Тасымалдауға келмейтін науқастарды және соғыс уақытында жұмысын жалғастыратын ұйымдарды қорғауға арналған азаматтық қорғаныс құрылымдарының 70%-дан астамы жеке меншікте екені анықталды. Мұны 2024 жылы жүргізілген түгендеу көрсетті. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов депутаттық сауалға берген жауабында айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Vlast.kz сайтына сілтеп.
Бұған дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) фракциясының депутаты Ажар Сағындықова “халықты баспанамен қамтамасыз ету үшін Қазақстанның елді мекендеріндегі заманауи қарудың зиянды әсерін азайта алатын барлық ғимараттар мен құрылыстарға түгендеу жүргізілді ме” деген сұраққа қызығушылық танытқан болатын.
Өз жауабында министр Шыңғыс Әрінов азаматтық қорғанысқа құрылымы заманауи зақымдаушы құралдардың әсерінен қорғау мақсатында салынатынын атап өтті. Бұл құрылыстар тасымалдауға келмейтін науқастарды, сондай-ақ денсаулық сақтау нысандарының медицина және қызмет көрсетушілерді, сонымен қатар соғыс уақытында жұмыс істейтін ұйымдардың негізгі жұмыс ауысымын қорғауға арналған. Министрдің айтуынша, олар табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғауға арналмаған.
«Соңғы бес жылда 70 азаматтық қорғаныс құрылымы жаңадан салынды және дайын күйге келтірілді. 2024 жылғы түгендеу нәтижесінде қорғаныс құрылыстарының жалпы қорының ішінде 70%-дан астамы жеке меншікте, ал шамамен 30%-ы мемлекеттік меншікте екені анықталды. Иесіз қалғаны – 16, жергілікті атқарушы органдардың балансында 71 нысан бар. Оларды күтіп-ұстауға 2024 жылы 110 миллион теңге бөлінді», – деді Әрінов.
Сондай-ақ, 2014 жылдан 2024 жылға дейін «қорғау қасиеттерін жоғалтуына байланысты» 171 қорғаныс нысаны есептен шығарылған.
Министр қорғаныс құрылыстарының саны мен жай-күйі туралы ақпарат «қызметтік пайдалану үшін» ғана екенін, сондықтан олардың дайындығы Қауіпсіздік кеңесінің отырыстарында қаралатынын айтты.
Жалпы алғанда, қазіргі заманғы зақымдаушы құралдардың әсерінен халықты қорғау үшін қарапайым жасырынатын орындар – жертөлелер, цокольды қабаттар, жерасты автотұрақтар, сауда үйлерінің паркингтері, жеке орналасқан жер асты құрылыстары, метрополитендер, жерасты өткелдер және т.б. бар. ТЖМ мәліметінше, Қазақстанда мұндай жасырынатын орындар саны – шамамен 14,5 мың, оларда 15 миллионға жуық адам паналай алады.
Сонымен қатар, ауқымды төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен халықты қабылдайтын 3 952 пункт дайындалған. Бұл пункттер зардап шеккендерді жинауға, тіркеуге, уақытша орналастыруға, алғашқы қажетті заттармен қамтамасыз етуге, медициналық көмек көрсетуге және қауіпсіз аудандарға эвакуациялауға арналған.
«Халықты ақпараттандыру және зардап шеккен халықты қабылдау пункттеріне ең оңтайлы маршруттарды жедел құру мақсатында ТЖМ-нің бастамасымен бұл пункттер «2ГИС» және «Яндекс карта» платформаларына енгізілді», – деді Әрінов.
Ең көп пункт Алматыда – 545, Жамбыл облысында – 423, Алматы облысында – 417. Ең аз саны Астанада – 16 және Батыс Қазақстан облысында – 14.