Айтыс – қазақ өнерінің қазынасы. Бүгінде айтыс түрлі атаулармен ұйымдастырылып, телеарналар арқылы көрерменге ұсынылып жүр. Жекпе-жек, аламан айтыс, «Алтын домбыра» айтысы… Бұлар – айтыс өнерін жаңғыртуға бағытталған ізгі қадамдар. Айтыстың жаңашыл бұл түрлері қоғам назарын өзіне аударта білді. Ал, 12 қыркүйек күні сағат 22.00-де «31 арна» – «Айтыс алаңы» тақырыбымен айтыстың жаңа жобасын ұсынды. Жүргізуші Болат Әбділманов мұндай айтыс елімізде бұрын-соңды болмағанын айтты. Айтыс алаңы ережесіз жекпе-жек түріне арналған сегіз бұрышты ринг секілді безендірілген. Ақындар отырған сахна шаршы алаң үлгісімен қызыл және көк бұрышқа негізделіп жасалып, артқы жағы темір тормен қоршалған. Студиядағы көрермендер айтысты осы тор арқылы тамашалайды. Ақындар сахнада емес, рингтің ішінде тұрғандай көрінеді. Негізінен, шаршы алаң – қарсыластар білек күшін сынасуға арналған орын. Жаңашыл айтыстың былығы жүргізуші Болат Әбділмановтың қазылар алқасын және ақындарды таныстырғанда басталды. Мұндайды көріп пе едіңіз? Қазылар алқасын таныстыру салтанатында, спорттық жарыста төрешілерді таныстырғандай айқайға басқанда, Асанәлі Әшімов ақсақал күлкіге ерік берді. Айтысты тамашалап отырған көрермендер де езулерін жия алмаған болар. Шынында, бұл күлкілі ме? Иә, бір сәттік күлкі болып көрінуі мүмкін. Өзім бұл айтысты түсірілім кезінде де, телеарнадан да тамашаладым. Жүргізушінің кісі есімдерін келеке қылғаны жаныма батты. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «айтыс – қазақтың театры» деген тәмсілін неге ұмыттық? Айтыс өнерін спортқа телуге бола ма? Ұлық өнерімізді неге спортқа кіріптар еттік? Мені осындай сұрақтар мазалап, қолыма қалам алғызды.
Жобаны ұйымдастырушылар айтысқа спорттың кейбір элементтерін қосу арқылы реңін келтіреміз десе, қатты қателеседі. Спорттың ел намысы мен денсаулық кепілі екендігінде дау жоқ. Айтыстың спорт, спорттың айтыс бола алмайтынын ескерусіз қалдырды. Айтыс алаңы деген тамаша атауды спорт алаңына айналдырғаны қалай? Айтыс жеңімпазына екі миллион теңге сыйақы тағайындалған. Бұл бетімізбен, бүгін спорт алаңында жүрген ақындарды ертең қандай алаңда көретінімізді бір құдай білер. Осылай кете берсе, болашақта ақындардың қомақты сыйақы үшін жынойнаққа толы түнгі клубта немесе басқа жерлерде айтыса бермейтініне кім кепілдік бере алады? Айтыстың жанашыры болуға тиіс азаматтардың мұндай бассыздыққа жол бергені қынжылтты. Ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан айтысымыздың теріс кетуіне жағдай жасағанын байқамай қалса керек. Айтыскерлердің ұйымдастырушыларға талап қоя алмайтыны, ұлт ұпайын түгендеуге тиіс екенін есепке алмастан, жетекке еріп кетуі қандай өкінішті! Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете беретін жағдайға айтыскерлер қалай жетті?..
«Хабар» арнасы ұйымдастырған «Шоу-айтыс» аз болғандай, «Айтыс алаңы» алқымнан алды. Қателіктен сабақ алар ақындарымыз қателерін түзеуге асық емес. Қайта, күшейтіп бара жатқандай әсер қалдырды. Киелі өнерге кір келтірер мұндай берекесіз айтыстың елге керегі шамалы. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген тәмсілді ескермеген айтыскерлер елге қалай ғибрат айтпақшы? Айтыс арқылы спортқа жарнама жасаудың жөні жоқ. Спортшылар онсыз да олимпиадалар мен әлем біріншіліктерінде, сондай-ақ, әлемдік деңгейдегі ережесіз жекпе-жектерде топ жарып, өз істерінің шебері екенін дәлелдеп, қазақ елінің мерейін асырып жүр. Олардың телеарна арқылы насихатталуы аз емес. Сондықтан, айтыскер – айтыскер болып, спортшы – спортшы болып, өз дәрежесінде құрметтелуі тиіс. Шоу көрсетеміз деп асыра сілтеп, екеуін араластырып, ботқа жасаудың қажеті шамалы. Телеарналардың «айтыс» ұйымдастырғаны құптарлық іс. Бірақ, өткеннен сабақтастықты үзбей болашаққа жол көрсететіндей мән-мағынасы болу керек. Менің пікірімше, киелі өнерді келеке еткен бұл жоба тоқтатылуы тиіс. Болмаса, қайта өзгертіліп, сахна үлгісінде жасалғаны дұрыс.
Жасұлан НАУРЫЗӘЛІ,
ҚазҰУ журналистика факультетінің 1-курс студенті.
"Алматы ақшамы"