бір бидің әрекеттері келесі биде қай­талана береді екен. Біздің елі­міздегі бишілер көп жағдайда әуен­ге сай қозғалумен шек­те­ле­ді. Ал Қытайда әр бидің өз ма­ғы­на­сы бар. Әр би кішігірім қой­ы­лым іспеттес. Музыканың ма­ғы­насын ашып, мазмұнын қи­мыл-әрекет арқылы жеткізуге ты­рысады. Сол себепті қайталау кез­деспейді. Мәселен, «Қара жор­ғаны» кім қалай билегісі кел­се, солай билейтін болып жүр. Әркім өзіне ұнаған, ике­мі­не келетін тұстарын ғана екшеп ал­ған. «Салтанат» би ансамблі аяқ әрекеттерін көп қолданған «Қа­­ра жорғадан» гөрі, басқа би­ге көбірек келетіндей.
Абай атындағы опера және ба­лет театрының балет труп­па­сы да өз репертуарларына қос­ты. Балет артистері қандай би бол­масын классикалық дәре­же­де орындауға тырысады. Өзге би ұжымдары мен аралары жер мен көктей. Оларға ешқандай өкпе-реніш жоқ. Қалғандары­ның бидің құрылысын, үйле­сі­мін, сипатын бұзуға қақысы жоқ. Өйткені ел ішіне солай та­р­ап, қате күйінде қалыптасып ке­туі мүмкін.

- Қыз балалардың ұлттық би­лерді сахнада шалбармен би­легеніне қалай қарайсыз?

- Мысалға, Қытайда қазір гим­настиканың, дене жатты­ғу­ла­рының орнына «Қара жор­ға­ны» билетеді. Бүкіл мектеп­те­рін­де де солай. Екі сағаттан кей­ін 20 минут үзіліс жасап, бой жа­зады. Осындай спорттық жат­тығулар кезінде ыңғайлы болу үшін қолайлы киім киген дұ­рыс шығар. Бірақ сахнада би­леу жарасымсыз әрі үлкен қа­те­лік болып табылады.
Әннің мәтінінде де:
- «Қара жорға» болмаса,
Тойдың сәні келе ме?
Қос етек көйлек кимесе,
Қыздың сәні келе ме?
Ғашықтарға тіл қатып,
Жүректерін жырлатып.
Қыз бен жігіт қосылып,
Билеу деген бір бақыт — деп тұр емес пе?! Қыз бен жігіт жұп­­тасып биленетін биде екеуі бір­дей шалбар киіп алса, кімнің ұл, кімнің қыз екенін көрермен қа­лай айырады? Қос етек көй­лек, қынама бел бешпент үкі­лі бө­рік тұрғанда басқаға үй­ір бо­лу­дың қажеті шамалы.

- Өзіңізге қай биші ұнай­ды?

- Шұғыла Сапарғалиқызы. Ол кісінің әр биінен жан дүниесі кө­рініп тұрады. Сахнаға шық­қан­да, теледидардан концертін бе­ріп жатса, көз алмай қарап қа­ламын. Қанша тамашаласам да құмарым қанбайды. Әзірге жо­лымыз түйіскен емес, алдағы уа­қытта бір-екі би үйренсем де­ген де арманым бар. Ұстазым На­ғима Тайырқызы мен құрбым Гүл­нар да жақсы бишілер.

- Күніне неше уақытыңызды дай­ын­­дыққа бөлесіз?

- Негізі, күнделікті дай­ын­далу керек. Кәсіби ансамбльде жұ­мыс істейтін қыздар жаттығу за­лына жиі барады. Менде ар­найы дайындалатын орын жоқ. Кей­де үйде, кейде арнайы сту­дия­ларға жазылып, денемді қа­лып­та ұстауға тырысамын. Жағ­­дай­дың жоқтығынан да­йын­­далмай қалатын кездерім де бо­лып тұрады. Бірақ Құдайға шү­­кір, әлі күнге буындарым икем­ге оңай келеді. Сүйектерім қа­­тайғанша қатардан қалмай­мын деп ойлаймын. Бисіз өзім­нің өмірімді елестете алмаймын. Ана­м­­ның қарсылығына қар­а­мас­тан, осы жолды таңдадым. «Өнер жолы — қиын жол» еке­нін жақсы түсінетін анам бер­тін­ге дейін менің өнерімді аса қол­дамай келді. Он жыл бұрын ел­ге оралғаннан кейін сол кі­сі­нің қалағаны болсын деп, Абы­лай хан атындағы Әлем тілдер жә­не халықаралық қатынастар уни­верситетінде грантпен оқып, француз тілі маманы деген диплом алып шықтым. Бірақ бойдағы өнер маған еш­қа­шан маза берген емес. Бәрібір қай­тып айналып келіп, өз де­ге­ні­ме жетіп жүрмін.

- Өнерден бөлек өміріңіз қа­лай өтеді?

- Бос уақытым бола қалса, му­зыка тыңдап, көше аралап, қы­дырып қайтамын. Дүкен сө­ре­леріндегі әшекей бұйымдарды та­машалап, әдеміліктен ләззат ала­мын. Гауһартастарды жақсы кө­ремін. Аздап сурет салып, сах­налық костюмдерімнің эс­ки­ізін өзім жасаймын. Тіктіру жұ­мыстарына менің өнерге де­ген махаббатымды түсініп, анам Бақыт көп көмектесіп, өзі кі­рі­сіп ке­те­тін болып жүр. Әр биіме бөлек кос­тюм ауыстырамын. Бимен қо­са, ұлттық киімдерді де түр-тү­рімен насихаттау менің басты мақ­саттарымның бірі болып са­на­лады.


Сұхбаттасқан Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Пікірлер