“Қаражорға” болмаса, бидiң сәнi келмейдi

2919
Adyrna.kz Telegram

Осыдан бiраз бұрын “Қа­зақстан” телеарнасынан көр­сетiлген “Екi жұлдыз” жобасында әншi ағамыз Лұқпан Жолдасов “Қазiр “Қаражорға” дейтiн дерт пайда болды… Мұндай би болмаған! Кемпiр-шалдардан бiз де сұрап көрдiк, мұндай бидi ешкiм бiлмей­дi…” дедi мiз бақпастан.

“Қазақта мұндай би бол­маған” дейтiн тек Л.Жол­дасов қана емес, бұлардың са­ны бiразға жетедi. Өкiнiштi-ақ…

Ресейдiң әйгiлi зерт­теушi-ғалымы Маннергейм (1864–1951) 1907 жылы мамыр айында қазiргi ҚХР-дың Iле қазақ автономиялы облысына барған сапарында “Қа­зақтардың домбыраның сүйе­мелдеуiнде екi иықтарын қозғап, буын-буын­дарын сыртылдатып” билейтiн биi туралы жазып, фотоға түсiредi. Бұл жөнiн­дегi толық мәлi­меттердi менiң жақында жа­рық көретiн “Қазақтың “Қа­ражорғасы” атты кiтабым­нан оқи алатын боласыздар.

1934 жылы Алматы қаласында өткен алғашқы бүкiл­қазақстандық өнерпаздар слетiнде “Қазақ биi”, “Аю биi”, “Қоян-бүркiт биi”, “Қаражорға” биi биленген. Бұл билердi билегендер – Алматы маңынан келген Ысқақ Қажыбаев, Қарқаралыдан келген Зәуiрбай Құлсейiтов және тағы басқалар. Қанабек Байсейiтов осы слет жөнiнде: “Менiң, әсiресе, есiмнен кет­пейтiнi – қазақ бишiлерi­нiң көптiгi. “Қазақта би жоқ, болмаған” дегенде таңдайлары тақ-тақ ететiндердiң талайы осы слеттен кейiн ойланып сөйлейтiн болды” деп жазды өзiнiң “Құштар көңiл” атты кiтабында.

“Қаражорға” әу баста күй болған, одан кейiн күйге негiзделiп би жасалған. Бимен қоса айтылатын әуен бастан-аяқ емес, күйдiң әр-әр жерiнде бидiң ажарын аша түсу үшiн ғана айтылады. Оның өзiнде әуендi айтушылар бишi­лер­дiң арт жағында, болмаса сахна сыртында тұрып айтуы керек. Халықтың “Қаражорғаға” деген ыс­тық ықыласын пайдаланып бидi әнге айналдырып жүргендер тым көбейiп кеттi.

Қазiргi айтылып жүрген мәтiн “Қаражорға” биiнiң өз мәтiнi емес, Қытайдағы қандасымыз Мерей Тұрдақынұлы деген азаматтың жазған мәтiнi. Мұнда:

Кемпiр жүрсе кеңкiлдеп,

Ақ жаулығы желкiлдеп,

Шалдарына көз қысып,

Би билесiн селкiлдеп.., –

деп келетiн ойсыз, жеңiл жолдар бар.

“Қаражорға” бiздiң дәс­түрлi ұлттық құндылығымыз болуы тиiс, көнеден келе жатқан бидiң мәтiнiн де, ырғағын да өзгертуге хақымыз жоқ. Қытайда     13 288 адам билеген нұс­қа­сында да, өткен жылдың қазан айында Аягөз қаласында 6000-дай адам билеген нұсқасында да осы құндылықтар толығымен сақталды. “Қаражорғаның” көнеден келе жатқан мәтiнi­нiң нұсқасы мынадай:

 

“Қаражорға” болмаса,

Бидiң сәнi келмейдi.

Қос етек көйлек кимесе,

Қыздың сәнi келмейдi.

Есiк алды қараған,

Тамыры жерге тараған.

“Қаражорға” билесе,

Жұрттың бәрi қараған.

Есiк алды долана,

Доланаға жолама.

“Қаражорға” шерткенде,

Билемесе бола ма?!

Былғары етiк қос табан,

Қоншын қайырып тастаған.

Аспаған да саспаған,

Тойдың сәнiн бастаған.

Бұлаң етiп, былқ етiп,

Сылаң етiп, сылқ етiп.

Өне бойға көз тастап,

Жауырынды кең тастап.

Ай, ақтайдай, ақтайдай,

Жауырыны тақтайдай.

“Қаражорға” билесе,

Жұрттың бәрi мақтайды-ай…

 

Ендi “Қаражорға” күйi­не келейiк. Жоғарыда атал­ған “Екi жұлдыз” бағдарламасында орындалған күйдiң басым бөлiгi “Қаражорға” күйiнiң әуенi емес. Қытай қазақтарында ал­ғаш рет түсiрiлген “Хасен – Жәмила” киносына арнап арнайы тапсырыспен әйгiлi күйшi Тайыр Белгiбайұлы “Салкүрең” аталатын күй жазады. Жоғарыда орындалған күй – осы күй.

“Қаражорға” биiне де – халық биi, халық күйi ретiнде құрметпен қарап, оны өзгертуге болмайтынын қанша ескертсек те, халықты алдап, жеңiл жолмен ақша табуды көздеп, дүбәра нұсқасын қайта-қайта сыртқы мұқабасын өзгертiп басып, қара базарда сататындардың жолын кесу әзiрге мүмкiн болмай отыр.


Жамал ДИХАНҰЛЫ,
“Қаражорға” өнер ұжымының директоры.
«Жас Алаш».
Пікірлер