26 наурызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» бірыңғай мерейтойлық медалі туралы» Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Аталған медальмен Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері және соғыс жылдарында жанқиярлық еңбек еткен азаматтар марапатталады. Олардың қатарына:
Ұлы Отан соғысына қатысқан әскери қызметшілер, партизандар мен астыртын топ мүшелері;
Соғыс жылдары жарақат, контузия немесе ауру салдарынан мүгедектік алған тұлғалар;
Қоршаудағы Ленинградта жұмыс істеп, арнайы марапаттарға ие болған азаматтар;
Фашистік концлагерьлер мен геттода болған кәмелетке толмаған тұтқындар;
Соғыс кезінде қажырлы еңбек еткені үшін Кеңес Одағының ордендері мен медальдарымен марапатталған немесе кемінде алты ай жұмыс істеген азаматтар;
Соғыста қаза тапқан жауынгерлердің қайта некеге тұрмаған жесірлері кіреді.
Мерейтойлық медаль ардагерлер мен соғыс жылдарында ерен еңбек еткен азаматтардың еңбегін құрметтеуге бағытталған.