Қазақта «ит – опа, қатын – жапа» деген сөз бар. Осы сөздерден-ақ қазақтың дүниетанымында иттің алар орны ерекше екенін аңғару қиын емес. Яғни ит иесіне қайырымды болғандықтан, опасыздық жасамайтындықтан, қазақ итті опа санаған. Сондықтан да оны жеті қазынаның қатарына қосып, ерекше әспеттеген. Алайда бүгінде жеті қазынамыздың қадірін жете түсіне алмай жатқанымыз өкінішті. Соның ішінде қазақы төбет пен құмай тазымыздың сиреп кеткені жанға батады. Жетістіктерін паш етіп жатқанымыз шамалы. Мәселен, қазақтың «Қонақ» есімді төбеті жуырда ғана ит төбелестіруден әлем чемпионы атанып келгенін естідіңіз бе? Жарыса жазып, көрсетіп жатқан бұқаралық ақпарат құралдарын көрмедік.
«Түгел» баспасөз клубында өткен брифингте осындай жақсы жаңалықтан хабардар болдық. Бөрібасар тұқымды иттер арасындағы әлем чемпионатының финалы Мәскеу қаласында өтіпті. Чемпионат бірнеше кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңі Украинадан басталған. Одан соң Мәскеудің Клин деген жерінде жалғасын тауып, үшінші кезең Ресейдің Воронеж қаласында өткен. Чемпионатқа 12 елдің иттері қатысқан. Оның ішінде Украина, Болгария, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан секілді елдердің чемпион иттері келген. Бізден барғандар бұл жарысқа үш ит қосып, олжалы қайтыпты. Чемпион болған «Қонақ» атты иттің иесі Асланбек Мұқашевтің айтуынша, төбелес тартысты өткен. Қонақ бұл чемпионатқа үшінші рет қатысып тұр екен. Екі рет жолы болмай, үшінші реткі осы қатысуында алдынан шыққан азулының бәрін қан қақсатқан. Сөйтіп, иесінің қанжығасы 1 миллион теңгемен майланыпты.
Асланбек Мұқашевтің айтуынша, итке де спортшылар секілді бап керек. Тілі жоқ мақұлықты баптау да оңайға соқпайды. Жүгірту, денесін шынықтыру секілді жаттығулар да үзілмеуі қажет.
Бір қызығы, бізде «Тазы–Төбет–Бөрібасар» деп аталатын республикалық федерация да құрылған көрінеді. Иттердің төбелесі, текті иттерді тану, сақтау, будандастыру секілді шаралардың бәрі осы федерацияның жұмысы.
Біреулер иттердің төбелесі түкке қажеті жоқ деп есептейді екен. «Тазы–Төбет–Бөрібасар» республикалық федерациясының президенті Оралбек Қайсанов бұнымен келіспейді. «Иттердің жекпе-жегі тестік сынақ», – дейді ол. Яғни төбеттердің тектілігін төбелес арқылы ғана ажыратып, сол арқылы таза қанды төбеттерді көбейтуге болады екен.
«Төбелес – төбеттердің қанында бар қасиет», – дейді Асланбек Мұқашев. Сондықтан да төбелестен төбесі көрінген төбеттің тегі тегін емес деген қорытынды шығаруға болады. Төбеттерді төбелесте сынап, бағалайтын тәртібі бар. «Тазы–Төбет–Бөрібасар» республикалық федерациясының бұрынғы президенті Абылай Амансүгіровтің айтуынша, төбет төбелеске шыққанда қарсылас итін бірден бас салмаса, онда тектілігі бір сатыға төмендейді. Сосын таза қанды төбет төбелес барысында еш үн шығармауы тиіс. Ырылдап, қыңсылауы не тісін ақситып айбат шегу төбетке сын болмақ. «Осының бәрін бағалап келгенде, төбеттің тектілігі айқындала түседі. Содан кейін оған мықты қаншық тауып будандастырып, таза төбет алуымыз керек», – дейді Абылай Амансүгіров. Бүгінде, өкінішке қарай, мемлекет қазақ иттеріне жете көңіл бөлмей отыр. «Тазы–Төбет–Бөрібасар» республикалық федерациясы да итке жанашыр адамдардың қаржысымен күнелтіп келеді. «Егер мемлекеттің қазақ иттеріне деген қамқорлығы зор болса, ендігі әлем чемпионы болып келген Қонақтан күшік алып қалудың амалына кірісер еді», – деп кейиді Абылай Амансүгіров. Оның айтуынша, Түрікменстан өздерінің алабайларына мемлекеттік деңгейде жағдай жасап қойған. Оның үстіне алабайлармен ақша да тауып отырған көрінеді. «Түрікменстаннан оңайшылықпен алабай алып шыға алмайсың, сотталып кетуің мүмкін. Ол үшін итті мемлекеттен сатып аласың. Сонда ғана мемлекет шекарадан алып шығуға рұқсат береді», – дейді ол.
Ертең Қонақтан кейін әлемнің назары қазақтың төбетіне ауады деген сөз. Қазірдің өзінде шетелден төбетті сұрап келушілер аз емес. Шекарадан да оңай алып кете алады. Егер мемлекет Түрікменстанның тәжірибесін енгізсе, мемлекет бюджетіне де қомақты ақша түсер ме еді? Сонда қазақтың тазысы Қазақстанда ғана емес, әлемге де мәшһүр болар еді. Әйтпесе бүгінде немістің овчаркасынан төбеттің несі кем, артық болмаса… Абылай Амансүгіров Ресейде таза қанды иттердің бір күшігі 1500-2000 доллар тұратынын айтады. Ал біздің төбеттер бар болғаны 200-300 долларға ғана саудаланады. Бұл да төбеттің дұрыс насихатталмауынан.
«Тазы–Төбет–Бөрібасар» республикалық федерациясының мақсаты да сол – таза қанды тазы мен төбет алу. Тағы бір мақсаты – төбет пен тазыны халықаралық стандартқа кіргізу. Бүгінде бұл екі итті де халықаралық стандарттың тізімінен көрмейміз. Онда бізге таныс түрікменнің алабай иті ғана бар. Көбіне біздің төбет сол алабайдың көлеңкесінде қалып қоя береді екен. «Ендігі мақсат осы қазақ төбеті мен тазысын халықаралық стандартқа кіргізіп, бүкіл әлемге паш ету. Себебі халықаралық көрмелерге апарсақ та, оларды алабайдың стандартымен қабылдайды. Ал біздің төбеттің алабайдан біраз айырмашылығы бар. Сондықтан да біздің төбеттердің ұпайы көбіне төмендеп қалады. Сол үшін бүгінде біз алабай мен төбеттің айырмасын ажырату үшін күш салып жатырмыз. Иттерімізді халықаралық стандартқа кіргізу үшін 12 стандарттан өту керек. Бізге соның енді төрт стандартынан ғана өту қалып тұр. Ол үшін төбеттің шыққан тегін ғылыми түрде айқындау керек, қай дәуірден бері келе жатқанын анықтау қажет, сондай-ақ төбеттердің кавказдық бөрібасарлардан қандай айырмашылығы барын зерттеуіміз керек. Төбеттің басқа иттердің шатысынан шықпағанын, оның о бастан төбет болып жаратылып, төбет болып қалғандығын дәлелдемекпіз», – дейді Оралбек Қайсанов.
P.S.
Несін айтасыз, қанша айтып жазылғанымен, бүгінде ұлттық спортымызға жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбейді. Бұған Қазақстан Республикасы ұлттық спорт түрлері қауымдастығының да айтар уәжі бар. «Биыл «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры Қазақстандағы спорттың 12 түріне 4 миллиард теңге қаражат бөлді. Соның ішінде баскетболдың өзіне 800 миллион теңгедей қаражат қарастырылса, біздің ұлттық спортымызға 100 миллион теңге ғана бөлінді. Ал ұлттық спорттың құрамында 25 спорт түрі бар. Яғни 25 ұлттық спорт түрін насихаттау үшін 100 миллион теңгені жеткізуіміз керек. Ал ол қай жағымызға жетеді? Қайта «Көкпарды» ғана теледидардан насихаттап жатырмыз, ал қалғандары бұқараға беймәлім. Өзге елдің спортын насихаттағанша, неге өзіміздің ұлттық спорттың насихатын көбейтпейміз? Баскетбол, таэквондо, самбо, дзюдо секілді спорттарды көгілдір экраннан түсірмейміз, ал саятшылық, ат жарыс секілді спорттарымызға келгенде сараңдық танытамыз. Ұлттық спортымызға деген көзқарас әлі де теріс», – дейді ұлттық спорт түрлері қауымдастығының баспасөз хатшысы Альберт Мүрсәлімов.
Салтан СӘКЕН, Астана, «Алаш айнасы».