Бармаққа бұйырған бармақтай бақ

3496
Adyrna.kz Telegram

О, құдірет! О ғажап!

Оркестрдің қасында:
Бүкіл өнер бармақтың ілулі тұр басында!
Біле алмадым – дүние ұйқыда ма, ояу ма?
Домбырадан шыққан үн айналды мың бояуға!..

Тура осылай таңданыпты Тұяқтың өнерін алғаш көрген Қадыр ақын. Тек Қадыр ақын ғана емес, Қазақстанның Халық әртісі, дүлдүл күйші Тұяқ Шәмеловтің өнерін білетіндердің бүгінгі бағасы осы. Бір қарағанда, Тұяқтың күйші болуының өзі табиғаттың туа бітті заңдылығы секілді. Керісінше, Тұяқтың күйші болмауы мүмкін емес еді дейміз іштей. Өйткені оған талант әке қанымен, ана сүтімен ғана келген жоқ. Туған табиғаттың Тұяққа аманаты һәм зор сыйы да осы. Кім біледі, пендеге бұйырар бармақтай бақты Жаратқан Тұяқтың бармағына берген шығар. Оған себеп, Тұяқ туған топырақ – қасиетті мекен. Хан мен батырын былай қойғанда, Бөкейдің тіккен ордасының беткейіндегі бала біткен домбыраның құлағында ойнап өскен. Осынау ұлтарақтай жер қазаққа небір ұлы күйшілерді сыйға тартты. Оған Тұяқтың өзі таңданады. «Айналдырған алты-жеті ауыл қоныс тігетін жер. Алақандай. Сол жер қазаққа қаншама күй алыптарын берді! Осыдан кейін Орда – күллі күйшілік өнердің үлкен мектебі деп қалай айтпассыз» дейді ол тамсана. Иә, «Ордаға барсаң күйшімін деме». Ел аузындағы бұл жазылмаған қағида да осыны аңғартқандай.
Қазақта «Тектінің тұяғы тек кетпес» деген сөз бар. Тұяқтың әкесі Қажыгерей есімі ел аузына іліккен шебер домбырашы болыпты. Ол кезінде белгілі дирижер, КСРО-ның Халық әртісі Шамғон Қажығалиевпен үзеңгілес жүрген екен деседі көзін көргендер. Жазмыштан озмыш болар ма? Өнерді өзіне серік еткен жігіттің ғұмыры жасы жиырманың төртеуіне енді жеткенде үзіліп сала берді. Бөкей Ордасының Толыбай-Теректі торабындағы Саралжын елдімекеніне қоныс тепкен Қажыгерейдің отауы қара жамылып қала берді. Қошқардай қос ұлы қыршынынан қиылып, онсыз да қайғыдан қан жұтып жүрген жас келіншек Рәшке бұл үлкен соққы болды. Оның сол кезде жасы жиырма бірге енді жеткен еді. «Өлгеннің артынан өлмек жоқ». Жабырқаулы жанға жалғыз демеу ол құрсақта қалған жеті айлық шарана. Толғағы жетіп, өмірге шекесі торсықтай ұл келеді. Үлкендер бір ауыздан «Баланың аты – Тұяқберді» десіпті. «Бір әулеттің артында қалған тұяғы» дегенді бірден түсінген текті жұрт ләм деместен бас шұлғысыпты…
Бала Тұяқ аяғын апыл-тапыл баса бастағаннан домбыраның әуеніне елітіп өсіпті. Жасы төртке келгенде қолына домбыра алып, естіген әр күйінің басын шалып, шертетінді шығарыпты. Сол өңірдегі атақты күйші Мәменнің көзін көрген Аманғали Иманмағзомұлы жас баланың бойындағы өнердің ұшқынын байқап, қасынан екі елі қалдырмайды. Сөйтіп, есін ерте жиған жас бала үлкен өнерге аяқ басады.

«Қалидан қалған қара»

Қай күйшіден үйренген, қай ұстаздан оқыған?
Сиқыр екен саусағың, үннен шілтер тоқыған!
Мүмкін емес тыңдауың елжіремей, балқымай
Сөзбен жазбай тарихын, күймен жазған халқым-ай!

Қадыр «елжіреп, балқып тың­дайтын» сиқырлы саусақ иесінің мектеп бітіргенде таң­дауы – күй өнеріне баулитын консерваторияға түсу еді. Алматыға арман қуып келген жас алдымен музыка училищесіне түсіп, кейін Құрманғазы атындағы консерваторияның студенті атанды. Әрі қарай әңгімені өнер иесінің өзі сабақтайды. «Үлкен өнерге аяқ басқанымда тағдыр менің бағыма қарай Қали Жантілеуов, Рүстембек Омаров, Қаршыға Ахмедияров сынды ағаларымды кездестірді. Кейін Құрманғазы оркестрінде атақты Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев, Алдаберген Мырзабеков сынды ұлы тұлғалардың ұлағатын алуды Алла нәсіп етіпті. Осындай аты аңызға айналған тұлғалардың өкшесін баса жүріп, әлемнің елуге жуық елін араладық. Қазақтың қара домбырасының қоңыр үніне төрткүл дүниені тәнті еттік».

Қали Жантілеуовтің Тұяқтың өмірінде алар орны бөлек. Қали ағаның өзі «Тұяқ баламды күй өнерінде ешкім кеміте алмайды, ол – шебер күйші. Күйді түсініп орындайды. Мен оны мұрагерім деп санап, батамды бердім» дегені дүйім жұрттың күні кешегідей көз алдында. Тұяқ Шәмелов өзінің Қали Жантілеуовтің шәкірті екенін әрдайым мақтан тұтады. Оны ұстаздардың ұстазы санайды. Өйткені атақты дирижер Нұрғиса ағасының өзі «Екеуміздің әкеміз біреу, ол – Қали Жантілеу. Тұяқ, сен осыны есіңде сақта!» деп құлағына құйғаны жадында мәңгіге жатталып қалды.

Содан бері ол ұстазының аманатына адал болып, яғни ұлы күй өнерін ұрпаққа дәріптеумен келеді. Тұяқты «Қали Жантілеуовтен қалған қара» дейтіндер де бар. Соның бірі белгілі композитор Еркеғали Рахмадиев: «Тұяқ күй тартқанда аяулы ұстазымыз Қалекеңді еске түсіреді» дейді.
Бір кездегі бозбала Тұяқ бүгін­­де күйші Тұяқ атанды. Есі­­мі елдің аузына ілікті. Бірақ Тұяқ өзі тура­лы айтқаннан гөрі өнер туралы толған­ған­ды жаны қалайды. «Өнер арқылы өзіңді дәріптеу – ұят. Өзі арқылы өнерді дәріптеген ғана ұтады» дейді бұл туралы күйшінің өзі. «Біз кейде қолына домбыра алып, күй шерткеннің бәрін күйші деп жатамыз. Ал кейде талай ғажап күй туындыларын дүниеге әкелген дауылпаз күйшіні «домбырашы» деп жаңылысамыз. Күйші мен домбырашының айырмашылығы жер мен көктей ғой. Мәселен, консерваториядан жылына қанша жас түлеп ұшады. Оның барлығы талай ұлағатты ұстаздардан дәріс алған, домбыраны шебер тартатын кәсіби маман болып қалыптасып шығады. Бірақ оның бәрі күйші емес қой. Күйшілік өнер ананың ақ сүтімен дарып, Алланың бұйыруымен бойға бітетін ерекше қасиет. Сондықтан ағайын күйші мен домбырашының ара жігін ажыратса екен» дейді.

 

«Күй конкурстары кәсіп көзіне айналмасын…»

Әлденеге қуанып, екі көзден жас парлап,
Әлдиінен саусақтың қалғығандай асқарлар.
Сенейін бе, батыр-ау? Сенбейін бе, батыр-ау?!
Әмірінен саусақтың тулағандай Атырау! – деп

Екі көзден жасы парлап, егіліп тыңдайды екен Қадыр ақын. Қазақ өнерінің қарашаңырағы Құрманғазы атындағы оркестрде Тұяқ табаны күректей қырық жылдан астам еңбек етіп келеді. Оркестрде жүріп елге танылды. Оның домбыра қағысынан, одан төгілген күйдің сазынан талайдың құлақ құрышы қанды. Ерекше сезімге бөледі. Бұл туралы көзі тірісінде Шамғон Қажығалиевтің өзі «Тұяқ – оркестрге шынайы берілген, кадровый музыкант, дыбысының сұлулығымен ұтымды күйші» деген еді. Тіпті күй өнері­нің алыптарын былай қойғанда, сөз өнері зергерлерінің де Тұяқтың талантына тамсанып, таңдай қаққаны көп. Солардың бірі Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев еді. «Тұяқ Құрманғазының өн бойы драмаға толы, дүбірлете ойнайтын күйін лирикаға айналдыра отырып, сазымен жеткізе біледі» дегені бар.
Ал күйшінің өзі болса өз мекенжайына айтылған мақтау-марапаттарға марқайып, масаттанбайды. Баяғысынша өзі туралыдан гөрі өнер, өнердегі өткір мәселелер туралы жиі қозғайды.
«Домбыраны құр сабалап, не компьютерге қосып алып, құйындататындарды көргенде қатты қынжыламын. Атақты «Адай», «Серпер» күйлері аяқ астынан алақұйын дүниеге айналып шыға келді. Туған анасы танымайтындай өзгертіп жіберді. «Ұлытау» тобы «Сарыарқаның» құр сүлдерін қалдырды. Осы дұрыс па? Компьютері бар, гитарасы бар, неше түрлі дауыс ұлғайтқыштары бар дүниелерді домбыраға қосып, ұлттық өнердің дымын қалдырмады. Домбыраның табиғи үнін құртты. Өзіңіз ойлаңызшы, егер Сіздің ана тіліңізді басқа тілмен шұбарлап сөйлесе онда ол тілде қандай табиғилық қалады? Оның өзінің әдемі әуезділігі қайда кетеді? Күй де тура осы секілді төл өнер. Оны өзге нәрсемен қосып, дүбәра дүние жасауға болмайды. Рас, жаңағыдай жасанды дүниені жат ел жақсы қабылдайтын шығар. Мәселен, батыс елдері. Олардың табиғатына сол жақын ғой. Жастардың да жасанды музыкаға еті өліп барады. Бірақ бұл төл өнердің түр-тұрпатын өзгертіп жіберуге жол бермейді. Жастарға күйді ата-бабамыздан бізге қалай жетсе, тура сол қалпында мұртын бұзбастан жеткізуіміз керек. Ал жаңағыдай жасанды дүниені қабылдаған жастың болашағынан не күтесіз? Ананың омырауынан ақ сүт емген баладан жасанды ұнтақ сүт ішіп есейген баланың тұла бойында, бүкіл болмысында қандай өзгешілік болса, төл өнер мен жасанды дүниені құлағына сіңіріп өскен ұрпақтың арасында да сондай айырмашылық болады» деп сөзін түйіндеді күйші.
Тұяқ аға тым кішіпейіл жан. Атақ-дәрежесі бола тұра «мені көрдің бе?» дегендей мінез танытпайды. Бар білгені – балаларға үйрету. «Биыл – Дина, Сейтек сынды күй алыптарының мерейтойлары. Ел болып, үлкен сән-салтанатпен осы тойды өткергелі жатырмыз. Құдайға шүкір, күй өнерін дәріптеген конкурстар да жиі өткізіліп тұрады. Бірақ осылардың көбі науқаншыл ғана дүние болмаса екен деп тілеймін. Түрлі жас домбырашылар бақтарын сынайтын конкурстарға төрелік етемін. Сол кезде жаным ауыратыны кей конкурстардың кәсіп көзіне айналып кеткені. Бір домбырашы жастың бірнеше мәрте бір байқауға қатысқанын көрдім. Ондағы мақсаты – жүлде алу ғана. Кейін тағы бір мәрте келгенде оны ұстап алып, «айналайын, сен былтыр да қатыспап па едің? Ол жолы да жүлде алғансың. Қайт ауылыңа. Басқалар да бағын сынасын» деп қайтарып жібергенім бар. Жалпы мұндай конкурстар тек жүлде алудың жарысы емес, төл өнеріміздің түрлі мектептерін дәріптеу, дәстүрлі бағытын сақтау, сирек орындалып жүрген күйлерді қайта жаңғырту мақсатында өткізілсе екен деген тілегім бар» деп ой қозғайды.

«Тұяқ – саусағының
желі бар күйші»

Желбіреген сияқты биігімде көп тулар,
Әуен емес – шанақтан ұшып жатты аққулар!
Саусақ емес – дария дүркіреп бір өткендей,
Гүлдеп жүре берді ғой, көкіректер көктемдей!

Қадыр ақын осылай сипаттаған Тұяқтың саусағына таңғал­ғандардың бірі Айтқали Жайымов ағасы. «Тұяқ – саусағының желі бар күйші» дейді ол. Ал Тұяқ Шәмелов болса бұл саусақтың ғана емес, күй өнерінің құдіретінен деп біледі. «Күй кез келген дүниеге ұлттық бояу қосады. Әрлендіреді. Мәселен, «Қыз Жібек» фильмін алыңызшы. Нұрғиса ағамның орындауындағы күй қалай үйлесім тапқан?! Сол күй ойнала қалса осы кино еске түседі. Ұлттық әуеннің арқасында фильм қандай дәрежеге жетті?! Ұлттық шедеврге айналды. Бұл күйдің фильмге қосқан ұлттық бояуы дер едім. Ал «ғасыр киносы болады» деген «Көшпенділерді» алыңызшы. Ол жерден қандай ұлттық әуенді естисіз? Жоқ! Мен режиссер, актерлердің кәсібилігіне сын тақпаймын. Маман да емеспін. Мен бұл туындыға енбей қалған ұлттық музыка туралы айтқым келеді. Тек бір эпизодында ғана «Балапан қаз» әні орындалады. Ол да қысқа. Ал қаншама қазақтың ғажап күйлері осы фильмге сұранып тұрды емес пе?! Қадыр ақын айтқандай, қазақ тарихын сөзбен емес, күймен, әуенмен жазған халық қой. Күйдің үнінде жаугершілік заман да, батырлар ерлігі де, аттың дүбірі де, бәрі, бәрі бар. Егер осының бәрін түсінетін өре болса «Көшпенділер» жұп-жұмыр тамаша туынды болар еді…». Бұл да күйшінің көкейінде жүрген кішкентай кірбің екен.
Күйші 2005 жылы Америкаға гастрольдік сапармен барады. Бұл сапарға Құрманғазы оркестрімен бірге Астананың симфониялық оркестрі де жол тартыпты. Симфониялық оркестр бірінші құрамда өнер көрсетсе, Құрманғазы оркестрі екінші кезекте күй төгілтті. Әсіресе, оркестрдің «Көңілашарды» тартқан кезінде зал толы америкалық ауыздарын ашып,аңтарылып, дүркірете қол соғады. «Сондағы америкалықтардың бізге айтқаны мынау еді,– деп еске алады өнер иесі. – Бізге симфониялық оркестрлеріңізді неге әкелдіңіздер? Ол бізге таңсық емес. Бізде бір Нью-Йорктің өзінде жүзден аса симфониялық оркестр жұмыс істейді. Симфониялық оркестр орындайтын туындылардан біз шаршағанбыз. Ал мына Құрманғазы оркестрінің жөні тіптен бөлек екен. Бұл жерде жанды музыка, бай фольклор, тарих үні жатыр! Классиканың ең биігі ғой бұл деген. Бізге керегі де осы болатын. Яғни сіздердің домбыраларыңыздың үні» дегендері әлі күнге жадымда. Сол кездегі америкалықтарды тағы бір таңқалдырғаны біздің қара домбырамыздың жасалуы болатын. Домбырамызды әрлі-берлі аударыстырып қарап, «Апырмай, мынадан қалай дыбыс шығарасыздар?» деп таңғалысты. Міне, күйдің, қара домбыраның қасиеті!» деп еске алады.
«Құрманғазы оркестрі ұрпаққа ұлттық құндылық – күй өнерін насихаттаудан жаңылған жоқ. Құдайға шүкір, артымыздан шәкірт ерді. Қазақтың күй өнері осы жастар барда жүрісінен жаңыла қоймас деп сенемін. Әсіресе, Батыржан, Асылбек, Шыңғыс, Қадыршат, Нұрғиса, Қуанышбек, Жалғас, Бейбарыс есімді тағы басқа жас таланттар көз алдымызда күй өнерінің көсегесін көгертіп жүр. Оларды бірі-бірінен бөліп-жармаймын. Тек солардың арасындағы бір қыз баланы ерекше атағым кеп отыр. Ол – Сәбира Бибатырова. Келешегінен үлкен үміт күтетін қызым да сол. Оның домбыра қағысының өзі бөлек». Шәкірттері туралы ұстаз ұзағынан толғайды…
Кезінде «Құрманғазы оркестрінің бас концертмейстрлігі шебер қолға берілген. Тұяқтай күйшілер көп болса екен» деп тілек білдіріпті атақты дирижер, Қазақстан, Ресей, Татарстанның Халық әртісі Фуат Мансуров. Бұл да болса Тұяқ күйшінің күй мектебінің қара шаңырағы Құрманғазы оркестріне қосқан сүбелі үлесінің лайықты бағасы болса керек.

Текті өнердің Тұяғы

Қара бұлттай ыдырап көңілімді басқан мұң,
Кеудеме кеп құйылды-ау бар жұлдызы аспанның!..
…Мынау шешен шектерден сыр таптым-ау мен бөлек
Бүкіл далам келді ғой көз алдыма дөңгелеп…

Өнерін Қадыр ақындай бағала­ған Тұяқ күйшіде не арман бар дейсіз?! Әйтпесе, тыңдаушысы жоқ сөз ғана емес, күй де жетім қалар еді… Тұяқтың тыңдарманының ішінде И.Тасмағамбетов те бар. «Иманғали Тасмағамбетов – ұлт мәдениеті десе ішкен асын жерге қоятын азамат. Әсіресе осы күй өнеріне оның тигізген көмегін көзім көрді. Осындай ұлтқа жанашыр басшылар көбейсе екен. Менің миссиям көп. Ұзақ пен Мәмен күйшінің басын көтерту – менің көкейімде жүрген арманымның алды. Қолыма құрттай қаржы түсе қалса осы іске жұмсасам деген ойым бар» дейді күйші бір сырдың шетін шығарып. «Кейде теледидардан күй өнеріне қатысты хабарлар тыңдаймын. Екі күйшіні шығарып қойып, айтыстырудан аспайды. «Ұлы да ұлының сарқытын ішеді» депті ғой бір данышпан. Ендеше Құрманғазының да ұстазы, оның да өз шәкірті бар емес пе? Кейін сол шәкірттердің өзі үлкен бір мектепке айналған. Сондықтан ұрпақ сабақтастығын сақтай отырып, әдемі бір хабар жасаған дұрыс-ау. Жас буынға аға буынның өнегесі үлгі болар еді. Аллаға тәуба, арамызда көзі тірі күйшілер бар. Мәмен мектептерінен біз бармыз. Әзидолла Есқалиев бар. Сүгір мектебінен Жанғали Жүзбаев бар. Анау Ермек Қазиев, Едіге Нәбиевтердің өзі неге тұрады? Арамызда жүрген Шәміл Әбілтаев, Айгүл Үлкенбаева, Нұрғиса мектебін жалғастырушы Қошқарбек Тасбергеновтер бар. Ал Біләл Ысқақ, Секен Тұрысбек, Тұрар Әліпбаев, Оралдағы Өтеген Жұмашевтердің орны бір бөлек. Есімдері аузыма түспей отырған қаншама талантты күйшілер арамызда жүр. Солардың басын қосып, ақылдаса отырып, тұщымды жаңа телевизиялық жоба неге жасамасқа» деп бір қойды.
Күйдің көрігін қыздыратын Тұяқ Шәмеловті толғандырып жүрген бір бұл ғана емес. Биыл асқаралы алпыстың биігіне шығып, туған жері – Орал өңіріне аттанып бара жатқан күйші «Ақұштап апам «Ару Ақжайықта мұрты едірейіп, қылыш асынған Чапаев тұрғанша, домбырасын ұстаған Құрманғазының ескерткіші неге тұрмайды?» деп мәселе көтергелі біраз болды. Вокзалдан түскен мейманды қолына қара домбырасын ұстаған күйші Құрманғазы қарсы алса, шындығында қандай ғанибет болар еді ғой! Орал өңіріне алғаш келген адам өзінің күй өлкесіне аяқ басқанын сезіндіретіндей қадам болар еді ғой. Бұл деген ғажап емес пе?..» деген ой айтты.
Тұяқтың тұла бойы тұнған тынымсыз ой. Қайтсем күйдің көсегесін көгертем деген ізгі арман. Ол «қазақтың қазақ болып қалуы үшін де төл өнердің тұғыры берік болуы керек» дейді. Қадыр ақын Тұяқ күйшінің таланты туралы жырлай келіп:
Бүкіл дала тарихын өзі-ақ жазып тауысады,
Мың тұяқтың дүбірі – бір Тұяқтың саусағы!, – деп бір қайырған екен. Айтпақшы, Тұяқ Шәмеловтің әншілік қыры туралы көбі білмейді. Тұяқ – көптеген күйлердің ғана емес, әдемі әуезді әндердің де авторы.
Ендеше, текті әулеттің ғана емес, текті өнердің Тұяғына айналған күйшіге Алла қуат беріп, күйдің көгінен көрініңіз деген тілек айтамыз.

 


 

Динара ІЗТІЛЕУ

Пікірлер