АҚШ президенті Дональд Трамп сейсенбі күні Ресей Украинаға қарсы соғысты тоқтату туралы келіссөздер бастамаса, жаңа санкциялар енгізу "ықтимал" екенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Трамп АҚШ-тың Украинаға қару-жарақ жеткізуді жалғастыратыны туралы нақты жауап бермеді.
"Біз Зеленскиймен сөйлестік. Ресей президенті Владимир Путинмен де жақын арада сөйлесеміз. Содан кейін жағдайдың қалай өрбитінін көреміз. Біз мұны мұқият қадағалаймыз", – деп жазды Трамп Truth Social парақшасында.
Ол егер 2022 жылы билікте өзі болғанда, Украинадағы соғыс ешқашан басталмас еді деп есептейтінін білдірді.
"Ресей Украинаға ешқашан басып кірмес еді. Менің Путинмен өте мықты келісімім болды, бұл ешқашан болмас еді. Ол Байденді сыйламайды. Ол ақылды, бәрін түсінеді", – деді
Трамптың айтуынша, Украина президенті Владимир Зеленский бейбітшілік орнатқысы келетінін айқын білдірген, бірақ бейбітшілік үшін екі тараптың да келісімі қажет.
"Президент Зеленский маған бейбітшілікті қалайтынын анық айтты. Бірақ бейбітшілікті орнату үшін екі жақтың да келісімі қажет. Не болатынын көрейік. Қашан болсын, мен кездесуге дайынмын. Мұның аяқталғанын көргім келеді. Миллиондаған адамдар қаза табуда... Бұл – қатал жағдай, әсіресе қазір негізінен сарбаздар қаза табуда. Қала тұрғындары арасында да құрбандар көп болды. Жойылған аудандар, құлаған ғимараттар – бұл өте қайғылы көрініс", – деді ол.
Трамп сонымен қатар соғыс майданында адамдардың көптеп қаза тауып жатқанын айтты.
"Ресей шамамен 800 мың сарбазын жоғалтты. Украина 600-700 мың сарбаз жоғалтты деп ойлаймын, бірақ бұл сандар ресми жарияланғандардан төмен болуы мүмкін. Екі жақтан да үлкен шығын бар", – деді ол.
Еуроодақтың Украинаға көбірек қаржы бөлуі керек екенін айтқан Трамп, АҚШ бұл мәселеде 200 миллиард доллардан астам қаражат жұмсағанын және бұл мәселе Еуропаға көбірек әсер ететінін атап өтті.
Сондай-ақ, Трамп Қытай басшысы Си Цзиньпинмен әңгіме барысында Украина мәселесін талқылағанын және Қытайдың бұл жағдайды реттеуге ықпал етуі керектігін айтқанын мәлімдеді.