АҚШ "Шыңжаңда ұйғырлар мен қазақтарға және басқа да мұсылмандарға қысым жасауға қатысы бар" Қытайдың 28 компаниясы мен фирмасына санкция салды.
7 қазанда АҚШ сауда министрлігі "қара тізімге енген Қытай компаниялары енді америкалық компаниялардан Вашингтонның рұқсатынсыз тауар сатып ала алмайды" деп мәлімдеді.
Мәлімдемеде "санкция салынған компаниялар Қытайдың ұйғырларға, қазақтарға және басқа да діни азшылық топтарға қарсы репрессия науқанына, жаппай ұстауға және оларды жаңа технологиялармен аңдуға атсалысқан" деп жазылған.
АҚШ санкция салған компаниялар арасында Қытайдың 20 қоғамдық қауіпсіздік бюросы, видео бақылау жүргізетін Hikvision фирмасы, адам жүзін анықтау құрылғыларын дайындайтын Sense Time және Megvii Technology компаниялары бар.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйекте Пекинге барған сапарында Hikvision компаниясының штаб-пәтерін аралаған. Қазақстандық басылымдар Hikvision басшысы Чэнь Цзуннянь Тоқаевқа "Орталық Азиядағы коммерциялық жобаларын" таныстырғанын жазған еді. Чэнь Цзуннянь 2015 жылы Hikvision Қазақстанда өкілдігін ашқанын айтқан. Қазақпарат агенттігі Тоқаев компанияның ақылды монитор құрылғысын көргенін хабарлаған.
8 қазан кешкісін Қытай сыртқы істер министрлігі Пекинде брифинг өткізіп, АҚШ-тың санкциясын "басқа елдің ішкі ісіне араласу" деп сынады.
"АҚШ-тан жедел түрде өз қатесін түзеп, шығарған шешімдерін қайта өзгертуді шақырамыз. АҚШ Қытайдың ішкі ісіне араласуды тоқтатуы керек. Қытай өз мүддесі мен дербестігін, қауіпсіздігі мен дамуын қорғау үшін нақты әрекеттер жасап, шешімдер қабылдайды" деді Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Гэн Шуан.
Өткен айда АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео "Қытайдың Шыңжаңдағы репрессия науқаны терроризммен күрес емес. Бұл – Қытайдың өз азаматтарын жою әрекеті" деп мәлімдеген. Помпео бұл сөзін 22 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ жиынының сыртында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан сыртқы істер министрлерімен кездескенде айтқан.
Бұл – АҚШ-тың Қытай компанияларына салған бірінші шектеуі емес. Биыл мамырда АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Қытайдың
Huawei компаниясына санкция салған. Әлемдегі ең бай экономикаға ие АҚШ пен Қытай арасында қазір сауда соғысы жүріп жатыр. Вашингтон мен Пекин бір-бірінің тауарларына түрлі салық пен тариф енгізген.
Шыңжаңдағы қазақтар мен ұйғырлардың қысым көріп, лагерьге қамалып жатқаны туралы ақпарат 2017 жылы көктемінде шыға бастаған. Өткен жылы БҰҰ Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін Қытайдың солтүстік-батысындағы "саяси тәрбие лагерьлерінде" ұстап отырғаны туралы мәлімдеген. Басында мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атаған.
Кейін Қытай постсоветтік елдерден, Араб елдерінен және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен өкілдер шақырып, Шыңжаңды аралатқан. Олардың арасында Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің өкілі де бар. Шыңжаңға барған дипломаттардың көбі "тәрбиелеу орталықтарын" мақтаған. Бірақ Пекин Шыңжаңға АҚШ-тың, Батыс елдерінің және БҰҰ өкілдерін кіргізбей отыр.
Шілдеде Жапония, Австралия, Ұлыбритания, Канада, Франция, Германия, Швейцария бастаған 22 елдің БҰҰ-дағы елшілері ұйымның Адам құқығы кеңесіне хат жазып, Шыңжаңдағы діни азшылықтар қамауда отырған лагерьлердегі қысымды айыптаған. Артынша 37 елдің БҰҰ-дағы елшілері де Адам құқығы жөніндегі кеңеске хат жолдап, Пекиннің Шыңжаңдағы саясатын қолдайтынын мәлімдеді. Олардың қатарында Ресей, Сауд Арабиясы, Беларусь, Тәжікстан, Түркіменстан бар.
"Жақындарымыз лагерьде қамалды" деген ондаған қазақстандық Алматыда, Нұр-Сұлтанда түрлі жиын өткізіп, халықаралық ұйымдардан және Қазақстан билігінен көмек сұраған. Ресми Нұр-Сұлтан Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін басында "Қытайдың ішкі ісі" деп атаған. Бірақ кейін сыртқы істер министрлігі Шыңжаңдағы қазақтар мәселесі дипломатиялық жолдармен шешіліп жатқанын хабарлаған.
Биыл қазанның басында Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді "Шыңжаңдағы лагерьде қазір қазақтар жоқ" деп мәлімдеген. Ол Қытайдағы қайта тәрбиелеу орталығында қанша қазақ отырып шыққанын ашып айтпады. Бірақ Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін көтеріп жүрген Қазақстандағы "Атажұрт еріктілері" "лагерьде қазақтар қалмады" деген министр сөзін жоққа шығарады.
"Азаттық" радиосы