Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжілістің жалпы отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Magnum сауда желісіне қатысты бойкот мәселесіне пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Әлеуметтік желіде қазақша қызмет көрсетуді өтінгені үшін жеткізушінің жұмыстан қуылуына байланысты басталған бойкот кең талқыға түскен еді. Журналистердің сұрағына жауап берген вице-премьер бұл жағдайды жеке адамдар арасындағы тұрмыстық дау деп атап, алайда одан қоғам үшін маңызды сабақ алынуы тиіс екенін айтты.
"Бұл – бар болғаны жеке адамдар арасындағы тұрмыстық дау. Бірақ бұл бізге үлкен сабақ болды. Ондай тіл мәселелерін, ұлттық мәселелерді талқылағанда, әлеуметтік желіде жазғанда абай болу керек. Қарапайым ғана 20 миллион халқымыз бар. Тату болуымыз керек. Қазақтар айтады ғой, "ауылы аралас, қойы қоралас" болу керек. Бізге не керек? Қарапайым, қарадомалақ қазақтардың басы аман болсын. Одан басқа ештеңе керек емес", – деді Серік Жұманғарин.
Сонымен қатар, вице-премьер қазақша сөйлеуді талап еткені үшін жұмыстан шығарылған азаматтың қазіргі таңда басқа жұмысқа орналасқанын атап өтті.
"Менің ойымша, ол – шешілетін мәселе", – деп қорытындылады ол.
Еске сала кетейік, Magnum желісінің курьері жұмыстан шығарылғаны жөніндегі ақпарат әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Дау курьердің тапсырыс берушіден қазақ тілінде сөйлеуді талап еткенінен басталды. Кейін компания өкілдері оның жұмыстан шеттетілгенін айтты. Осы оқиғадан кейін желі қолданушылары Magnum дүкендер желісіне қоғамдық бойкот жариялады. Қазір әлеуметтік желіге жүктеліп жатқан бейнелерден тұтынушылардың едәуір азайғанын байқауға болады.