Шәкір ақсақалдың қатарынан озық әрі қарғадай бойы қазына өнерге бай болуы кездейсоқ емес. Оған, біріншіден, киелі ұлылар мекені, Абайдың ақындық ортасы әсер етсе, екіншіден, көрген тауқыметі, Алаш зиялыларымен араласуы сабақ болғандай. Ақындығы, жазушылығынан бөлек, қазақтың ұлттық музыка өнеріне өзіндік қолтаңбасымен келген Шәкір әндері – өз алдына бір мектеп.
Сегіз сері, Біржан сал, Ақан мұрасынан бастау алған қазақ ұлттық классикалық ән мұрасына тән барлық ерекшеліктерді бойына жиып, қазақтың ән қорын өзіндік бояумен әрлеп, байытып, дамытқан бірден бір композитор – Шәкір Әбенұлы. Халқымыздың ұлттық классикалық әндеріне тән иірім-қайырымдар мен құрылым ерекшеліктері – Шәкір Әбенов әндерінің алтын діңгегі. Шәкір әндері тыңдаушының көкейіне тез қонады. Оның себебі әуенінің сұлулығы мен қарапайымдылығы, ырғақтың сан алуандылығы мен иірімдерінде. Шәкір әндерінің басты ерекшелігі – қайырманың қарапайым ойнақы ырғаққа негізделуі. Әуенінің бір регистрден екіншіге, екіншіден үшіншіге ауысып, сатылап түсіп, негізгі дыбысқа келуі. Қалыпты ырғақтың күтпеген жерден бұзылуы, бір әннің бойында бірнеше ырғақтың болуы. Қайырмадан соң қысқа қайырманың келуі – мұның бәрі сөзсіз Шәкірдің қолтаңбасы, әнге әкелген жаңалығы. Ақын, композитордың «Геккідік-ай», «Толғаныс», «Айна», «Әнші моласы», «Дәмежан», «Дауаға хат» сынды 10-нан астам әні елге мәлім. Шәкір әндері былтыр жарық көрген «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» антологиясынан айрықша орын алды. Қаншама ақынның сарынын білген, әншілік пен күйшілікті бір адамдай игерген қария – Абай тартқан үш шекті домбырамен ән жазу дәстүрін жалғастырушы ізбасары.
Сана ӘБЕНОВА, Шәкір ақынның қызы:
Шәкір аталарың – жан-жақты талант иесі. Бір бойына сазгер, зергер, шебер, әнші, күйші, құрылыс өнерлерін тоғыстырған еңбекқор адам болатын. Бірнеше рет айдауға кеткен. 1928 жылғы кәмпескелеу тұсында Кеңес өкіметіне қарсы шыққан. 1929 жылы Сәкен Сейфуллинмен бірге «Алтын алқа» ұйымын құрған. Сәкеннің хатшысы болған. 1930 жылы Сәкенмен бірге қуғын-сүргін зобалаңына ұшыраған. 1932 жылы ашаршылық кезінде Қырғызстанға қашып құтылған. 1936 жылы ол жақтан оралған соң, Сәкендермен бірге қайтадан Алматыда абақтыға қамалды. Жолдастары құтқармақ ниетте жерасты жолын қазыпты. Содан Қ.Мұхамедханов пен атам қашып шыққан, Бейімбет, Сәкендер ату жазасына кесілген екен. Қашып шығып, қайта Қырғызстан асады. Келген соң Жамбыл Жабаевтың хатшысы болып жүріп, қайта түрмеге түскен. ҰОС-ына өз еркімен сұранып, Мәскеу, Сталинград түбіндегі шайқаста ауыр жараланып, елге оралған.
Шәкірдің елге мәшһүр әндерінің бірі – Дауа есімді ерте кеткен қызына арналған. Бұл әнінің атауы туралы ел арасында түрлі пікір бар. Біреулер «Дауа» деп атаса, енді бірі «Дауаға хат», «Сағыныш» деп атайды. Енді мұның қайсысы дұрыс?
Серікболсын БЕКБОСЫНОВ, Шәкірдің шәкірті, әнші:
– Алыста абақтыда жүргенде Дауаға арнап жазған хаты ғой. «Тапсырсам желге аманат сәлем арнап, Жүре жауап береді алдап-арбап» дегеніндей, лажсыздықтан, бостандықты аңсаудан шыққан ой-түйіні. Шәкірдің өзінің айтуынша, бұл әннің аты – «Дауаға хат». «Дауа» деген басқа ән бар. Ол – Абай ауданындағы «Совхоз туы» газетінің бас редакторы болған Манар Құрманбековтың әні.
Амангелді ЖІКЕНОВ, әнші, Шәкір әндерін жеткізуші шәкірті:
– Қызынан айырылғанда қабырғасы сөгіліп, көңілі күйзеліп, Дауаға арнап ән шығарған. «Осы қызым артымнан жолымды қуар» деген ниеті болған ғой. Сол қыз өмірден өткенде Шәкір қатты түңілген. Шәкірдің мұражайында кішкентай аккардеон бар. «Амангелді, осы әнді түрмеде аккардеонмен айтатынмын», – дейтін. Ән құрылысы гармонмен шыққандығынан хабар береді. Вальс екпініндегі әнді менің толқытып айтатын себебім сондықтан. Шәкір әндерін бізге жеткізген екі әншінің бірі Серікболсын ақынмен 1881 жылдан бері таныс. Әндерін қарияның өз аузынан үйренбек ниетпен Құндызды ауылына арнайы іздеп барған оны Шәкір әуелде «ертең кел, бүрсікүні кел» деумен қабылдамай қояды. Екі-үш күннен соң, «Өзің ән үйренуге шын ықыласты, тұрақты жігіт екенсің», – деп, жаңа оқу бітіріп келген Серікболсынды өле-өлгенше қасынан тастамайды.
«Жанында жүріп әндерін үйрендім. Ол кісіні «тірі анықтама» дейтінбіз, тарихтан да, әдебиеттен де, философиядан да хабардар, кез келген сұраққа жауабы дайын болатын»
дейді ол. Ал Шәкірдің екінші шәкірті Амангелді Жікенов Абай елінің дамуына үлес қосқан Хафиз Матаевтың басшылығы тұсында танысқан-ды. Бірінші хатшы Хафиз аға бірнеше адамның басын қосып, «Шәкірдей адам ғасырына бір рет қана келеді. Ертең өмірден өтіп кетеді. Ақындығы мен жазушылығы қалар. Бірақ әнінің орны бөлек, соны алып қалуымыз керек» деп Шәкірге жіберген екен. Солардың ішінде Амангелді Жәкенов те бар еді. «Шәкір – мінезі қиын адам» деп елдің бәрі шошытып қойған. Бірақ екеуміз бір шай үстінде әңгімелесіп, түсінісіп кеттік. 1983-84 жылдан бері Шәкір өмірден өткенше қасында жүрдім», – дейді Шәкірдің шәкірті Амангелді.
Мұхтар Әуезов бастатқан Қасым Аманжолов, Иса Байзақов, Шәкір Әбеновтер агит-бригадамен атпен жүреді екен. Жазушы Мұхтар олардан кез келген уақытта ән сұрайтын болса керек. «Мұхаң ән сұраса, іркіліп қалуға бола ма, бір ән дайындап қояйын» деп ат үстінде Шәкір «Геккідік-ай» әнін шығарыпты.
Сегіз сері, Біржандардан бастау алған ұлттық дәстүр, қала мен дала мәдениетін тоғыстырып, сара жол салған Абай айналасы, Кеңес дәуіріндегі музыка, азаттық алғандағы жаңа көріністер Шәкір шығармашылығынан орын алғаны айдан анық.
Ерлан РЫСҚАЛИ