Көзімізбен көрмесек те, мұхиттағы мұзды жарушы алып кемелер жайлы жиі естиміз. Судағы қасат боп қатқан қатты қабатты бұзып-жарып, сірескен сеңді сейілткіш осы құралдың жаңалығы да сол – теңіз бетіне тыңнан түрен салуы. Бұл өнер оғланы жайлы сөз қозғағанда, ең алдымен көзімізге елестегені де осы бір су құрылғысының құдіреті болды. Музыка майталманының саз әлеміне қосқан сүбелі үлесі – ұлт өнерін қобыз сарынымен байытуы.
Қазақтың қоңыр әуенін аңсасақ, ойланбастан қобызға қайырыламыз. Себебі қобызда басқа ешбір аспапта кездеспейтін үн құдіреті бар. Сол сарынды аңсасақ керек, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, әнші, қолөнер шебері Мұратбек Жүнісбековтың шаңырағын бетке алдық. Осыншама өнерді өмірге келтірген сахна саңлағының өзімен кездескенімізше, паң да кербез, тау тұлғалы дала серісі көз алдымыздан көлбеңдеп өте берді. Сезім алдамапты. Жазмыштың жазуымен арбаға таңылды демесеңіз, қайраткер ағамыз серілікті серік еткен сергек қалпында алдымыздан қасқая қарсы алды. Әсерлі әңгіменің тиегі ағытылғаннан-ақ, саз әлемінің құдіретті қойнауына сүңгіп кеткендей тебірендік.
– Мен жайында алғаш жазған адамдардың көпшілігі әншілігімнен бұрын, музыкалық аспап жасайтын өнерімді көбірек дәріптеп қойған. Өйткені қобыз ою – ол кезде тың дүние болатын. Сол себепті де мен халықтың жалпылама түсінігінде домбыра, қобыз жасайтын шебер ретінде жатталып қалдым. Ал негізінде музыкалық аспап жасау менің шаруам емес. Кез келген әнші, болмаса күйшіде көңіл күйі бедерленер өзіндік бір әуені, сарыны болады. Сол секілді, қобыз – менің сарыным. Мұның барлығы әуенге деген әуестіктен туған әдеттің әдемісі еді. Бірақ мен әу бастан кәсіби әншімін, ән еркесі Жүсіпбек Елебековтың шәкіртімін.
Жанына әншілікті серік еткен өнерпаз қобызды ең алғаш рет 1978 жылы Түркияға барған іссапарында Базархан Қосбасаровтың ойнауында көреді. Тыңдағаннан-ақ, үнімен баурап алған қобыз ағамыздың сүйіспеншілігінің арқасында өз қатарын тағы да бірнеше тың түрлерімен толықтырады.
– Бұл бәлкім артықшылығым да болар, мен басқалардың ойымен, дегенімен жүре алмайтын адаммын. Өзгенің ыңғайына көне бермеймін. Ойыма не келді, шамам жетсе, соны түбіне жеткіземін. Қобыз жасау өнеріне де осы бірбеткейлігімнің арқасында келдім. Ең алғаш Өзбекәлі Жәнібековтің айтуымен нарқобыз жасадым. Кейін бұл тізбек жезқобыз, сымқобыз, қылқобыз, лөкқобыздармен толықты. Аталғандардың қылқобыздан өзгесі ешбір мұражайда жоқ. Бұл – менің төл қолтаңбам. Мәселен, сымқобыз – ол прима-қобыздың қазақыландырылған нұсқасы. Былайша айтқанда, прима-қобызды сүндетке отырғыздым да, өмірге сымқобызды әкелдім. Ал жезқобыздың үні виолончельмен сарындас. Жалпы виолончель қазақтың табиғатына жат. Тіпті бұл жөнінде жазған сықағым да бар. Сонау ықылым заманнан келе жатқан тәрбиені тірек етсек, қыз баласы ешқашан етегін көтермеген. Ал виоленчельді міндетті түрде екі аяқтың ортасына қойып ойнайды. Сондықтан да бұл аспап қазақ қызының ибасына қайшы. Жалпы біз не жасасақ та, не айтсақ та қанымызға, жанымызға сіңетіндей етіп жасалуы, әр ісіміз ұлттық мүдде, ұлттық болмыс табиғатымен ұштасып жатуы керек. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жезқобызды жасап шығарған болатынмын. Оның ерекшелігі – екі аяқты қосып, аспапты оң жақ аяққа сүйеп ойнайтындығында.
Сұхбат барысында атауын алғаш естіген лөкқобыз Мұратбек ағайдың тікелей қолтаңбасы. «Сазген» аспабының да авторы ағамыз. Қазақ музыкалық аспаптарының санатында «Сазген» бұған дейін болмаған дүние. «Әуендердің, саздың кені болды мынау!», – деп Омар Хаймулдин ағамыз тағы бір су жаңа аспапқа ныспы берген «Сазген» осылай өмірге келген еді.
– Бұл тізбекке кейін өз жанымнан тағы да «Бұлбұл сазы», «Сақпансаз», «Қылышпан» деген аспаптарды және қостым. Олар – менің қиялым. Сөйтіп 6-7 аспап өмірге келді. Мен жалпы қазақ ұлттық аспабының қорына ұзынсаны он бес аспап қосқан адаммын. Оның ішінде үш құлақ бір бұрау деген домбыра бар. Кең шанақты домбыра аталып жүргені де менің төл еңбегім. Бұған дейін кең шанақты деп орыстың бас домбырасын ұстап жүрді. «Біз «қазақ, ұлт» дейміз. Оның қазақшылығы қай жерде, егер ұлттық музыкамызда орыстың примасын, домрасын, флейтасын, контрабас, виоленчелін ұстасақ» деген намыс қамшылады да, ағаш пен балтамды қолыма алдым.
Бір қызығы, қолөнерші айрықша күй талғамай, аспаптарына негізгі материалды кәдімгі көшедегі өсіп тұрған ағаштардан-ақ ала береді екен. Тіпті арнайы шеберханасы жоқ шебердің осындай керемет дүниелерді өмірге әкелген жанкештілігі мен еңбекқорлығына таңдана таңдай қақтық.
– Менде өмірі шеберхана болып көрген емес. Аспаптарымды үйде, гастрольдік сапар кездерінде қонақүйде де, көліктің ішінде де жасай беретінмін. Өйткені сегіз-он екі сағат жол жүретін уақыттар болады. Сондай кездерде бастаған дүниемді ұзақ уақытқа қалай тастап кетем? Әрине, жүгіме қосып өзіммен бірге алып жүремін. Жол үстінде арнайы құралдарыммен ойып жұмыс істеп отырамын. Өмір бойғы әдетім – осы, қол қусырып бос отыра алмаймын.
«Домбыра деген – ол бір демалыс. Қанша қиын болғанымен, ән айтқандай рахатқа бөлейді», – деп шебердің өзі айтатындай, Мұратбек ағаның аспаптарының безендірілуі де өзгеше. Әр бедердің, әр ойықтың өзіндік орны бар. Оюларына дейін сүйекпен әшекейленген. Ағаш ойып, аспап жасау оңай шаруа емес. Ол мата емес, бүктей отырып олқылығын жасырып жіберетін, ол қайыс та емес, созып-созып жоғын бүтіндейтін, – қақиған қара ағаш. Кейде бір ыңғайға келмей, ойлағаныңдай болмай, жүйкені жегідей жейтін кездері де аз болмайды. Демек, оған қаншалықты күш-жігер мен шеберліктің кететіні айтпаса да түсінікті. Ал мұндай қиыншылыққа жалғыз адамның төтеп беруі мүмкін емес, барлығы қауымдастықта өмірге келген. Қолөнершінің он саусағынан туған әрбір аспапта үйдегі жары, бала-шағасының да маңдай терінің табы бар.
– Осыншама дүниені жасап шығару үшін қанша еңбек кетеді? Бұған менің жалғыз шамам жете ме? Әрине, жетпейді. Алғашқы жобасын жасап қойғаныммен, безендірілуінің ұсақ-түйек шаруасының маңайында жарым мен балаларым жүреді. Сырттай өздеріне білдірмегеніммен, іштей бәрібір отбасымның көмегіне жүгінемін. Бұл дүниелердің мен үшін құны жоқ. Біреулер шапан жауып жатса, мен сыйлы адамдарыма домбыра ұстатып жіберемін. Ал қобыз дегенде біз сонау деген сөзді аузымызға аламыз.
VIII-IX ғасырда Қорқыт десек, одан кейін Ықылас есімі ойға оралады. Ол кезеңде орыстардың тілі ме, біздің білгірлердің тілі ме, білмедім, қобызды шамандар, бақсы-балгерлер ұстаған деген пікірлер де пайда болды. Осы күні байқап тұрсам, ол түсінік орынсыз. Сол ойымды дәлелдеу мақсатында ансамбль құрдым.
«Қобыз сарыны» – қазақ өнеріндегі құбылыс болды. 2003 жылы Мұратбек Жүнісбеков ағамыз үйіндегі жиюлы тұрған аспаптарының басын қосып, мүлдем жаңа ансамбльді өмірге әкеледі. Бұл – «Қобыз сарынының» екінші құрылуы еді. Біріншісі 1989 жылы құрылды да, әлдебір себептермен тарқап кетеді. Кейін Елбасының қолдауымен аңыз ансамбль екінші рет Талдықорғанда керегесін керіп, бүгінге дейін жұмыс істеп келеді.
– Басқа аспаптарды араластырмай, тек қана қобыздың бірнеше түрінен ансамбль құрдым. Егер қаласам, шертер, адырна қосуыма болатын еді ғой, оның үстіне ол аспаптардың барлығын өзім жасаймын. Бірақ, менің қалауым басқа еді. Мен қобыз түрлерінің үндестігін іздеген адаммын. Үйлесімділік деген бар, алайда мендік түсінікте үндестік дегеннің жүгі сәл ауырлау. Әр қобыздың бір-біріне мүлдем ұқсамайтын өзіндік үні болады. Соның барлығы үндескенде қандай керемет дыбыс шығатынын тек қана тыңдап рахаттану керек. Қобызбен жыр, терме ғана айтуға болады деген қазақта қалып қойған өлшемді жойып, онымен ән де айтылатынын көрсеткіміз келді.
Мұны 1991 жылы сахнаға қобыздың сүйемелдеуімен алғаш болып ән айтып шығып дәлелдеген ағамыз, халық тарапынан теңдесі жоқ деп бағаланған ансамблін тік тұрғызам деп жүріп екі аяғының басынан бірдей айырылады. Жары Зере Есенқызының айтуынша, 2005 жылы «Қобыз сарыны» ансамблімен байқауға барып, конкурстың жұмыстарымен ары-бері шапқылап жүргенде аяғында пайда болған кішкене жарақат ақыры арбаға таңып тынады. «Қобыз сарынымен» тұрып қалмай, баба мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізсем, дәстүр сабақтастығын үзіп алмасам» деген жүрек түкпіріндегі осы бір игі мақсаттарды мұрат еткен Мұратбек ағамыз ансамбльдің бүгінгі жай-күйінен де сыр шертіп, аз-кем өкпесін білдірді.
– Қазақта бір дүние құрылса, ол сол қалпында қалуы керек деген бір таяз түсінік бар. Бірақ, олай емес. Өнер үздіксіз ізденісті талап етеді. Құлагер шаппаушы еді, егер Ақан болмаса…
Өйткені Ақан Құлагердің барлық сырын білетін еді: қай уақытта суытады, қай уақытта арқандайды, қай уақытта тұсап жібереді. Аттың бар сыры Ақанға ғана мәлім болғаннан кейін де, Құлагер шауып бәйге алған. Әйтпесе, Құлагерге қанат бітіп туған жоқ қой. Оркестрдің болмысы – ол дирижердің қолынан. «Қобыз сарыным» да сол сияқты. Қазір музыкант та, басқарушы да жетеді, бірақ, бұдан былай оның ішінде Мұратбегі болмайды. Мен ансамбльдің құрамында болғанымда, күн сайын тың нәрсені түртіп отыратынмын. Жаңалық іздеп, күнделікті ізденісте жүретінмін. Қобызға нотаның заңдылығынан бұрын, жүрек керек. Бізде әуенді көбісі нотаға сүйеніп ойнайды да, оған түспейтін қобыздың өзіндік табиғатын, сарынын есінен шығарып алып жатады. Сол себепті қобыз өз қоңырлығынан айырылып, қаттырақ айтқанда, ат емес, есек сияқты болып қалады. Әрине, консерваторияны бітіріп, нотаны шемішкедей шағудың сауаттылық үшін қажеттілігі бар. Бірақ, музыкада нағыз дүние тудыру үшін асқан білімділіктен бұрын, сезіне білу түйсігі керек. Осындай үндестік деген әңгімелерге келгенде, мен ансамблімнің келешегінен қорқамын. Біздің ендігі арманымыз – «Қобыз сарыны» өз қолтаңбасынан, өмірлік идеясынан ажырамай, ары қарай дами берсе деген тілек. Сол нарқобыз, лөкқобыз, жезқобыз, қылқобыздардың үндестігін, сарынын жалғастыра алсақ, онда өміріміздің босқа өтпегені.
Түйін:
«Мен шебер емеспін, бүтіншімін», – деп әңгімесін түйіндеген дарын иесінің сөзінен қарапайымдылықпен қатар ұлылықтың да лебін сезінгендей болдық. Қазақ өнерінің жыртығын жамап, олқысын бүтіндеп жүрген Мұратбек Жүнісбековтей бүтіншісі барда, қобыздың қоңыр сарыны, әмәнда, тек биікте әуелейді. Бастысы, сазыңыз сарқылмасын, АҒА!
Назерке ЖҰМАБАЙ.