Қазақы төбетті сақтап қала алмау – қазаққа сын

3043
Adyrna.kz Telegram

«Ит – жеті қазынаның бірі», «Ит – адамның досы» деп жиі айтып жатамыз. Ал осы иттің бүгінгі жағдайы мен жай-күйі, дәлірек айтсақ, өзіміздің қазақы төбеттер мен құмай тазылардың тұқымы жайлы ойланып көрдік пе? Жай шолып қарағанда аса толғандырарлық маңызды тақырып болмағанымен, бүгінге бұл мәселе қазақ қоғамын қатты алаңдатуы тиіс десек, қателеспеген болар едік.

Олай дейтін себебіміз – қазіргі тұста қазақ­тың қанына біткен аңшылық пен құсбегілік, яғни ит жүгіртіп, құс салу, қыр­ғауыл­дың етін қақтап жеп, құмай тазымен қорқау қасқырдың өзін соғып алу өнері мақұ­рым қалып бара жатқан сияқты. Жел­ке­сі күжірейген, кеудесі кере қарыс қазақ­тың төбе иті – төбеттердің тұқымы, өкінішке қарай, азайып, азайғаны былай тұрсын, басқа тұқымды иттермен шағылысып, ұсақ­талып бара жатқаны көңілге қаяу салады. Бүгінде пәленбай мың долларға сатылып жатқан түрікменнің Алабайы да түптеп келсек, кәдімгі өзіміздің қазақы тұқым екенін біреу білсе, біреу білмес.

Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалған қасиетті құндылықтың аяқасты қалғаны ма, әлде оны қалыпқа келтіруге еш мүмкіндік жоқ па?

Ауылға барғанда аңға шығып, қазақтың ескіден қалған дәстүрін жалғастырып келе жатқан ағаларымызбен кездескенде, аң аулар иттердің қалмағанын, тіпті қоян мен түлкіге қуып жетіп, қанжығасын қандай алмай қайтатын  кездердің жиі кездесетінін қынжыла айтып жатады.

Бауыржан ХОЗИН, Қарақамыс ауылының тұрғыны, кәнігі аңшы:

– Аңға жұма сайын шығып тұрамыз. Бірақ қолыңда шиті мылтығың болмаса, итпен ғана аң алам деп әуре болудың қажеті шамалы. Өйткені біздегі ауылдың бұралқы иттерінің тұқымдары әбден шала болып, тазылардың өзі таяу жер­ден шыққан аңға жете алмай, шаң қауып, алаулаған жігеріңді құм ететіні бар.

Сонда бұл атадан-бабаға мұра болып келе жатқан аңшылық дәстүрінің қаймағы бұзылмаған қалыбын қалай сақтап қалуға болады? Мәселенің байыбын байқап, түбін тереңнен қопарып көрсек. Жалпы, қазақы төбет жайлы әңгіме қозғағанда осы істі кәсіп еткен, яғни қазақы төбеттің тұқымының жоғалмауына келелі іс атқарып жүрген ағалардың кеңесін алмай, ой айту мүмкін де емес. Сондықтан төбет иттердің сан түрін салыстырып, осы жолда талай еңбек сіңірген бірталай адамды әңгімеге тарт­тық.

Данияр ДӘУКЕЙ, қазақы иттердің тұқымын өсіруші:

– Сегіз жыл Англияда оқып келіп, Отаныма оралғаннан бері осы кәсіпті өзіме серік еткенмін десем артық айтпас­пын. Себебі менің ойымша, елдің мүддесін жаһандағы алпауыт елдердің ортасында сақтап қалу үшін  тек ежелден қалыптасқан қазақы қалыбымызды, ұлт­тық менталитетімізді, дәстүрімізді көрсете білуіміз қажет. Ал ол үшін қыран бүркітіміз, қазанаттай тұлпарымыз, құ­май тазыларымыз бен қазақы төбеттері­міз ұлттық брендіге айналуы тиіс. Тек сонда ғана еліміздің ертеңгі болашағына сеніммен қарап, қазақтың қанына біткен қайсар ғұрпының мұртын бұзбай, келе­шек ұрпаққа  жеткізе аламыз.

Осы мақаланы  жазу мақсатымен жүр­ген­де ойда-жоқта өзіміздің өңірде тұратын Оралбек есімді ит асыраушы жігітпен жолығудың сәті түсті. Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр селосында тірлік қы­лып жатқан ағамыз кәдімгі қазақы төбеттер­ді тобымен асырап жатқанын біліп, көктен іздегеніміз жерден табылды. Үйіне бірге еріп барып, төбет иттерін көрген біздің таң­ғалмасқа амалымыз қалмады. Біреулерге ерсі әрі қораштау көрінгенімен, бұл кәсіптің де өзінің мәні мен астары барлығын әңгіменің ауанында байқатып қалды.

Оралбек ҚАЙСАНОВ, «Тазы-Төбет-Бөрібасар» федерациясының президенті, қазақы тұқымды иттерді асыраушы:

– Қазақы төбеттердің тұқымын он жылдан бері асырап әрі осы төбеттер мен тазы тұқымдарын сұрыптап келемін. Осы жылдар ішінде мен әлемде қазақы төбеттен артық ит жоқ екеніне көз жеткіздім.  Итті сатып, ақша табу үшін ұстайтындар да бар.  Бірақ мен мұндай кәсіптен аулақпын. Менің бар мақсатым қазақы төбеттер мен тазыларымызды әлемдік деңгейде тек қазақтың брэнді етіп шығару болып отыр. Осы мақсат үшін аянбай тер төгіп келемін. Мұным біреулерге ұнамағанымен, іске шын пейіліммен кіріскен мен жұрттың анау-мынау өсегін еш елең қылмаймын. Себебі мен өз кәсібімнің түптің түбінде халқыма пайда келтіретініне сенемін.

Дәл қазір 40-тан астам төбет иттері мен тазылары бар Оралбек Тоқтарұлы иттердің тұқымын жеті атасына  дейін ара­лас­тырмау қажет деген  пікірде. Сонда  ғана  қазақтың ежелден қалыптасқан батыл мінезді төбетінің тұқымын сақтап қалуға болатын көрінеді. «Мендегі төбеттердің бәрі өзіміздің басқа тұқыммен араласпаған нағыз қазақы төбет деп еш ұялмай-ақ айта аламын», – деген сері аға тек төбет иттерді ғана емес, қазақтың сәйгүліктерін де өсір­мек ойда. Бұл жайлы алдағы жолы әңгімелей жатармыз.

Қазір Қазақ елінде  таза қанды қазақы төбеттердің саны 100-ге жетіп жығылған. Ал «азиат» тұқымды иттер бес жүзден аса­ды. Төбеттердің де республикалық, әлемдік біріншіліктері өткізіледі екен. Бұл жарыстар – бүгінде сәнге айналған, ақша үшін төбелес­тіретін «Төбеттер төбелесі» емес, арнайы тестілік тапсырмалар арқылы анықталатын үздік төбеттердің чемпионаты. Чемпионат демекші, жуырда осы Оралбек­тің «Тарзан» және «Қонақ» есімді қазақы төбеттері Мәскеуде өткен әлем біріншілігінде ширек финалға шығыпты. Қазір қос төбет те алдағы сәуірде Мәскеуде өтетін финалдық бәсекеге әзірлік үстінде.

Расында да, Орал ағаның иттерін көрген біз, шынымен де, осындай төбеттердің сақталып қалғанына қуандық. Ел басына күн туған өткен ғасырдың 30-жылдарында Түрікмен, Ауған жеріне асып кеткен ата-бабаларымыз өздерімен бірге қазақы төбеттерді де ала кеткен. Осыларды көздің қарашығындай сақтап, мал бағып, аң аулаған қазақы төбеттердің қайта ора­луы, шынымен де, таңғаларлық оқиға.

 

Оймақтай ой

Қазақы төбет – бұл ең алдымен ұлттық құндылықтарымызды, яғни тұтастай Алаш атын әлемге мойын­дататын тағы бір тамаша мүмкіндік. Қытайдың «Чау-чауы», түрікмендер­дің «Алабайы», немістердің «Добер­ман-финчері» әлемге танылды, ал біз қазақы төбетті қалай сақтап қаламыз деп бас қатырудамыз. Әркім өз құнды­лығын меншіктеп, патенттеп жатқан кезеңде біз де адам түгіл, Алаштың итіне дейін түгендей білуіміз қажет. Сондықтан Данияр, Орал сияқты ардақты іспен айналы­са­тын, саусақпен санарлық жандарға Үкімет тарапынан қолдау көрсетілсе де артық болмас деген ойдамыз…

 


Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Көкшетау

Пікірлер