Ұлтшыл-патриоттардың басы қосыла ма?

7630
Adyrna.kz Telegram

"Ақиқатын айтып, берекеге келейік" деп ат қойып, айдар таққан алқалы жиын өтті. Жиынның басты мақсаты жеке-жеке жұмыс жасап жүрген қоғамдық ұйымдар мен қоғам белсенділерінің басын қосу болатын. Жұдырықтай жұмылсақ алынбайтын қамал жоқ деп жиынды ұйымдастырушылар да басында атап кетті. Алқалы отырысқа Совет-Хан Ғаббасов, Серік Сапарғали, Ахметбек Нұрсилә, Еркін Рақышев, Зікірия Жандарбек, Қыдырәлі Ораз секілді белгілі қоғам белсенділері қатысты. Жиналыстағы сөйлеген адамдардың сөзінен кішігірім репортаж ұсынамыз. Сөйлеген кісілердің сөздерін ықшамдап, қаз-қалпында ұсынып отырмыз.

Бірінші болып сөзді профессор Совет хан Ғаббасовқа берді. "Мен биыл сексеннің үстіне шықтым. Көпті көрдім.  Адамды өзгертпей қоғамды өзгерте алмайсың. Сондықтан бірігейік деген ұсыныстарыңды қолдаймын" деді.

"Азат" қозғалысының соңғы төрағасы Төлеубек Сейтқали «Билік өзінің ұрлаған жырлағандарын сақтау үшін халықтың ішінен қолдан жасалған ұлтшыл патриоттарды шығарып жатыр. Халықты бөлу үшін. Сондықтан сақ болайық жігіттер».

Алыстан ат арытып келген Зікірия Жандарбек  «Мемлекеттің идеологиясы болмағандықтан, біріміз саляфит, біріміз сопы, біріміз кришнайт болып бөлініп кеттік. Тоқсаныншы жылдары Қытайдан келген қандастарымыз қандай білімді еді? Қазір соңғы кезде келгендер екіге бөлініп ел арасына жік сала бастады. Сөйтсем, мәселенің төркіні діни алауыздықта екен. Оны бастаған Серікжан Біләш.  Серікжан Біләш қазақтан дүңгенді де, ұйғырды да артық қояды. Серікжанның айтуынша, қазақтың тілегі қабыл болмайды екен. Себебі, қазақ салт дәстүрді ұстаймын деп Аллаға ширк қосады.   Қытайға қарсы жиһад ұйымдастырамыз деп қару алып тауға шыққандарды қытайлар экстремист ретінде атып, жауып тастады. Серікжан Қытайда көп жылдар Жарқын Жеті болып жүрді. Сол Жарқын Жетінің уағызын тыңдағандар түрмеге отырады екен де,  Жарқын Жеті аман жүреді.  Қытайда мынандай әдіс бар екен, егіндегі құрт құмырсқаларды құрту үшін түнде шам жағып қояды екен. Шамға үймелеген зиянды жәндіктерді улап, құртады екен. Серікжан да тура сондай, ол Қытайдың черный лампасы.
Қазір әлемде геосаясатты бөлісе алмай жатыр. Қытайың да, Ресейің де, АҚШ-ың да. Мен Серікжанды сырттан келген арнайы адам деп , есептеймін. Мысалы, Америкадағы Бунин Қырғызстанға келген сайын қырғыздар Қытайға қарсы көтеріледі. Аяғында не болды? Қытай Қырғызстанға әскер кіргізді. Бұл жағдай бізде қайталанбасына кім кепіл?".

Зікірия Жандарбектің осы сөзінен кейін пікір талас өршіп жүре берді. Серікжанның өкілі ретінде келген Бақытжан Жасұзақұлы  «Серікжан Біләш Қытайдағы қазақтың жағдайын әлемге жеткізген адам. Мен үшін ол ақиқаттың жаршысы. Серікжан үшін төбелесуге де дайынмын" деп салды.

Оған Серік Сапарғали "Серікжан 2018 жылы Қытайда бес жүз мың қазақ қамауда отыр деді. Мен оны АҚШтың сайттарынан оқыдым дейді. Сонда ақиқаттың жаршысы Серікжан ба? АҚШтың сайттары ма?" деген қарсы сұрақ қойды.

Ресми тіркелген «Атажұрт еріктілері» ұйымының төрағасы Ербол Дәулетбек «Ұлттың ұлы жүгін көтереміз десек, бірлікте болуымыз керек. 2017 жылы Қытайдың қысымы басталды. Біз сол қысымға қарсы тұру үшін ватсап желісі арқылы танысып, Атажұрт ұйымын құрдық. Кейін келіп соған Серікжан Біләш қосылды. Серікжанның Қытайға қарсы шыққан еңбегін де ұмытуға болмайды. Серікжанның өзі қанша адамды жамандаса, Серікжанның өзін сонша адам жамандап жатыр.
Біріміздің етегінен бірімізді тартпай , бір бірімізді қолдап жүрейік. Серікжанға да, бәрімізге халық өз бағасын береді".

Серік Боқан «Қытайдағы қазақты жаныштау Серікжаннан басталған жоқ. Бұл ақылға қонбайды. Ерболдың Ұйғырды көшіріп алайық деп айтты деп айыптау дұрыс емес. Біз үш жыл бойы Серікжанды қолдап келдік. Соңғы кездері оның тапсырмамен жүргенін білдік".

Халықаралық "Атажұрт жастары" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қыдырәлі Ораз  «Бар бәле Атажұрттың сені құрғанынан кейін басталды дейді. Серікжанды әкелген сен дейді. Мен осы жиынға Серікжанды да шақырғанмын. 2016 жылы қыркүйекте Атажұрт деген ұйым құрдық. Себебі, сол жылы тамыз айында Қытайға жана басшы келді. Ол келген бетте паспортқа ұлты жазылмайды деді. Біз содан қорықтық. 2020 жылға дейін жарты қазақты болмаса да біразын көшіріп алайық деп "Көш" деген топтар құрдық. Атажұрттың басты мақсаты қазақты көшіру болды. 2017 жылы мамырда Президентке үндеу жасады.
Мен Серікжанға ашық үндеу жасайықдегенде " Мен ашыққа шықпаймын, ашыққа шықпаймын" дейтін. Мен Серікжанның фотосын ватсапқа таратып едім, бәрі шулады. Жарқын Жеті осы екен ғой деп.
Түркияның Парламентіне түбі бір түрік бауырларыңды құтқарыңдар деп, таныс апайым арқылы шықтым.
2018 жылы бізге  Рейтерс агенттігі мен Францспресстің тілшілері келді. Серікжан Біләш айтады, мен әлемге тараттым дейді. Әлемге қазақтың мәселесін біз жеткізген жоқпыз, шет елден өздері келген журналистер жеткізді. Жаңағы Рейтер агенттігі мен Францпресстің арқасында.
Біріккен Ұлттар Ұйымына баратын кезде Серікжан телефонын алмады. Франциядан тілші келді деп звондап едім қайтадан  звондап тұр. Қаз жарты сағатта келем деді. Өмірхан аға Женевадағы БҰҰ бесінші қарашадағы бірінші жиналысына шақырып жатыр деп хабарласты. Біздің билетіміз алтысы күні болатын. Женевада БҰҰ-ның жиыны бесі күні болатын. Салып ұрып, Германия елшілігіне бардық. Олар жағдаймыызды түсініп, бәрін реттеп берді.
БҰҰ-дағылар Шыңжаңда ұйғырлар ғана тұрады екен деп ойлайды екен. Мен мың сегіз жүз алпыс төртінші жылғы ескі картаны көрсеттім. Сөйтіп, Қытайдағы қазақ мәселесі БҰҰ-да көтерілді. Соның себебі шығар, қамалған қандастарымызды босата бастады.
Сайрагүлдің мәселесінде көбі айтады, Қазақстан бір қызға пана бола алмады дейді. Біз БҰҰ әр мемлекетінен Сайрагүлге босқын мәртебесін сұрадық. Негізі, Сайрагүлді Қытайдан алып қалған Қазақстан үкіметі болатын.
2018  жылдың он алтыншы қарашасында Серікжанды Атажұрттың төрағасы қылып сайлады.
Бізге ұйғырлар да келе бастады. Бірақ, біз олармен жұмыс істеуден бас тарттық. Себебі, Шығыс Түркістан ұйымы террористтік ұйым болып танылған еді. Ұйғыр мәселесін көтеру біздің  Жарғымызға сәйкес келмейтін. Біз екі жыл бойы бір де бір ұйғырды қабылдамадық. Серікжан тізгінді ала салысымен ұйғырлардың арыздарын да қабылдай бастады. Мен болды дедім де Атажұрттан кеттім. Атажұрттан кетерден бір жыл бұрын Қытай зерттеу институтын құрайық деп Серікжанды ертіп Мұрат Әуезовке бардым.
Атажұрттан кететін кезде бәрінің басын жиып, Қытай зерттеу институтына кететінімді, Атажұрттан кететінімді айттым.
Біз атажұрт жастары деген қозғалыс құрып, Қытайдағы жастарды Қазақстанға оқуға әкеліп жатырмыз.
Біздің жарғымызда  ұйғырлармен араласпаймыз, олардың өз ұйымдары бар, солармен жұмыс істесін. Сосын,   діни адамдармен жалпы, дін мәселесімен айналыспаймыз дедік".

Қоғам белсендісі Серік Сапарғали Серікжан Біләш Шығыс Қазақстанның жеріне Қытайдың кәсіпкерлерін кіргізді деп айыптап, видео сурет дәлелдер ұсынды.

Еркін Рақышев «Қытайдағы қандас бауырларымыз лагерлерде зардап шегіп жатыр. Сайрагүл өзі лагерде істеген адам ғой. Жиырма төрт сағат көмектесіңіздер деген жылау мен айғай естіліп тұрады деген болатын. Ал біз мына жақта не істеп жүрміз? Бір бірімізді қытайшыл, юаньға сатылған деп қырылып отырмыз. Мындағы оралман қазақтар екіге бөлініп, бір бірімен қырыла бастады. Осының алдын алу үшін Мұхтар Шаханов бастап, Үкіметке шағым жазды. Мен Серікжанды бір кісідей қолдаған адаммын. Артық сөйлеген кезде өзіне де айтып отырдым. Сенің мынауың дұрыс емес деп.
Әлеуметтік желідегі бір бірімізді қаралау ол қандастарға көмектесу емес, керісінше Қытайға көмектесу».

Жиынға келе алмаған Ғаббас Қабышұлының Серік Сапарғалиға жазған хаты оқылды. Онда Ғаббас Қабышұлы қателесіп Серікжанды қолдағанын, енді мұндай қателік қайталанбайтынын айтқан. Хаттың толық нұсқасы төмендегі суретте.

Ұлтшыл-патриоттардың басын қосқан 7 сағаттық жиын бір тоқтамға келе алмай тарады. Бірақ, әрқайсысы ұлт үшін күресімізді тоқтатпаймыз деп кетті. Аққу, шортан һәм шаян болған ұлт патриоттарының болашақта басы қосыла қоя ма екен?

Оңғар Қабден

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер