«ҚАРАҒЫМ, ҚАРЫНДАСЫМ, ҚЫРЫН ЖАТСАҢ…»

4370
Adyrna.kz Telegram

Халықтың музыкалық мұрасының үлкен бір парасы – дәстүрлі халық әндері. Халық әндерінің жүрекке кеңдік, ойға өріс, сезімді нәзік ететін қасиеті мен құдіреті еш нәрсемен шендестіруге келмес. Ескіден келе жатқан есті әндердің тағылымдық мазмұнымен қоса, астарлап айтылатын ой, тұспалдап жеткізетін тілек, емеурінмен білдіретін ескерту, жалпы, өкпе, наз, базына, қалжың кей шақта әзілмен өріліп, ойнақылана төгілгенімен, әдептен озып, арнасынан ауып кететін жақтары да бар. Бүгінгі мәдениет өлшемімен алғанда, біз үшін бұл дегеніңіз – барып тұрған анайылық, сыпайылықпен сыйыса алмайтын дөрекілік. Әрине, сыпайылық деген – мәдениеттіліктің ең басты белгісі, қоршаған ортасына сүйкімді ететін қасиет, ал ерсі, анайы нәрсе адамның жиреніші мен түсінбестігін туғызады. Мәдениеттің еуропалық жүйесіне көшкелі бері біз бірыңғай сыпайылықты ғана насихаттай бастадық та, бұрыннан бар нәрсені қажет етпейтін болдық. Сөйтіп ауыздан ауызға тарап, еш жерде таршылық көрмей айтылған әндер ендігі жерде құлаққа түрпідей тиетін болып, белгілі бір ортаның көңіл көтерер «жабық» жағдайында айтылуға көшті. Бірақ бүгінгі қағаздың беті көтермейтін эрот жолдар заманында халық әндерінің шумақтары мен қайырмасында қысылмай-қымтырылмай-ақ күн кешкен. Бүгінгі күні бізге бет шымшытатын бұл әндер біржола ұмытылды десек те болғандай. Ал енді осы дұрыс па, бұрыс па? Белгілі жыршы, фольклор мен өнертану тақырыбын қаузап жүрген ғалым-қаламгер Берік ЖҮСІПОВТІ «жабық» тақырыпты «жырлатуға» шақырдық.
– 1950 жылдары қазақтың  «сот­талған» 500-ге тарта әнінің мәтіні қайта жазылды. Бұған не себеп болды? Өйткені ұлттық сипатты, батырларымызды ұлықтаған, елдікті, ерлікті айтқан өршіл рух кеңестік идеологиямен үйлесім таба алмады. Қолдан келсе, қазір сол олқылықты қайта қалпына келтіріп, көптеген әндердің байырғы сөздерін қайтарып беру керек. Жалпы қазақтың тұрмыс-тіршілігінде, күнделікті өмір-салтында, мәдениетінде бүгінгі көзқараста «анайылық» деп қабылданып жүрген сөздер қалыпты, кәдуілгі нәрсе сияқты айтыла беретін. Соңғы бір ғасырда соның бәрі қасиетті халық әндерінен сылып алынып тасталды.
Мәдениет деген – тыйым-салттардың жиынтығы, қолдан құйы­латын қалып. Ал біз сол тыйым-салт­тардың жиынтығын кімдердің өмір салтына, қай халықтың мәдениет ұстынына қарап жасадық? Әрине, Еуропа мен орысқа қарап жасадық. Сол дамыған Еуропаның өзі бүгінде қазір қолдан құйылған қалыптан, жасанды мәдениеттен қажып, шаршай бас­тады. Алыстан жеткен ән мен күйді айтпағанда, күнделікті тіршілігімізде шектен шыққан «сыпайылықтан» өзге түгілі, өзіміз де шаршай бастадық .
Осыдан бір ғасыр бұрын ғана ақсақал-қарасақалдарымыздың ортасында айтылған сол әнді халық жап-жақсы тыңдап еді ғой. Ақсақалдар алқа-қотан отырып құлақ құрышын қандыра өздері тыңдайтын ән – бір төбе, қыз-келіншектер мен кейуана әжелер жиналып тыңдайтын ән – бір арна, жастар тыңдайтын ән – бір басқа. Қазақ әні тыңдаушының жасына, жынысына, отырыс ерекшелігіне қарай да шырқалатын. Сондықтан анайы әндердің өзі бір заманда белгілі бір дәрежеде ұлт мәдениетіне өз  әлінше қызмет жасады. Олар өздігінен жойылып кеткен жоқ, оларды жою туралы саясат болды. Бірақ Жаратқанның араласуымен болған жаратындыда артық нәрсе болмайтынын ешкім ескерген жоқ. Бүгін көз жасымызды көл етіп: «Әнімізді ешкім тыңдамайды, күйге ешкім құлақ түрмейді, жат боп кеттік», – деп шағынатын әдет шығардық. Ал енді сол әндерімізді халық қаншама ғасырлар бойы тыңдап келіп, соңғы бір ғасырда неге тыңдамай қалыпты?

Мүмкін, халық әндері мен халық композиторларының әндеріндегі әлгіндей «тұздық» – әңгіме арқауы, тыңдаушы мен орындаушы арасының дәнекер өзегі ретінде бір кездері тылсым қызмет атқарған шығар. Сол себепті тыңдаушы да оған аса бір құмарлықпен құлақ түрген болар?!

Ұлы ас-тойларда сауын айтып әнші шақырылғаны белгілі. Ол ат арытып келіп, топқа кірді. Содан әңгіме айтылып, өнердің жай-күйі жаймалана бас­тады делік. Бозбала мен бойжеткеннің көңілін қытықтайтын әндер айтты.
Содан соң қыз-келіншектің көңіліне жағатын ән бастады. Қыза келе қария­ларға ұнайтын фәлсапалық насихатын жырлады. Мұң мен шерге толы әндерімен кейуаналардың көңілін босатты… Алайда осының арасында тыңдаушысының қажетіне орай бір серпілтіп тастайтын әлгіндей «анайы» жолдары бар әндерін де ұмытпай шырқап, ұйыған көңілді бір серпілтіп қоятын. Осының бәрін әнмен әдемі өре отырып, әрбір тыңдаушыны өз табиғатына жақындатып, мүлде басқа әлемге шығандатып алатын да, насихаты мен фәлсапасына қайта алып келетін. Мәдениет деген тұтас бір ағза десек, соның бір мүшесі ретінде эрот әндер де өмір сүре беруі тиіс еді. Тәндегі артық рудимент,  яғни «қалдық» деп танылғандықтан өзіндік даму тарихы бар  мәдениетіміз де қырыққан серкедей тым «сыпайы» дүниеге айналып сала берді. «Артық-ауыс» дүниелерінен тазартылғаны сондай, ақыры ән тыңдалмайтын дәрежеге жетті. Бүгінгі сахна төрінде шырқалып жүрген түзелген, күзелген, сылынған, сөзі қайта жазылған  әндер биік талғам-талаптарға жауап бермейді. Ал тыңдаушы болса, рухани әсерге бөлене отырып, әннен эстетикалық нәр алуымен қоса, бір сәт табиғи тоят тапқысы келеді.
Мына бір әннің қай жері «анайы» екенін оқырманның өзі ажыратсын. Халық әні деген ортақ атқа телінген «Айтжан-ай» деген ән бар. «Айтжан-ай» – ешқандай да халық әні емес, бұл – әйгілі Құрманғазы күйшімен үзеңгі жолдас болған досы Ешнияз сал Жөнелтікұлының әні еді. Ғарифолла Құрманғалиев орындаған нұсқа «Айтжан» аталады және әннің сөзі: «Айналайын көзіңнен жаутаңдаған, Сендей болып дүниеде жан тумаған», – деп басталады. Ән сөзінің әрбір екінші жолының күрмелер тұсында «қалқатай» деген қыстырма сөздері бар. Ал халық арасында айтылатын Үбісұлтан Аяповтың нұсқасы:
«Тап енеңді ұрайын, кәрілік-ай,
Бойдан қуат барасың арылып-ай.
Тойда тобық тимейтін тоқалдарға
Осы күні қор болдым жалынып-ай», – деп келеді.
Бұл да сәл-пәл сыпайыланған түрі. Әйтпесе ел арасында «ұрайын» деген сөзді тура өз мағынасында қоя беретін нұсқалар да да бар. Ел аузында айтылып жүргендей Айтжан – ер адамның аты емес, Айтжан – әйел. Әйел болғанда да әйгілі Ешнияз салдың қартайғанда, соңғы алған тоқалының аты. Сол Айтжан ақ шелекпен су алуға құдықтың басына барса, суға келген жеңгелерімен қалжың жарастырғысы келіп, жырынды қайнылары тұрады екен. Ешнияз да қараша үйдің іргесін түріп қойып, жас тоқалдың қылығына күйініп жатады. Айтжан болса, қайныларымен қалжың қағысып, шалдың діңкесін құртады. Ішін жалын шарпыған Ешнияз осы әнді сонда айтқан екен деп аңыз етеді Сыр елінің есті әңгімесі. Өкініштісі, эрот әндердің ендігі жерде өмір сүру мүмкіндігі шектеулі. Өйткені бүгінгі тыңдаушының да, әннің де тіршілік ету аясы тым тарылып кетті. Бүгінде бұл «тақырып» мүлде жабық десе де болады. Ал оны жаңғыртамын деп әрекет жасап көргісі келген адамнан біздің қоғам «ақымақ» жасап беруге дап-дайын. Бір ескеретін жайт: бүгінгі күннің жеткен биік ой-өресінде эрот-анайылық пен эрот-табиғилық ұғымын шатастырып жүргеніміз байқалады. Демек эрот ұғымының шын аты  – табиғилық! Адамнан адамның пайда болуы қандай табиғилық болса, өткендегілер эрот әндерді жайдақтамай-ақ, жасырмай-ақ, жанамалап отырып- ақ тыңдаушысының санасына жеткізе білген ғой. Бірақ Еуропалық мәдениет, әсіре сыпайы салт-сана өркен жайып отырған мына біздің қоғамда эрот әндерді жаңғыртып, сахналандырамын деген адамның арамтер болары анық. Шындық пен шынайылықты танудан кеткен жұртта бұл мүмкін нәрсе емес! Аузынан Алласы түспеген Құдайшыл ақын Тұрмағамбеттің:
«Қарағым, қарындасым, қырын жатсаң,
Ағаңа азды-көпті ырымдатсаң.
Қылығы қыздан кейін деген қайда?
Кемпірдің көкірегін сырылдатсаң…», – деп басталатын бейпіл жырларын ауылдың үлкендері әлі күнге дейін бірі екіншісінен ауызша көшіріп, жадында жаңартып айтып келеді. Анайы деп айтуға немесе тыйым салуға бетке ұрғандай бадырайып көрініп тұрған өрескел ештеңе де байқалмайды. Сыпайы айтудың шебер үлгісі мен шыңы осындай-ақ болар.
Барша эрот әндер, эрот мақал-мәтелдер, эрот жырлар мен айтыстар мәдениет деген ұлы ағзаның бір мүшесі, мәңгі ажырамас бір бөлшегі екенін ұмытпағанымыз абзал. Сол дүниелерді байыбына бармай-ақ, керегі мен қажет емесін ажыратып алмай тұрып, көзсіз сылып тастаған тұста біздің мәдениетіміздің тәніне ақау түсті. Оның орнын құрт үңги бастады. Өйткені олар әуелде тұтас жаратылған, бірін екіншісі толықтырып, сақтап тұрған егіздер болатын. Егер алда-жалда осы ақаулықты қайта қалпына келтіру қажеттігі туа қалса,  тыңдаушының иманы көтере ме, мәдениеті жетер ме және қоғам соған дайын ба? деген заңды сұрақ қойылары хақ.
Біздің ойымызша, барша өнер түрлері сияқты мұндай әндер мен жырлардың да өмір сүруге толық хақысы бар. Тек оның таралымын шектеп, әркімнің мәдениеті мен иманы көтерген деңгейге дейін ғана насихаттауға болады. Өркені өскен елдерде фольклордың бұл жанры өте аз таралыммен кітапханалардың сирек кітаптар бөлімінде сақталып, зерттеуші ғалымдар мен халық мұрасына ерекше қызығушылық танытқан оқырманға ғана беріледі. Адамзат баласына белгілі ақиқат: өмір өзгеріп, өркениет пен мәдениет сан рет бүршік жарғанымен, адам жаны төл табиғатынан алыстағысы келмей, тұма бастауына тартыла беретіндігі. Біздер, санасы жетілген, ақылы кемел, XXI ғасыр өркениетіне ілескендер, шын мәдениетті қалай түсінеміз?


Жазып алған – А.ХАЛЫҚ, «Халық сөзі».

Пікірлер