Қазақы тәрбие – ұлттық сана!

676

«Қазақ халқы – тағдыры күрделі халық. Қазақтардың
ешкімге ұқсамайтын, сонау көне заманмен табиғи
түрде ұштасып жатқан өзіндік дәстүр салты, өзіндік
мәдениеті бар. Мұндай мәдениеттің дүние жүзінде
сирек кездесетінін ұмытпағанымыз жөн..»
Марта Брилл Олкотт.

Қазағымның тәлім – тәрбиесінің тағылымдары сонау есте жоқ ескі замандардан басталып, бүгінгімен жалғасып жатыр. Ғасырлар бойы қалыптасқан қисындар мен жөн – жоралғысында қазақы тәрбиенің жатқаны сөзсіз. Тәрбие мәселесі бүкіл адамзатты қамтиды, оған баршамыз қатыстымыз. Өткен ғасырларда да бұл мәселе өзекті болған қазірде солай. Бір ауылдың тентегін түзетуге бүкіл ауыл болып ат салысқан. Қоғам дегеннің өзі сол. Өмір сүретін ортаңның өзіндік тәртібі мен ережесін ұстану. Жалпы әңгімені педагогиканың заңдылығынан бастап ұлы ұстаздардың сөзімен бастауға болар еді, алайда қарапайым халыққа ұғынықты тілдің өзі сол қазақы тәрбие туралы баяндаудан бастау дұрыс секілді көрінді. Халқымыз тәрбие туралы ұғымдарын өз өмірінде заң ретінде қолданып келді, ол ретте осы қағидалардың орындалуын ақсақалдар қадағалады. Олар кітап оқымаған шығар, аса білімді де емес шығар бірақ дала заңын жақсы білді. Ол заңдар да кітап болып басылмады, бірақ жазусыз заң ретінде күнделікті өмірде қолданыста болды. Қазіргідей үгіт – насихат болмағаны анық, бірақ жөн – жосық деген нәрсе бәрін өз орнына қойып келді. Сол ізбен жүрген әр қазақ дәстүрден, қазақы қағидадан аттамады. «Ее ол жөн – жосық білетін азамат емеспе?!» - дегізді. Осының арқасында қағидаға жетік болғасын арамыздан қаншама ел билеген хандар мен сұлтандар, қара халықты аузына қаратқан билер мен шешендер, елін жерін қорғаған білекті баһадүр батырларымыз шықты. Кейіннен олардың орындарын, оқыған ұрпақ басты. Олардың да қарасы көп болмағанмен тарихта аттары қалды. Олар алаш қайраткерлері, сауаты мықты белді тұлғаларымыз еді. Адамзаттың өсіп – өркендеуіне кемеңгерлер мен көсемдер аздық етері анық, оған ғылым керек еді. Ғылымдардың негізін Ньютон мен Менделеев ашқан шығар. Ал, қазақтардың да өз ғылымы болғаны анық. Олардың ішінде мысалы астрономиялық ілімді алайық. Ауыз екі әдебиетіміз арқылы жеткен аспан әлемінің шоқ жұлдыздары туралы сансыз әфсананың өзі дәлел. Темірқазық, Жеті қарақшы, Үркер, Өмірзая, Шолпан жұлдыздарына қарап жол тапқан ата – бабаларымыз мықты еді ғой. Қазақтардың текемет пен сырмақтарды неше түрлі түске бояудың әдісін табиғаттан алып, сақар қайнатып сабын жасау технологиясы қай химиядан кем түсті деп ойлайсыз. Ал бір ғана сүттен бірнеше ондаған тамақ жасау технологиясын атам қазақ өзіндік қазақы ғылымынан үйренген жоқпа?! Дәрілік шөптердің тарихы мен пайдалануын ежелден білгенін де Тілеуқабыл Өтейбойдақ өз еңбегінде айтып кетеді. Көшпенді қазақтың мал сүрлеуін қадағалап, құмалағын санамағаны анық. Олар тарихи соны соқпақ салды. Сол соқпақтың жарқын іздерімен бүгін біз жүріп келеміз. Қай уақыттада да қазағым өзінің ұрпағын адам етуді мансұқ еткен, сол үшінде отбасында берілген тәрбиенің дұрыстығына бәрі бірдей жауапкершілікпен қараған. Сөйте жүре бір тұтас ұлтты тарихтың тезінен аман алып қалған. Өткен ғасырлардағы қазақтардың ортасын еске алсақ, хандар мен билері, батырлар мен ақындар, ардақты ақсақалдар мен елді аузына қаратқан аналар, бармағынан бал тамған аспаздар мен шеберлер, небір ісмерлер мен зергерлер, атбегілер мен аңшылар тұтас ұлттың игілігіне қызмет жасады, десек артық айтқандық емес. Сол үшінде «Үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без», «Шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ» деген сөз осыдан қалған шығар. Жоғарыда айтып кеткенімдей қазақтың мықты мектебі болған, олар ақсқалдар мектебі, әйелдерге енелер мектебі. Осы мектеп қазақ қалам ұстамай – ақ, ғасырлардан ғасырларға халқын аман сақтап келді. Себебі, олардың бәрі қазақы тәрбие алды. Қазақпыз деп өсіп – өнді. Дала заңын бұзбады. Соның негізінде өмір қағидасына сай әдет – салттар мен ғұрыптарда орнығып, олардан дәстүр қалыптасты. Дәстүрлер туралы ұғымдардың жаңа кезеңі басталған тұста, мәдени тұтастық та бұзыла бастады. Оқу басты мұрат, деген тұста асыра сілтеп, кеңестік дәуірде жаппай орысша оқымасақ «наныңды тауып жей алмайсынның» сойылын соқтық. Айналып келгенде тілімізге қауіп төндірдік. Өз тіліңде сөйлей алмау емес, өз тіліңде ойлай алмаудың қауіптірек екенін енді түсіндік. Соңғы 70 жылдың ішінде жазуымыз бірнеше рет өзгеріп, осыған дейін жазылған араб, латын, хадим тілдерін оқу мүмкіндігінен айырылдық. Тарихымызға илануды жоғалтып, сенімге селкеу түсті. Дәстүрлердің де заман талабына сай болуы керек, көненің қажеті шамалы деп бас тарттық, айналып келгенде қазақы тамырдан ажырап қалдық. Қазақ тағылымы ұлан ғайыр, оны түпкілікті зерттеу, ретке келтіру әлі біраз уақытты қажет етері сөзсіз. Халықтық тәрбие беретін арнайы пәндер ашылса да артық болмас еді. Ал оның көш басында тіл мәселесі мен салт – дәстүрлер тұруы керек. Қазақы тәрбие немесе қазақы тағылым дегенде, менің көз алдыма ұшы қиыры жоқ қазақ даласы елестейді. Сағынышқа айналғандай сартап даланың изені мен жусанын иіскегендей боламын. Күпі киген ауыл қазағы мен кимешек киген әйел анасын елестетемін. Кісінеген жылқы мен жылқы мінезді тарпаң жігітін, қызғалдағы мен бірге қызара ұялған қызыл шырайлы аруды көрем. Бұл менің қазақы тәрбие алып, қазақша ойлай алғаныман шығар, болмаса жастайымнан Абай, Мағжан, Ғабит, Сәкендерді оқып өскенімнен шығар. Қазақы көрегендік деген сөз, көрегенділік емес, соған апарар жолдың басындағы негізгі сөз. Олай дейтінім, халқымыз ертеңгі ұрпағы үшін үш жылғысын болжауды әдетке айналдырған. Бір күндік өмір сүрмеген. Соны сүрлеу салмас бұрын бұрынғы соқпағын ретке келтірген. Табиғатпен ғана санаспаған, барша дос, дұшпандарын қатерге алып отырған. Соның арқасында ұлан ғайыр жерді қорғап қалған. Көрегендік деген осы. Оның талай қазаққа әлі пайдасы тиері анық. Сол үшінде әр қазақ «көргенсіз» атанудан қатты қорыққан, ұрпағын содан қорғаған. Көргенді жердің баласы, жөн – жосықты білетін адам, деген түсінік міне осылайша алдымыздан шығып отырған.Осы жөн – жосықтан кеңестік кезеңде айырылып қалдық. Онымен бірге ақсақалдар мектебі құлдырады, онымен бірге келіндер мен енелер мектебі қирады. Сайып келгенде ұлттық тәрбие көбесінен сөгілді. Әдетте заман өзгереді, заманына қарай адамы деп жатамыз. Бірақ сол замандардың ішінен қазақы болмысы бар керек тұсын сақтап қала алмауымыз, біздің басты кемшілігіміз бе деймін. Біз педагогиканы Ушинский, Коменский, Макаренколар арқылы оқыдық. Біз билер мектебінің ілімі мен шешендік тағылымын оқыған болсақ, қазақы қағидамен оқысақ, түп санамыз басқаша дамитын еді. Қазақы тағылымды қайтару үшін қазақ ауыз әдебиетінен бөлек, ұлттық құндылықтарымызды да оқуып білуіміз керек. Міне сол үшінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы таптырмас темірқазық болып тұр. Бұл жерде де бірізділік пен қазақы болмысты қалыптастыратын қағидаттар қажет – ақ. Ол туған жерге деген махаббаты оятумен басталары анық. Алайда, адамдардың бойындағы жаман қасиеттердің белең алғанын білеміз, олардың алдын ала да білу керек секілді. Ұрлық жасау, зорлық көрсету, баюға деген құлшыныс адамдарды басты қасиеттерінен айырып жатыр. Жаһандану үрдісі осылай екен деп кете берсек, тағы да қиындықтарда тап боларымыз анық. Аузын ашса жүрегі көрінетін алқам – салқам ауыл қазағын жоғалтып алдық. Қарапайым адами қасиеттерден ажырап барамыз. Қарапайымдылық, адамгершілік, қонақжайлық, ақ көңіл ағайынның орнын, өз құлқынын ойлайтын, тек менде болсын, асып түсейін көршімнен деген пейілмен өмір сүретіндердің қатары күн санап көбеймесе, азаяр емес. Құмырсқаға да қиянат жасамайтын қазақтың ұрпағына жараспайтын қылықтар өте көп, қай жерде жапсырып алғанымызды бірАлла білер. Бірақ тез арада түзету де оңай болмасы анық. Тәрбие мәселесін қолға алайық десек, онымен тек жалғыз мектеп қана айналысады. Үйдегі ата – ананың да сырттап жүретінін көресің кейде. Ал абыз ақсақалдар мектебін «ардагерлер кеңесі» басса, енелер мектебін «әйелдер кеңесі» алмастырып отыр. Бірақ олар бізге қазақы тәрбие бере алама, мәселе осында болып тұр. Бәрін басынан қайта қарайтын уақыт келген секілді. Тағы кеш қалмай тұрғанда ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалу жолында бүкіл ұлт болып жұмылуымыз керек. Қазақтың жеріне, тіліне ие болатын қазақтың қара баласы ғана екенін түсінетін шығармыз. Ал ол дегеніміз соншама қиындықпен келген егемендіктің, сақталып қалуының да соншалықты қиын екенін түсінгенде, бір ізге түсуі шарт.
Қазақы тәрбие ұлттық рухтың биік ұстар жалауы. Сол жалауды биікке көтеру үшін бірнеше бағыттарды қарау қажет. Ол біріншіден сөйлеу мәдениетінің дұрыстығы. Сөзі дұрыстың ісі дұрыс болмақ. Қазақша сөйлеп, қазақша ойлайтын жандардың қатары көп болса деймін. Ол үшін бізге көмекке келері халық ауыз әдебиеті, билер мен шешендер мектебі толып тұр ғой, толып тұр. Қазірде жаңа сөздерге үйірміз. «Мотивация» деген терминді бәрі пайдаланғысы келіп, көп қолданады. Ау ол дегеніңіз қазақтың мақал – мәтелдерінде, ырым тиымдарында толып тұрған жоқпа?! «Артық қылам деп, тыртық қыламыз» деген сөз бекер айтылмайды. Екіншіден ұлға ұлша, қызға қызша тәрбие беру шығар. Ұлың намысты болса, ең болмағанда отбасын өзі асырайды емеспе, қыз тәрбиесін айтып жатудың өзі артық. Қазағым қызыңды тәрбиелегенің, ұлтыңды тәрбиелегенің дейді. Одан асырып не айтасың. «Рухани жаңғыру» дегеннің өзі де, «Күпі киген қазағыңды, шекпен жауып өзіңе қайтарума» деймін. Ұлттық болмысты қазақы тәрбиемен сақтап қаларымыз анық. «Ұлтарақтай болсада туып өскен жер қымбат» деген қазақтың бір тұтас ұлт болып ойлайтын жаңа кезеңі келді. Әлем назарын тіккен қазағыма дос та дұшпанда жетіп артылады. Ал сақтанудың жолы білімді ұрпақ тәрбиелеу. Білімді болғанда өзге тілдің бәрін білседе өз тілін құрметтейтін, елін жерін шексіз сүйетін рухы отаншыл ұрпақтың көп болғаны ләзім. Ал ол дегеніңіз қазақы тәрбиеден бастау алады. Айналып келгенде ұлттық тәрбие алған адамның ұлтынан бөлек өмір сүре алмасына бек сенімдімін.
Қазақтың қызы болып туғаныма, осы тілде сөйлей жаза алғаныма, Сырымдай баһадүрдің, Жаһаншадай ұлдың, Абдолла мен Қадырдай тума таланттардың жерінде туғанымды өзіме зор мәртебе санаймын, әрі сол үшін шексіз бақыттымын! Қазақтың әр өңірі рухы мықты өршіл тұлғалардың мекені. Біздің бүгінгі ұрпақтың осал болуға еш қақысы жоқ. Ата – бабасы мықты ұрпақтың, болашақ ұрпағы оданда мықты болуы заңдылық. Мықты болайық!

Айнагуль Ойшыбаева
Сырым Датұлы атындағы
тарихи – өлкетану музейінің меңгерушісі
Сырым ауданы, БҚО

Пікірлер