Есен-саулығын «мал-жан аман ба» деп бастайтын қазақ үшін төрт түліктің орны бөлек. Төрт құбыласы сай болғанын қалайтын әр қазақтың тұрмысы ежелден-ақ төрт түлікпен тығыз байланысты болған. Сондықтан да бұрынғы қазақтардың төрт түлік туралы күнделікті тіршіліктен түйгені сол туралы зерттеп жүрген ешбір ғалымнан кем соқпайтын. Малдың сүтін ішіп, етін жеп, терісінен тон илеп, жүнінен киім тоқыған қазақтарда төрт түлік туралы атаулар жетіп- артылады. Алайда арада заман алмасып, уақыт өткен сайын бүгінгі буын осынау төл атауларды ұмытып һәм жаңылыстыратын болып жүр. Тірлігі малмен біте қайнасқан қазақ үшін бұл жараспас.
Осы себепті кейінгі буын біле жүрсін деген мақсатпен газетімізде «Төрт түліктің төл атаулары» деген айдар ашып отырмыз. Айдардың алғашқы мақаласы қазақ үшін қасиетті жануар – жылқы туралы болмақ. Жылқы десек, әрине, ең алдымен қазы мен қымыз көз алдымызға келетін болса керек. Өйткені қазы мен қымыздың дәмділігі тіл үйіреді. Оны біз – қазақтар түгілі, шетелдіктер де жақсы біледі. Қазақты мақтағысы келген жат-жұрттық, бірінші кезекте, оның дарқан пейілін, кең дастарқанын, тіл үйірген қазысы мен қымызын мақтайды. «Ешбір теңдесі жоқ дәм екен» деп тамсана таңдай қағады. Ал енді тап осындайда, ұлттық тағамымыздың даңқын әуелетіп, мерейімізді асқақтатқан қазы мен қымыздың қайнар көзі – жылқы туралы қонағымызға тұшымды әңгіме айтып беруге біз қаншалық әзірміз?! Қазақ тарихы – жылқы тұяғы, ат жалында жасалғанын, көшпенділердің жылқы арқылы бүкіл жер бетіне танылып, өз өркениетін қалыптастырғанын біз білеміз бе? Иә, жалпы, қазақтың атын айдай әлемге паш етуге құдіреті жетерлік жылқы туралы біз осы не білеміз?
Тарих ғылымдарының докторы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, еңбектері АҚШ, Германия, Франция, Италия, Англия, Түркия, Ресей елдерінде жарық көрген әйгілі ғалым Ахмет Тоқтабай осыдан тура ширек ғасыр бұрын қазақ жылқысының тарихын зерттеуді бастаған кезде, осынау сұрақтарға жауап іздеген болса керек. Енді, міне, сол ұзақ та талмай ізденудің бас-аяғын қорытып, жұртшылыққа «Қазақ жылқысының тарихы» деп аталатын көлемді еңбегін ұсынып отыр. Түрлі-түсті суреттермен көркемделіп, әсем безендірілген, көлемі сексен баспа табақ кітап-альбом «Алматыкітап» баспасынан жарық көрді.
Жасыратыны жоқ, іші-сырты бірдей жұтынып тұрған керемет кітапты қолымызға ұстап тұрып, «әсілі, мемлекеттік тапсырыспен шыққан болар-ау» деп ойлағанымыз рас. Өйткені қыруар қаржыны қажет ететін мұндай қомақты дүниелерді шығаруға, қазанның құлағын ұстағандар шетінен пайда қуған мына заманда кез келген баспагердің тәуекелге бара бермесі баршамызға белгілі емес пе? Алайда жеке басының пайдасынан гөрі халқының игілігін жоғары қоя білетін баспагерлер де бар екен. Міне, «Алматыкітап» баспасы тап сондай биіктен көріне білді. Іздеген кітаптары қолдарына тиіп, көңілдері жайлана бастаған сан мыңдаған оқырманның аталмыш баспаға деген шексіз алғысымызды өздерінің сүйікті «Ана тілі» газеті арқылы жеткізуге асықтық.
«Алматыкітап» баспасы бүгінде қазақстандық баспалардың көшбасшысына айналды десек, ешкім де таласа қоймас. Шаңырақ көтерген он екі жылдың ішінде мыңнан астам кітап атауларын жарыққа шығарған баспаның қазіргі таңдағы өнімдері шетелдік басылымдардан бірде-бір кем емес. Қайта, көбіне олардан басым түсіп жатқан жайы бар. Оған әр жылдары Мәскеу, Франкфурт, Болонья, Лондон, Париж, Пекин қалаларында өткен халықаралық кітап жәрмеңкелерінде беделді жүлделерді иемденіп келе жатқаны куә. Мысалы, 2002 жылы Францияда ұйымдастырылған халықаралық кітап көрмесінде «Алматыкітап» баспасының президенті Элеонора Нығметқызы Баталова SPI Алтын медалімен марапатталды. 2007 жылы Германияда өткен кітап көрмесінде «Алматыкітап» Халықаралық құрметті сыйлық «Алтын Фениксті» жеңіп алды. 2010 жылы Мәскеудегі VІІ халықаралық кітап жәрмеңкесінде баспа «Қазақ афоризмдері» (авт. Е.Шаймерденұлы) кітабы үшін «Гран‑При» жүлдесіне ие болды. 2010 жылы Қазақстан тұтынушыларының ұлттық лигасы ұйымдастырған кітап көрмесінде «Алматыкітап» халықтық «Мінсіз сапа» белгісін еншіледі. Ендігі кезек «Қазақ жылқысының тарихы» сияқты ма, қалай?
«Қазақ жылқысының тарихын» – энциклопедиялық жинақ деп айтуға әбден лайықты. Автор археологиялық, этнографиялық материалдарды, көне жазбаларды, аңыз-әңгімелерді, батырлар жырын, архив және ауызша деректерді салыстыра отырып, жан-жақты кешенді еңбек жазған. Қазақ жылқысы туралы ақпарат-мәліметтер Қазақстанның әртүрлі аймақтарынан, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай елдерінен, Мәскеу, Санкт-Петербор, Орынбор, Омбы, Ташкент мұрағаттарынан жиналып, тұңғыш рет ғылыми айналымға түсіп, көпшіліктің назарына ұсынылып отыр. Жылқы мәдениетін зерттеу үшін ғалым ауыл ақсақалдарынан, атбегілерден, шетелде тұратын қандастарымыздан, жалпы саны үш жүзге жуық информатордан қажетті деректерді қасықтап жинаған. Сондай-ақ жылқы жайлы жазылған сегіз жүзге жуық әдебиетті көз майын тауыса, тапжылмай зерттеп шыққан. Нәтижесінде, «Орталық Азия, соның ішінде қазақ даласы – жылқының отаны» деген түпкілікті тұжырым жасалған. Бұған дәлел ретінде, жүздеген мың жылқы сүйектері табылған энеолит дәуіріндегі – «Ботай қонысы» аталады. Ботайлықтар – жылқыны алғаш рет қолға үйреткендер. Мұны қазір бүкіл әлемнің ғалымдары мойындап отыр. Оны Венгер ғылым академиясының директоры, жылқыны қолға үйрету мәселелерімен тікелей айналысып жүрген дүниежүзіне танымал палеозоолог-мамандардың бірі, профессор Шандор Бекени де, жылқының тістеріндегі ауыздықтардың іздерін анықтаудың өзіндік әдісін тапқан америкалық әйгілі ғалым Дэвид Энтони де, жылқының сүйегінде қолға үйретілгендігін дәлелдейтін морфологиялық белгілерінің бөлшектенуіне қатысты остеологиялық жиынтықтарды зерттеуші неміс ғалымдары Фриш Бенеке де Ботай ыдыстарының сынықтарынан қымыздың нәлін анықтаған ағылшын ғалымы Алан Оутрам да бірауыздан қостайды. Ең ғажабы, 2009 жылы бүкіл әлемге танымал SCIENCE ғылыми журналында жылқының дүниежүзі бойынша тұңғыш рет Солтүстік Қазақстанда қолға үйретілгені, ертедегі малшы-жылқышылардың б.з.д. ІV мыңжылдықта қымыз дайындағаны әлем жұртшылығына жария етілді. Осы орайда, зерттеуші А. Вилькинс «қазақ жылқысы арқылы біз, орыстар, жылқыға қол жеткіздік» дегенді айтады. Демек, аттың үстіне өзге халықтардан бұрын көтерілген біздің бабаларымыз. Адам өміріндегі аттың рөлі жайлы Махмұд Қашқари «Ат – түріктің қанаты» деген. Тегі ұлан-ғайыр байтақ жерді бүгінде мұра етіп отырған біз кезінде бабаларымызға қанат бітіріп, сайын даланы иемденіп қалуға мүмкіндік берген қасиетті жылқыға өлшеусіз қарыздар болсақ керек.
Жылқының арғы тегі жылқы пішіндес жануарлардан дами келе – тарпаңға, Пржевальск жылқысына, құлан, зебраға жеткен көрінеді.
Осылардың ішінде тарпаң жылқының бітімі бөлекшелеу болғаны тарихтан мәлім. Тарпаңдардың бойлары жылқыдан аласалау, денесі тығыршықтай томпақ, түстері құла және көк болып келеді. Ал қазақ жылқысының ерекшеліктері – бастары үлкен, маңдайы ойыстау, қалың жақты, дөңес мұрынды, мойны шомбалдау, қысқа, көздері мен құлақтары кішкентай. Шоқтығы биік, шабы қысқа, кең сауырлы, қылқұйрығы төмендеу орналасқан. Қазақ жылқысының бойы аласалау көрінгенімен, дене мүшелері кішкене емес, арқасы қысқа да қайратты, бұлшық еттері тығыз. Бұрынғы қазақ жылқыларының отыз жасқа дейін жасағанын көптеген атбегілер растайды. Жүйрік аттар жиырма жасқа дейін бәйгеге шаба берген. Батырлардың астындағы тұлпарлар көбіне жиырма жастан асады екен.
Адам баласының жылқыны ауыздықтап мінуі және ер-тұрманды ойлап табуы, шын мәнінде, ұлы жаңалық еді. Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, Еуразияның көне тайпалары – скиф, сақ жылқышыларының ер-тұрмандары жұмсақ болатын, бір айылмен тартылатын жайдақ тоқымнан көп айырмашылығы жоқ еді. «Пазырық», «Берел» қорғандарынан табылған ер-тұрмандар тоқымнан, ердің екі қасына ұқсатып жасалған, ішіне шөп, бұғының жүнін тыққан екі көпшіктен, айыл-тартпадан, өмілдірік пен құйысқаннан тұрған. Ертедегі еуропалықтар үзеңгінің жоқтығынан аттың үстіне шығуы үшін небір айла-шарғыларға барған. Атқа мінудің ең қарапайым әдісі – аттың үстіне қарғып мінген немесе жалы мен құлағынан ұстап тырмысып шыққан. Испандар атқа міну үшін оны тізерлетіп үйреткен. Тіпті атқа мінгізетін арнаулы құлдар, шағын баспалдақтар, темір сатылар қолданылған. Греция мен Италияда үлкен қалаларға баратын жолдарда атқа міну үшін арнайы тас үйіп қою, тас тұғыр орнату етек алған. Бір ғажабы, көшпенділер үзеңгі жоқ кездің өзінде мұндай әурешіліктерге бармаған. Өйткені үш-төрт жасынан атқа мініп үйренген олар есейген шақтарында аттың құлағында ойнайтын.
Жылқыны қолға үйрету, оның құрал-жабдықтарын жасау үшін адамзат ғасырлар бойы ұзақ та әрқилы жолдардан өтті. Енді сол «кейінгі ер-тұрмандардың қандай ерекшеліктері болған» деген мәселеге тоқталайық. Алдыңғы және артқы қасы доғаша иілген ағаштан жасалып, былғарымен қапталған әртүрлі темір, алтын, күміс қапсырмалар орнатылған ерлер Шығыс Еуропада ғұндардың келуімен қолданысқа енген еді. Құрылымы мықты ағаш ерлерді б.з.д. ІІІ ғасырда Қытай шекарасында тұрған ғұндар ойлап тапқан. Бұл ерлердің бір артықшылығы, жауынгерлер аттан түсе қалып, жазық далада бірінің үстіне бірін қойып, бекініс жасауға да өте ыңғайлы көрінеді. Ердің қастары биіктеу, отыруға, садақ тартуға, семсер шабуға қолайлы.
Ғұндар астындағы аттарын қамшымен басқарған. Қамшы – ер жабдықтарының ажырамас бөлігі. Адамзат жылқыны қолға үйретіп мінісімен аттың өзін жүргізу және алдындағы малды айдау үшін қандай да бір құрал қажет болған. Алғашқыда атқа мінген адам оны әртүрлі шыбықпен, таяқ-ағашпен айдап жүргізген. Уақыт өте келе бұл құралды малдың терісінен жасаған, бертінірек өрме өнері шыққанда шикі қайысты өріп, өрменің санына байланысты қамшылар үш таспа өрім, төрт таспа өрім, алты таспа, сегіз таспа, он екі, жиырма төрт, қырық сегіз таспа болып бөлінген. Қамшы жаумен бетпе-бет жақын келгенде таптырмас ұрыс қаруы ретінде де қолданылған. Қамшының сабы ағаштан жасалып, мысық тектес жыртқыш аңның басы бейнеленген. Жалпы, қамшының сабын аттың басы, бөрінің басы, тағы басқа аң-құстардың басы түрінде бейнелеп, ағаштан, мүйізден жону қазақ дәстүрінде кең етек алған. Кітап авторының айтуынша, қамшының жиырма үш түрі, қамшылау әдістерінің он бес түрі бар екен.
Көшпенділер тарихында үзеңгілі қатты ер-тұрманның жасалуы өте үлкен жаңалық әкелді. Үзеңгінің арқасында атқа жылдам мініп-түсуге, жаумен айқасқанда шіреніп тұрып қылыш сілтеуге, найза шаншуға, шоқпар сілтеуге, садақ тартуға, шалма лақтыруға барынша қолайлы болды. Нақтырақ айтқанда, үзеңгі атты жабдықтау технологиясының ең соңғы және ең шешуші элементі деп бағаланды. Расында да, қазіргі ер-тұрман сол ІV ғасырда пайда болған қатты ер-тұрманнан (әртүрлі әшекей, сәнділігі болмаса) көп өзгере қойған жоқ.
Үзеңгілі қатты ер-тұрманның өмірге келуі, негізінен, түріктердің тарих сахнасына шығуымен тікелей байланысты. Алтайда тұрған түркілер жужандарға (аварлар) құл бола жүріп, темір өңдеу кәсібімен шұғылданып, темір тағаларды, айылбастары бар ер-тұрмандарды соғып, дәл сол уақытта үзеңгіні де ойлап тапқан. Кейін түркілерден ығысқан жужандар Еуропаға металл үзеңгіні апарад, яғни ғұндардың ағаш сүйекті ер-тұрманы, алысқа атылатын садағы, ұзын екі жүзді семсері болса, түркілерде үзеңгілі қатты ер-тұрман, қайқы қылыш болды.
Түркілерден кейін тарих сахнасына көшпенділердің жаңа легі – қыпшақтардың шыққаны белгілі. Қыпшақтардың – мәмлүктердің атты қосындары орта ғасырлардан бастап, жаңа заманға дейінгі ең жақсы атты әскерлердің бірі саналады. Тіпті Наполеоннің өзі Египет жорықтарында мәмлүктердің атты әскерін көріп, өте жоғары бағалаған. Сол замандарда, керек десеңіз, қыпшақтарда ат ойындарын тамашалайтын жылқы театры да болған. Кезінде осылардың бәрін өз көздерімен көрген саяхатшылар таңдай қаға, таңырқай естелік жазып қалдырған.
Көне заманнан келе жатқан қазақ жылқы тұқымдары – жабы, арғымақ, қазанат деп бөлінеді. Осындағы «арғымақ» атауы Селжүк заманында (Х-ХІ ғасыр) пайда бола бастаған. Қазақтар «араб арғымағы», «ағылшын арғымағы», «орыстың зауыт арғымағы» деп бөледі. Негізінен, «арғымақ» деп ертеректе тек Парфияның асыл тұқымды жылқыларын атаған. Ал қазір түркі халықтары кез келген таза қанды жылқыларды осылай атай береді. Шын мәнінде, бұл ұғым «түрікмен арғымағы» мен «парсы арғымағына» ғана сәйкес келеді. Оның үстіне, парсы жылқыларының өзі түрікмен жұртынан шыққан.
Қазанат – биелерге асыл тұқымды айғырларды салудан шыққан будан. Мәлімет берушілердің айтуынша, қазанат алу үшін кез келген асылтұқымды айғыр жарай береді екен. Қазанатты қазақтар басқа жылқылардан біршама жақсы көреді. Қазанаттардың батырлар жырында жиі дәріптелуіне қарап, олардың ежелден-ақ жорыққа мінетін – әскери жылқылар болғанын байқаймыз. Мысалы, «Қобыланды батырдағы»:
Мінуге керек қазанат,
Беліңе керек шарболат, – деген жыр жолдары қазанаттың көне тұқым екендігіне көзімізді жеткізе түскендей. Ал Махамбеттің «Арғымақтан туған қазанат» деп келетін өлең шумағы қазанаттың айғыры арғымақ болғанын ап-айқын көрсетіп тұрған жоқ па?!
Жабы – Қазақстанның бірталай жерінде ұшырасқанымен, негізінен, оңтүстік пен оңтүстік-шығыс аймақтарда көбірек шоғырланған. Парсылар «ябы» деп тұқымы тексіз, бірақ күшті, керуенде күш-көлік есебінде пайдаланылатын қораш жылқыларды атайды. Тәжікстандағы түркі тектес лоқайлықтар өз жылқыларын түрікмен жылқысынан айыру үшін – «йабы» дейді. Жабы – түркі халықтарында көбіне «жүк көтергіш» деген мағынаны білдіреді. Жабы – жал-құйрығы қалың, денесі шымыр, мойны мен аяқтары қысқа, тез ет алғыш, арымайтын, ыстық-суыққа, аштыққа төзімді жылқы.
Қазақтар жылқыларды пайдалану мақсатына қарай былай жіктеген:
Берік – күшті, еті тығыз жылқылар. Бұлардың бітімі қораштау, семіз, еті тығыз, кебеже қарын, кең құрсақ, аяқтары жуан, басы үлкен, мойны жуан болып келеді. Жылдам жүріске, шабысқа жарамсыз. Негізгі қасиеті – жемшөп талғамайды, ауыр жұмыстарға шыдамды, ауа райының қай мезгіліне болса да көнбіс. Мінезі жуас.
Жүрдек – күші мығым, берік пен бәйге аттарының арасындағы салт жүріске арналған жылқылар. Оны сұңғақ жаратылысына қарап, «сұлу ат» деп те атайды. Жүрісі жайлы, көбіне желіс, саржеліс түрінде болады. Жүрдек барымташыларды қууға, алыс сапарларға шығуға пайдаланылған.
Жүйрік – шабыс аттары.
Аяңшыл – тек салт мінуге арналған, аяң жүрісті аттар. Аяңның өзі «өгіз аяң», «жай аяң», «жел аяң» деп бөлінеді.
Желгіш – ертедегі қазақ тұрмысында көп пайдаланылмаған жылқылар. Бұлар қазақ жерінде тек ХІХ ғасырдың соңына қарай көбейе бастады.
Жорға – қазақтың бәйге аттарынан кейінгі жоғары бағалайтын, ерекше жақсы көретін тұқымы. Жорғаның жүрісі адамға өте жайлы. Жорға жылқыда туа бітетін қасиет болғандықтан, қазақтар жорға тұқымын сақтауға тырысқан.
Сәйгүлік – елшілер мінетін ат.
Қазақтарда мал иесінің атымен аталатын тұқымдар да кездеседі. Жазба деректерге сүйенсек, 1845-1850 жылдары Көкшетау уезінде «Сәбден тұқымы», Қарқаралы уезінің Мойнақ болысында «Ниязбек тұқымы» туралы мәліметтер кездеседі. Қазақ жылқылары рулық, жерлік сипатына қарай: адай, шекті, найман, Алтай, Жетісу, Сауран жылқылары деп те жіктеліп жатады.
Қазақтар жылқы жейтін шөптерді екі түрге бөледі: ақ от және қара от. Ақ отқа – қара топырақты жердің селеулі шөптері, қара отқа сары топырақты жердің жусанды, изенді шөптері жатады. Халық жырларындағы «Жылқыны мыңнан өсірген, Арқаның тарлау бозы» деген сөз тегін айтылмаса керек. Осындағы «тарлау» – шын мәнінде, ерекше шөп, жылқының жан азығы. Халық оны тіпті дәріптеп «атқұтыртқан» деп те атаған. Тарлаудан соң жылқының негізгі азығы – бетеге. Жылқыға қатысты «бетегелі белге бітем, найза ұстаған ерге бітем» деген де сөз бар. Жылқының азығын жан-жақты зерттеген ғалымдар мынадай тұжырымға келген: «Жылқы ажырықты – жыл бойы, шиді – қыстан көктемге дейін, изенді – жыл бойы, ебелекті – күзде және қыста, тас бұйырғынды – күзде және қыста, көкпекті – күзден көктемге дейін, майқараны – күзде және қыста, бетеге, боз ақселеуді жыл бойы жейді».
Қазақ жылқысының әр дәуірдегі санын анықтау өте күрделі. Өйткені хандық, мемлекеттік тұрғыдан жылқы санағы ешқашан жүргізілген емес. Дегенмен де ел аузындағы әңгімелер мен жазба деректерге сүйенер болсақ, біраз нәрсені пайымдауға болатын сияқты. Мысалы, зерттеуші И.Фальк: «Бай қазақтардың қолында бес-он мыңнан жылқысы бар. Мұндай байлар тіпті өздерінің жылқыларының дәл санын білмейді», – деп жазады. Ал француз ғалымы Гуттен-Чапский «қазақтардың жылқы үйірлері ғаламат үлкен, бай иеліктерінде сегіз мың-он мың басқа дейін болады, кедейлерінің өзінде жиырмадан кем емес» дегенді жазып қалдырған. Жылқылы байлардың жылқыларының санын дәлме-дәл көрсеткен бірден-бір зерттеуші Ш.Уәлиханов болса керек. Оның жазуынша, арғын ішіндегі қуандық Сапақ байда он сегіз мың, қаржас Азнабайда жиырма бес мың жылқы болған.
Кешегі кеңес заманындағы деректерге жүгінсек, қазақ жерінде үш миллион бір жүз жетпіс төрт мың жылқы болған екен. Ал 1915-1916 жылдардағы «тықыр қоян», «қазан дүрбелеңінен», 1918 жылғы Павлодар уезіндегі «жылқы жұтынан» соң, 1922 жылғы санақта жылқы саны бір миллион сегіз жүз тоқсан екі мыңға құлдырап кеткен. Ең өкініштісі, 1933 жылғы санақта қазақ жерінде небәрі үш жүз мың бас жылқы қалған…
Жылқы шаруашылығының басты өнімі – сүті. Бие сүтінен қымыз ашытылады. Түркі халықтары этнографиясының көрнекті өкілі Л.Потапов: «Қымызды ойлап тапқан – көшпенділер. Көшпендінің бұл жаңалыққа тап болуы әсте қиын емес еді. Сауып алынған бие сүтін тері ыдысқа құйып көшіп жүргенде, ыстық күнде шайқалған сүт өзінен-өзі қымызға айналған. Шайқалған сүтті ішіп көрген көшпенді, шөлінің қанып, жан сарайының ашылғанын, көңілінің көтерілгенін байқаған. Ол енді қымыз ашытудың әдістерін жетілдіре түсуге кіріскен…», – деген пікір айтады. Сондай-ақ Еуразияның көптеген елдеріндегі «Хемус», «Гмыз», «Гымза» деп аталатын шарап атауларының «қымыз» сөзінен шыққандығы да әлдеқашан дәлелденген.
Биені алғаш байлағанда ашытатын қымызды – «уыз қымыз», алғаш рет құлындаған қулық биенің сүтінен ашытылғанды – «қысырақ қымыз» немесе «ту қымыз», қымыздың үстіне саумал құйылып келесі күні қотарылатынды – «түнеме қымыз», ашып кеткен қымыздың үстіне үстемелеп саумал құйып жуасытқанды – «жуас қымыз», сабадағы мол қордың үстіне күн сайын сүт құя отырып бірнеше күн жинаған қымызды «қорабалы қымыз» деп атайды. Қымыздың дайындалу мерзіміне қарай: саумал, түнемел қымыз (бір күндік), құнан қымыз (екі күндік), дөнен қымыз (үш күндік), бесті қымыз (төрт күндік) деп те бөлінеді. Қымыздың дәмін келтіріп, күшейте түсу үшін оған кепкен сүр қазы, қойдың құйрығы, қалампыр, күшала, көк қылша, жылқының тобығы, қант, бал, мейіз, кептірілген өрік, құйма күміс (жамбы) қосылады.
Инемен құдық қазғандай әрбір мәліметті тірнектеп жинаған Ахмет Уәлханұлы жылқының еті, қазысы, қартасы, жал-жаясы туралы, тіпті терісі, қылы, тұяғы, сүйегі, құмағы туралы терең әңгіме қозғайды. Бір қазының өзіне жан-жақты тоқталып, оның атауларын: жылт қазы, ала бұлт қазы, пышақ жүзі қазы, пышақ сырты қазы, шынашақ қазы, бармақ қазы, бір елі қазы, екі елі қазы, үш елі қазы, бес елі қазы, сере қазы, табан қазы, қарыс қазы, табалдырық қазы, жеңді білек қазы, дөңбек қазы, ұлпа қазы, бұжбан қазы, кірпіш қазы, тобаяқ қазы, домбай қазы, қос қазы, қазының құрышы, қазының тұйығы, қазының шұрайы, екі мың үш жүз жылдық қазы («Берел қазысы»), «Гиннестің рекордтар кітабына» енген «қазақтың ең ұзын қазысы» деп, жалпы санын жиырма жетіге жеткізген.
Ахаң жылқы етінің, сүтінің, майының, көкбауырының, сүйегінің, тобығының, терісінің, қылының, шуының, тіпті жас тезегінің, көңінің, несебінің емдік қасиеттері хақында нақты мысалдар келтіре отырып, толыққанды түсініктер береді. Аттың бабы мен сыны жайлы тұшымды да нанымды сөздер айтады. Мәселен, аттың сынына қатысты жылқы басының – жиырма бір, көзінің – он, тісінің – он бір, жағының – алты, құлағының – он бір, жалының – жеті, кеудесінің – бес, тұяғының – сегіз, құйрығының тоғыз түрін атап, соларды тәптіштей түсіндіріп береді. Ең ғажабы, кітапта жылқы түстерінің үш жүз түрі аталып, соларға талдау жасалады. Жылқыға қатысты отыз алты ән, төрт би, сексен тоғыз күй шығарылғаны тілге тиек етіледі.
Жылқыға байланысты мамандықтар, халықтық мерекелер де ғалымның назарынан тыс қалмаған. Әсіресе, соңғы уақыттарда мүлде ұмытылып, ұлттық салт-дәстүріміздің санатынан шығып қалған Қымызмұрындық мерекесі, қайсыбір ат ойындары, әскери істер жайлы жеріне жеткізе әңгімелейді.
Кітап авторы сөзін жылқы шаруашылығын өркендетуге мемлекет тарапынан жағдай тудырып, таза қазақи асылтұқымды жылқыларды өсіретін жылқы зауыттарын ұйымдастыру, жылқы санын жеделдете көбейту, жылқының емдік қасиеттерін қазіргі медицина саласында кеңірек пайдалану, қымыздың сапасын түсірмейтін ыдыстар жасауды зерттеп, өндіріске енгізу, ұлттық ер-тұрман, қамыт-сайман жасайтын кәсіпорындар ашу, жылқымен байланысты халқымыздың ұшан-теңіз дәстүрлі мәдениетін қалпына келтіретін этнографиялық жылқы зауытын, республикалық жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын ашу, қазақ жылқысының тарихын, атпен салт жүру, ат баптау, атпен ит жүгіртіп, құс салу өнерлерін мектептерге жеке пән ретінде енгізу, жылқы шаруашылығын өркендетуді «Үкіметтің ішкі саясатының негізгі бір саласына айналдыру қажет» деген нақтылы қадау-қадау ұсыныстармен тамамдайды.
Біз, қазақтар «жылқы мінезді халықпыз» дегенді жиі айтып жатамыз. Ал жылқы – таза, кірпияз, судың тазасын ішіп, шөптің құнарлысын ғана жейтін жануар. Ең бастысы, жылқы өзіне басқаның үстемдік етуіне, тапап-талауына, аяқ асты етуіне жол бермейді. Жылқы – еркіндікті сүйетін, бостандықтың символы. Сондықтан, шын мәнінде, тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де жылқы мінезді қазақ екенімізді паш ете білгенімізге не жетсін, шіркін! Ендеше, жылқы туралы көбірек біліп, көбірек ой түйіп, жылқы шаруашылығын өркендетуге өз үлесімізді қоса білейік, ағайын!
Әлібек Файзуллаұлы,
жазушы, «Ана тілі».