Қазақстан прокуратурасы елден миллиондаған теңге қаражатты жымқырып, қашқан азаматтың ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді.
9 қараша күні Бас прокуратура Қазақстан Республикасының Стокгольмдегі елшілігінің қолдауымен Швеция Корольдігінен Қазақстан азаматын аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін жымқырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында экстрадициялады. Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті 2015 жылдан 2020 жылға дейін Шымкенттегі сауда орталығында жұмыс істей жүріп, шамамен 57 миллион теңге қаражатты жымқырып үлгерген.
Қылмыскер жасырынып, халықаралық іздеу жарияланған. Биыл ақпанда күдікті Швецияда ұсталған болатын.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының сұрауы бойынша ол Қазақстанға экстрадицияланып, қазіргі уақытта Астана қаласындағы тергеу изоляторында отыр.
Бұл қылмыс үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, сонымен қатар мүлікті тәркілеу және 10 жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызмет түрлерімен айналысу құқығынан айыру жазасы қарастырылған.