Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін «Әскери даңқ қаласы» мәртебесін иеленген елуге жуық қала бар. Соның ішінде Ресей, Украина, Ингушетия мен Шешен Республикаларындағы кейбір қала соғыс өртіне оранса да жау шебіне қарсы тойтарыс берген аймақ ретінде тарих бетінде таңбаланып, жергілікті халықтың жігерін көтеріп, рухын оятуға септігін тигізіп келеді. Осы сұрапыл соғыста ерлікпен қаза тапқан майдангерлерімізді айтпағанда, фашистердің әуедегі соққысына тойтарыс берген жауынгерлердің жанкештілігі мен қазақ топырағында болған шабуылдың шынайы бағасы берілген жоқ.
Соғыс туралы кеңестік және отандық академиялық оқулықтарда Қазақстанның жеңіске жету жолындағы үлесі өнеркәсіптік кәсіпорындар, халық, колхоздардың малдары басып алынған аумақтардан эвакуацияланған терең тыл аумағы ретінде түсіндіріледі. Әйткенмен кейінгі жылдары тарихшы ғалымдар мұрағаттардан алынған құжаттармен расталған көптеген фактілерде Батыс Қазақстанның Сталинград шайқасы кезеңінде еліміздің майдан тылы ретінде жауынгерлік іс-қимылдарға тартылғанын және қатысқанын дәлелдеп жүр.
Бүгінге дейін белгілі болғандай, бұл соғысқа 1 миллион 200 мың отандасымыз қатысты. Олардың жартысынан көбі қаза тапты. Әлі де қазба жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ кейінгі жылдары Ресей ресми мойындап отырған 106 кавалериялық дивизияның 90 пайызы қазақтардан құралған. Ақмолада құрылған төрт мың сарбазы бар дивизия Харковтың түбіндегі қиян-кескі шайқаста жалаң қолмен жауға ұрысқа шыққан. Бес сарбаздың қолына бір қару ұстаған дивизия мұздай қаруланып, сақадай сай тұрған неміс әскеріне қарсы шайқасты. Мыңдаған қазақтар басып алынған аумақтардағы партизандық қозғалыста ерлік көрсетсе, 700 мыңнан астам адам еңбек армиясының қатарына шақырылып, Орал мен Сібірдің қорғаныс кәсіпорындарында жұмысқа тартылды. Олардың арасында жас балалар да болды. Қазақстанның қалалары мен ауылдарында миллиондаған отандасымыз майданды оқ-дәрілермен, азық-түлікпен және киім-кешекпен қамтамасыз ету үшін күндіз-түні кірпік ілместен жұмыс істеді. Бір сөзбен айтқанда, қазақ халқының барлық күші майдан мен жеңіске арналды. Өкініштісі, қазір Сталинград шайқасы кезеңінде Батыс Қазақстан аумағының әскери қимылдарға тартылғанына да тарихи баға дұрыс берілмей келеді.
Осы күнге дейін алдыңғы тыл ретінде бағаланған қазақ топырағында әскери қимылдаржасалғаны ғылыми негізде зерттелмей қалды. «Шын мәнінде, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарының аумағы – соғыс өртін бастан кешіріп қана қоймай, жаудың әуедегі бомбалауына төтеп берген әскери қала», дейді Ұлттық қорғаныс университетінің оқытушысы, полковник Амангүл Алдабергенова. Бұл айтылғанға философия докторының тарихи құжаттарға негізделген тың деректері бар. Оның айтуынша, 1941 жылдың маусымынан бастап 1942 жылдың мамырына дейін Харьков маңындағы Қызыл Армияның апатты жеңілісіне дейін Қазақ КСР-нің бүкіл аумағы стратегиялық немесе «терең тыл» болды. Алайда 1942 жылдың мамырынан шілдесіне дейін майдан аумағы еліміздің батыс облыстарына тез жақындап келді. Ал 1942 жылы 17 шілдеде дүниежүзілік соғыстың барысын түбегейлі өзгерткен ең үлкен және қатал Сталинград шайқасы басталып, 1943 жылдың 3 ақпанына дейін созылды. Осы кезеңде Батыс Қазақстан аумағы қысқа уақыт ішінде стратегиялық (терең) тылдан Сталинград шайқасының негізгі үш майданының – Оңтүстік-батыс, Дон және Сталинград майдандарының алдыңғы тылына айналды. Неміс әскери қолбасшылығы 1942 жылы 1 қыркүйекте Орал қаласына шабуыл жасауды жоспарлаған. Сондықтан осы жылы тамызда Батыс Қазақстан және Гурьев облыстарында әскери жағдай енгізілген.
«Батыс Қазақстан аумағында барлық үш фронттың 120-дан астам құрамасы мен бөлімі орналастырылды. Соның ішінде материалдық қорлары бар базалар, авиатехникалық, инженерлік, химиялық, санитарлық, ветеринарлық, азық-түлік секілді қоймалардан бөлек, тылды басқару органдары, арнайы әскерлердің әскери құрылымдары, жөндеу және эвакуациялық базалар орналастырылды», дейді Амангүл Мұстафақызы. Гитлердің әскери қолбасшылығы 1942 жылы 1 қыркүйекте Орал қаласына шабуыл жасауды жоспарлайды. Сөйтіп сол жылдың 12-тамызында Батыс Қазақстан және Гурьев облыстарында әскери жағдай енгізілді. КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің арнайы қаулысымен облыс орталықтары әуе шабуылына қарсы қорғаныс пункттеріне айналды. Батыс Қазақстан облысының төрт ауданы Сталинград әскери округінің құрамына кірді. Әскери қолбасшысы, генерал Еременконың картасында Жәнібек елді мекені майданның соғыс қимылдарында маңызды объект ретінде белгіленгені тарихи құжаттарда бар.
1942 жылдың 23 тамызынан кейін неміс әскерлері Еділге өтіп, оңтүстік-шығыс теміржолды кесіп тастаған кезде Орталық Ресейдің оккупацияланбаған бөлігінен жанармай мен әскери жүктерді тасымалдау толығымен тоқтатылды. Осы кезде Батыс Қазақстан аумағы арқылы өткен Орал - Урбах – Жәнібек – Сайхин – Шунгай – Жоғарғы Баскунчак теміржол желісі алдыңғы тылдың маңызды элементі болды. Бұл Сталинград шайқасының бүкіл кезеңінде майдандарды қамтамасыз етудің жалғыз теміржол еді. Ал Солтүстік Кавказды басып алған соң Бакуден Қызыл Армияға мұнай өнімдері мен жанармай жеткізу тоқтатылды. Бұл жағдайда да Батыс Қазақстанның Гурьев және Ембі мұнайы Сталинград маңындағы барлық майдандар үшін жанар-жағармай материалдарының жалғыз көзі ретінде жұмыс істеді. «Әскери бөлімдердің жіберіп отырған есебінде Жәнібек пен Орда аудандарына күніне 30 ұшақ келіп, 70 авиабомба тастаған. Жергілікті атқарушы органдардың бөлімдерін басқа жерге көшіріп, әскери бөлімшеге айналдырған. Халық сол жерде қалып, бомбалап жатқан теміржолдарды қайтадан қалпына келтіруге қызмет атқарған. Ең маңыздысы Сталиннің бұйрығымен Мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылған. Мұндай комитет тек соғыс болып жатқан жерде ғана құрылады», дейді ол. Осыны ескерсек, қазақ топырағы «терең тыл» терминінен «майдан тылы» деген терминге айналуға тиістігін көрсетеді.
Бұл аумақта неміс авиациясының жауынгерлік рейдтерімен күрескенін жеткізген Амангүл Алдабергенова: «Жаудың жоспары алдымен майдан тылының жұмысын істен шығару болды. Сол үшін барлық стансаларды, қамтамасыз ету жүріп жатқан Батыс Қазақстанның елді мекендері мен автомобиль жолдарын, аман қалған және жұмыс істеп тұрған теміржол желісін жүйелі түрде бомбалаған. Стансаға фашистік авиация 398 рейд жасап, 8650 әуе бомбасын тастаған. Бомбалау маңызды өнеркәсіптік және ауылшаруашылық нысандары орналасқан аймақтың барлық дерлік елді мекендеріне әсер етті. Қарсыластың әуе шабуылдарына қарсы тұру үшін Сталинград майданының қолбасшылығымен жауынгерлік бөлімшелер құрылды. 2 зениттік артполк, 2 әуе армиясының 2 истребительдік авиациялық полкі, 8 зениттік бронды пойыз және бірнеше зениттік пулемет взводтары, 3 батальон үлес қосты», дейді.
Өңірде жаудың барлау-диверсиялық топтарымен күрес тоқтаусыз жүргізілді. Неміс қолбасшылығы Қызыл Армия үшін жанармай бекетін жабу мақсатында Гурьев, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының өнеркәсіптік кәсіпорындарын нысанаға алған көптеген барлау-диверсиялық топтарды осы аумаққа жіберді. Сол үшін жергілікті тұрғындар арасынан жауынгерлік отрядтар құрылды, олар көбінесе арнайы дайындалған және жақсы қаруланған диверсанттар тобына қарсы батыл және сәтті әрекет етті. Осылайша, Қазақстан қалалары Сталинград шайқасы кезеңінде барлық үш майданның сенімді және тиімді майдан тылына айналды. Бұл – Қазақстан аумағы мен қазақ халқының жеңіске қосқан орасан үлесі,тарихи шындығы.
Полковник Амангүл Алдабергенованың айтуынша, тәуелсіздік алған жылдардан бері біз ұлан-ғайыр жерімізді аман сақтап қалған қазақ хандары мен батырларына лайықты құрмет көрсетіліп келеді. Мұның бәрі этномәдени болмысымызды қалыптастыруда ерекше маңызға ие. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында Астана, Алматы және Қарағанды қалаларына «1941–1945 жылдардағы еңбек даңқы қаласы» атағын беру жөнінде шешім қабылданды. Алайда қазақ халқының сол соғыс жылдарындағы ерен ерлігі мен жанқиярлық еңбегі негізінде Қазақстанның барлық қаласы мен ауылына «Еңбек даңқы қаласы», «Жауынгерлік ерлік қаласы» деген мәртебелі атақтар беруге толық негіз бар. Әсіресе Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарына «Жауынгерлік ерлік ауданы» деген ерекше мәртебе берілуі керек.
Өйткені бұл екі аудан – 1942 жылдың қыркүйегінен бастап 1943 жылға дейін Сталинград шайқасы аяқталғанға дейін фашистердің аяусыз әуе шабуылына ұшыраған аймақ. Жәнібек пен Орда арқылы өтетін теміржол - Сталинград майданына азық-түлік пен жанар-жағармай, адам күші тасымалданатын жалғыз бағыт еді. Сол себепті жау осы теміржол торабына соққы беруге тырысты. Бомба дәл осы аудандардың үстіне түсті.
«Бұл аудандарға «Қаһарман аудан», «Жауынгерлік даңқ ауданы» сияқты лайықты атақтар берілуі керек деп есептейміз. Өкінішке қарай, қазір бұл тарихи әділдік жүзеге аспай келеді. Мысалы, 1942 жылдың 3 қарашасында Сайхин стансасы маңында – ол жерде Сайхин, Шыңғырлау және Жәнібек деген үш станса бар – жау жалған аэродром салып, сол маңға 70 бомба тастайды. Ал 4 қараша күні жаудың жеті ұшағы келіп, адам тасып бара жатқан пойыз эшелонын бомбалаған. Бұл шабуыл Шыңғырлау стансасы маңында болған. Қазір біз сол кезде қаза тапқан азаматтарды анықтау, қайта жерлеу жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Жарылыстардан қалған шұңқырларға тастап көме салған сол боздақтардың сүйектерін тауып, лайықты жерлеу шараларын жүргізіп жатырмыз. Арасында аты-жөні белгілілері де бар. Бірақ нақты кімнің кім екенін, жалғыз ұлының кім болғанын таба алмай, анықтай алмай жүрміз. Бұл – біз үшін жүрекке салмақ түсіретін ауыр шындық», дейді ғалым.
Соғыс жылдарында қазақ топырағы армияға аттандырылған адам ресурстарының көзі, майдан арсеналы, эвакуацияланғандарға арналған тыл, қуғын-сүргінге ұшырағандар үшін аман қалу орны болды. Әрине, Украина мен Беларусь, Ресейдің еуропалық бөлігінің халқы төрт жылдық соғыс кезіндегі бастан өткерген ауыр күндерін мойындамау мүмкін емес. Дегенмен жеңіске бір табан үлес қосқан қазақ батырлары мен соғыс отына оранған қалаларға ресми түсіндірме беріліп, «Әскери даңқ қаласы» мәртебесі берілсе, ұлт мәртебесі ұлықталып, ұрпағы мақтан етер еді.
Жадыра МҮСІЛІМ