Макинск қаласында су тасқыны орын алып, соның салдарынан қаладағы бір мектепте сабақтар уақытша тоқтатылды. Әлеуметтік желілерде су тасқыны қаупі туралы ақпарат таралған соң, жергілікті тұрғындар билік өкілдерінен ресми түсініктеме күтті.
№1 орта мектеп аумағында су ағатын дренаждық канава орналасқан, ол жыл сайын еріген қар мен жаңбыр суының ағынын өткізу үшін қолданылады. Бұл табиғи процесс қалыпты жағдай болып саналады және су бұру жүйесінің бір бөлігі болып табылады.
Жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, канал арнасы уақытылы тазартылған, ал мектеп ғимаратын су басу қаупі жоқ.
"Қауіпсіздік мақсатында бірінші және екінші ауысымдағы оқушыларды қашықтан оқыту форматына ауыстыру туралы шешім қабылданды. Мектепте тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, жағдай жергілікті биліктің бақылауында тұр", – деп хабарлады Ақмола облысының білім басқармасы.
Айта кетейік, аудан аумағында Макинск қаласын қоса алғанда, су тасқыны қаупі жоғары 12 елді мекен бар. Су тасқыны қаупін азайтуға бағытталған Кешенді инженерлік қорғау жоспары аясында 23 алдын алу шарасы жүзеге асырылды.
"Макинск қаласында ұзындығы 6,6 км арық жүйесі тазартылып, тереңдетілді, 2,3 км ұзындықтағы қорғаныс бөгеті салынды, сондай-ақ су өткізу құбырлары орнатылды. Қаладағы негізгі көшелерде арықтарды тазарту, жағалауларды бекіту және дренаждық жүйелерді жақсарту жұмыстары жүргізілді", – деп мәлімдеді Бұланды ауданы әкімдігі.
Ауданда су тасқынына қарсы штаб құрылып, жолдар қардан тазартылды, арықтарды күтіп-ұстау бойынша келісімшарттар жасалды. Егер жағдай ушыға түссе, зардап шеккендерге арналған эвакуациялық пункттер дайындалады.
Жергілікті билік жағдайдың толық бақылауда екенін және қабылданған шаралардың су тасқынының салдарын барынша азайтуға көмектесетінін мәлімдеді.