АҚБЕРЕН ЕЛГЕЗЕК: Мағауин қазақты “талақ” етіп кетті деген әңгіме – мүлде жөнсіз сөз

463
Adyrna.kz Telegram
Жазушы Мұхтар Мағауин. Сурет magauin.com сайтынан алынды.
Жазушы Мұхтар Мағауин. Сурет magauin.com сайтынан алынды.

Мұхтар Мағауин қазасынан кейін алуан сөз әлеуметтік желіні дуылдатып тұр екен. Мағауин туралы әңгіме бір басталса, тоқтауы қиын болатыны бұрыннан белгілі дүние.

Дегенмен үндемей қалсаң, сөздің атасы өліп қалуы мүмкін дейтіндей бір мәселе маза бермей тұр.

Мұхамеджан Тазабековтың айтар ойы бұлынғыр, мақсаты түсініксіз кешегі постын мен де оқыдым. Соған орай 3 тиынды қырынан қыстырып кетейін.

Біріншіден, өмірдегі көптеген жағдайларда, тіпті эпикалық боп көрінетін тарихи оқиғаларда көп ретте өте қарапайым қисын жатады.

Мәселен, Мұхтар Мағауиннің 2007 жылы шетелге кетуін алайық. Өз қазағын керемет сүйетін адам, оның әдебиеті мен тарихына бүкіл ғұмырын бағыштай салған кісі – жалпы ақымақ болмаса керек.

Өз ұлтының руханиятына ғұмырын бағыштаған екен, онда ол ойыншық бермедің деп өкпелейтін қырсық бала сияқты бұртиып, өз туған еліне беталбаты ренжіп кетпейді.

Оның үстіне сабалса да, еліне ренжімей, қарымта аламыз дегендерді сабырмен тоқтатқан, өзінің идеалы болған Абайдың оқиғасын Мағауин жақсы біледі.

Тағы да Мағауин қалай болғанда да қазақтың құрметінің арқасында, қазақтың оны ұлы жазушы деп мойындаған соң Мағауин болды.

Қазақ болмаса, Мағауин ешкімге керек емес екенін ол нақты әрі жақсы білді. Өйткені ол тарихты да, әдебиетті де аса жақсы білетін кемеңгер кісі еді.

Сондықтан Мағауин қазаққа ренжіп кетті, қазақты Мағауин “талақ” етіп кетті деген әңгіме тисе терекке, тимесе фейсбукке болған мүлде жөнсіз сөз.

Неге кетті деген сұраққа - қарапайым жауап. Мағауиннің алдында ұлы мақсат тұрды, оны ол орындау керек болған, семіз нүкте. Егер ол елде қалып, бітпейтін шаралар, тойлар, өлім-жітім, астар, дау-шарлар, қонаққа бару, биліктің қолқалауымен амалсыз бірдеңелерді жазу сияқты қыртқан тірліктен көз ашпайтын еді. Әрі денсаулығы тез нашарлап, тіпті қажитын еді. Олай болса, қазір 4 том “Шыңғысхан” да жоқ, “Жармақ” та жоқ, “Алтын орда” да жоқ, бірнеше том әртүрлі әңгімелер, естеліктер т.б. енді ұлттың қазынасы боп қалған еңбектер де қазақтың сөресінде тұрмаушы еді.

Мағауин - елден Қазақ үшін кетті, қазақтың шашылып жатқан тарихын жүйелеп беруге кетті. Біреуден бірдеңе сұрады ма, мемлекетке осыны істеп жатырмын деп міндетсіді ме?! Жоқ!

Талай қазақ не істерін білмей, ақшасын қайда шашарын білмей біресе елден кетіп, біресе қайтып кеп, бұлталақтап жүргенде, Мағауин далиып жағажадайда жатқан жоқ, керісінше ешкімді танымайтын елде тас үйге кіріп алып, талмай жұмыс істеді.

Аллаға рахмет Мұхтар ағамызға Едігедей саналы ұл бергеніне. Қазаққа берген мол қазына үшін біз өмір бойы жағдайын жасаған Бақытжамал апамызға да, Едіге мен Мұхтар ағаның келініне, жалпы оны ұзақ-ұзақ жылдар бойы қолдаған отбасына да зор алғыс айтуымыз керек!  Өйткені жақынын қолдамаса, құр еңбектен дым өнбейді. Шығармашыл адамның табиғаты сондай.

Елден кеттім деген адамның құлағы да, телефоны да тыныш болады да, ол өзінің өмірлік үлкен шаруасына алаңсыз отырады. Және Мағауиннің бұл стратегиялық қадамы - өте сәтті және ұлт үшін олжалы болды. Сондықтан оның елден кетуін сан-саққа жүгіртіп, одан ұлттық трагедия жасаудың қажеті жоқ. Мағауиннің шетелге кетуінен жазушы да, ұлт та - плюсте қалды.

Ал өзінің қай жерде жерленуіне байланысты айтарым - ол енді Мұхтар ағаның өз қалауы. Біз оның соңғы қалауын құрметтеуіміз керек, болды.

Ақберен Елгезек

 

 

 

 

 

Пікірлер