Ұлттық құндылықтарын бәрінен жоғары қоятын түрікмен халқы осыған дейін шетелдік азаматтарға тұрмысқа шығуға ниетті қыздарына төленетін қалың малдың бағасын көтеріп еді. Енді ел басшылығы арулардың әдемілігін сақтап қалу мақсатында, оларға жұқа көйлек киюге тыйым салды. 2012 жылдың сәуірінен бастап балалар кітапханалары, республикалық музыка мектебі, консерватория және музыка училищесінің қыз-келіншектері ұлттық ою-өрнекпен әдіптелген көйлек қана киеді. Айталық, көйлек жеңінің ұшы алақанның ортасына дейін түсіп тұруы керек, мата бір түсті және үлбіреп, дене көрініп тұрмауы тиіс. Бұл нұсқауға Мәдениет министрі Гунча Мамедова қол қойған.
Қысқасы, шифон секілді мөлдір матадан көйлек киюге мүлде болмайды. Денені ашық-шашық ұстайтындарға ескерту жасалып, қатаң сөгіс беріледі. Ал жұмыс барысында жеңі ұзын көйлек киюге болмайтынына шағымданған музыка мектебінің ұстаздарына жұмыстан шығуға өтініш жаза берулеріне кеңес берілген.