Amnesty International ұйымының геноцид туралы баяндамасы халықаралық деңгейде пікірталас туғызды

792
Adyrna.kz Telegram
Фото: eurasia.amnesty.org
Фото: eurasia.amnesty.org

Amnesty International ұйымының 2023 жылдың 7 қазанындағы оқиғалардан кейінгі Израиль әрекеттеріне арналған баяндамасы қоғам мен халықаралық қауымдастық арасында үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ұйым Израильдің Газа секторындағы әрекеттерін геноцид ретінде бағалауға болатынын мәлімдеген.

Баяндамаға сәйкес, 42 000-нан астам палестиналық қаза тапқан, оның ішінде 13 300 бала бар. 97 000-ға жуық адам жарақат алып, Газаның инфрақұрылымы, үйлері мен ауруханалары жаппай қираған. Бұл аймақтың басым бөлігі өмір сүруге жарамсыз күйге түскен.

Израильдің Газадағы блокадасы электр қуаты, су, азық-түлік пен дәрі-дәрмекке қол жеткізуді шектеп, гуманитарлық апатқа себепші болды. Amnesty International бұл жағдайды қасақана жасалған әрекет ретінде бағалайды.

Баяндамада Израильдің кейбір лауазымды тұлғаларының палестиналықтарға қарсы жасалған мәлімдемелері геноцидтік әрекеттерді ақтайды деп көрсетілген. Израильдің әскери операцияларында азаматтық және әскери нысандар ажыратылмаған, бұл көптеген бейбіт тұрғындардың қаза табуына себеп болған.

Миллиондаған палестиналықтар бірнеше рет мәжбүрлі қоныс аударуға ұшырап, олардың гуманитарлық жағдайы одан әрі нашарлаған.

Amnesty International баяндамасында халықаралық қауымдастықты Израильге қару-жарақ жеткізуді тоқтатуға және геноцидке жауапты тұлғаларды жауапқа тартуға шақырды. Сондай-ақ ұйым Израильдің жоғары лауазымды тұлғаларына қатысты халықаралық қылмыстық соттың тергеу жүргізуін талап етті.

Израиль бұл айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарып, өз әрекеттерін ХАМАС ұйымымен күресу және азаматтарын қорғау мақсатында жасалған деп түсіндіреді.

Бұл баяндама халықаралық деңгейде үлкен пікірталас тудырды.

Пікірлер