2025 жылғы 4-14 сәуір аралығында Сербияның Златибор қаласында мектеп оқушыларына арналған дәстүрлі ISF U15 спорт фестивалі өтті. Ауқымды додаға әлемнің 55 елінен 2 500-ден астам жас спортшы жиналды. Түрлі спорт түрлері бойынша өзара бақ сынасқан жас спортшылар арасынан отандастарымыз топ жарды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Қазақстан атынан жарысқа 22 спортшы қатысып, бокс, еркін күрес, дзюдо және шахмат секілді спорт түрлерінде ел намысын абыроймен қорғады. Солардың 12-сі – Тимур Құлыбаевтың бастамасымен және «Halyk» қайырымдылық қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан Auyl Sport жобасының жеңімпаздары болатын.
СЕРБИЯ ТӨРІНДЕГІ ЖАРҚЫН ЖЕҢІС
Гимназиаданың қорытындысы бойынша, Қазақстан құрамасы жалпы есепте 11 медаль иеленді. Оның ішінде Auyl Sport спортшылары төрт бірдей жүлдені қанжығаларына байлап, ел абыройын асқақтатты.
Атап айтқанда, бокстан өткен тартысты бәсекеде 19 елден келген 160 спортшының ішінен 52 келі салмақта Шыңғыс Макаров, 60 келіде Айбек Садық, және 57 келіде Нұртас Әлімбай қарсыластарын қапы қалдырып, алтын медальға қол жеткізді. Бұл үш спортшы да 2024 жылғы Auyl Sport жобасының үздіктері екенін атап өткен жөн.
Бүгін, 15 сәуір күні Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясы ғимаратында жүлдемен оралған спортшыларды және олардың жаттықтырушыларын марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға Halyk қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов, боксшы, халықаралық спорт шебері, Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ыбырайымов, Қазақ спорт және туризм академиясының тәрбие және спорт жұмысы жөніндегі проректоры Мұхтар Есқалиев және өзге де спорт жанашырлары қатысты.
«Auyl Sport жобасы ауылдағы талантты балаларға үлкен аренаға шығуға жол ашып отыр. Бұл – жай ғана спорттық жоба емес, нағыз әлеуметтік лифт, ауыл баласының арманын ақиқатқа айналдыратын мүмкіндік. Гимназиададағы жетістіктер – осы мақсаттың орындалғанына дәлел», дейді Halyk қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Еркін күрестен Түркістан облысының тумасы Нұрқожа Қалыбек қола медаль иеленді. Рапид және блиц форматында өткен шахмат сайысына 17 елден 100-ден астам шахматшы қатысты. Ақыл ой додасында Auyl Sport жобасының өкілдері – Жанат Нұрым мен Олтинай Алғаппарова жоғары деңгейдегі ойын көрсетіп, ұйымдастырушылар тарапынан арнайы марапаттарға ие болды.
СПОРТШЫЛАР ЛЕБІЗІ
Бокстан 60 келі салмақта үздік атанған Ақмола облысының 14 жастағы жас спортшысы Айбек Садық жарыс жайлы өз ойын бөлісті. Жартылай финалда сол қолынан жарақат алған Айбек бір қолымен ғана жұдырықтасса да, қарсыласын сан соқтырды.
«Бокспен айналысқаныма төрт жылдан аса уақыт болды. «Auyl Sport» жобасына өңірлік және республикалық кезеңдерден өтіп келдім. Бапкерлерге, жоба ұйымдастырушыларына және барлық қолдау білдірген жақындарыма алтынмен келемін деп уәде берген болатынмын. Сол уәдемде орындадым. Қуаныштымын. Жас спортшыларды, әсіресе ауылдан шыққан дарындарды қолдап отырған «Auyl Sport» жобасына алғысым шексіз. Нағыз чемпиондар – ауылда! Бұйырса мен де Олимпиада чемпионы болып, көк туымызды биікте желбіретуді мақсат тұтамын» деді Айбек Садық.
Балаларының жарқын жетістігіне куә болған ата-аналар да қуанышын жасырмады. Шахматтан бақ сынаған Олтинай Алғаппарованың әкесі Әнуар Абдиев те жоба жетекшілеріне алғысын білдірді.
«Бұл біз естімеген, күтпеген дүние. Қарапайым ауылдан шыққан жас таланттарды шетелге апарып, ел намысын қорғауға мүмкіндік беріп отырған «Halyk» қайырымдылық қорына рақмет айтамыз. Балаларымыздың әр жетістігіне шынайы қуанып, әр жарысты тақымымызды қысып, тілектес болып отырамыз. Баламыздың жетістігін көру, оның үлкен тәжірибе алып, ел көріп, жер көріп келгеніне біз ата-ана ретінде шынайы қуаныштымыз» деді ол.
МЫҢДАҒАН АУЫЛ БАЛАСЫНА МҮМКІНДІК БЕРГЕН ЖОБА
Auyl Sport жобасының негізгі мақсаты – ауыл балалары мен жасөспірімдерін спортқа тарту, спортты насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, жаттықтырушылардың біліктілігін арттырып, оларды жаңа дағдыларға бейімдеу. 2024 жылы елге таныстырылып өңірлерден жас дарындарды жинақтаған жоба бүгінде жарты жыл ішінде өз нәтижесін берді. Сербия еліндегі жарыста ел намысын абыроймен қорғап, халықаралық аренадан жүлдемен оралған ауыл спортшылары да елеусіз қалмады. Жас чемпиондар меценат Тимур Құлыбаевтың атынан алғыс хаттармен қатар, ақшалай сыйақылармен марапатталды.
Атап айтқанда алтын медаль иегерлеріне – 1 миллион теңгеден, қола жүлдегерге – 300 мың теңге, шахматтан жоғары нәтиже көрсеткен жас зияткерлерге – 200 мың теңгеден табысталды. Чемпиондарды жаттықтырған бапкерлер де лайықты түрде ақшалай сыйлықпен бағаланды.
Айта кетейік, былтыр ғана тұсауы кесілген Auyl Sport жобасы арқылы – 200-ден астам елді мекеннен 12 000 жас спортшы өңірлік турнирлерге қатысып, 17 облыстан іріктелген 1 300 үздік жасөспірім финалдық кезеңде бақ сынады. Қазір жоба аясында бокс, күрес, каратэ, баскетбол, волейбол және шахмат спорт түрлері қамтылған. Ал 2025 жылдан бастап, жобаға үстел теннисі де қосылмақ.
Жалпы, Тимур Құлыбаев басқаратын «Halyk» қайырымдылық қоры елдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Ауыл спортын өркендетуге қор 500 миллион теңгеге жуық қаражат бөлген.
суреттер: "Халық" қайырымдылық қоры баспасөзінен