Бүгін Семей полигонындағы алғашқы жарылысқа тура 70 жыл

132

Атомсыз әлемге аяқ басарда

1949 жылдың 29 тамызында Семей сынақ полигонында Кеңес Одағының алғашқы атом бомбасын жер үстінде жару арқылы ядролық қаруларды сынау басталды, ал 25 жыл бұрын, 1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» №409 Жарлыққа қол қойды.
Семей полигонындағы жарылыстардың зардабын экономика, экология, медицина, психология, мораль тұрғысынан қарастырған зерттеушілердің еңбектері аз емес, бұл тақырып әлі де жазыла береді. «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының тарихи рөлі жөнінде азды-көпті жарияланымдар бар. Мен бейбітшіл қозғалыстың Павлодар облысындағы белсенді өкілі ретінде өзім жақсы білетін біршама жайттардың кейбіріне назар аударуды ұйғардым.
...Олжас Сүлейменовтың 1989 жылдың 25 ақпанында Қазақстан орталық телевизиясы арқылы Семей сынақ полигонында ядролық қаруларды сынауды дереу тоқтатуды талап етіп, Ашық мәлімдеме жасағаны әлі көз алдымда. Көрнекті ақынның жұртшылықты «Невада» антиядролық қозғалысын құруға шақырған үндеуін іле қаламгерлер қолдап, Қазақстан Жазушылары одағы үйінде митинг ұйымдастырды (Бастапқыда қозғалыс «Невада» деп аталған). Әйтсе де, біздің Павлодар облысының полигонмен шектесіп жатқан Май, Лебяжье, Баянауыл аудандары тұрғындары ақпарат тапшылығы салдарынан бейбітшіл Алматы мәлімдемесінен хабарсыз қалды.
...Павлодар облысында Ашық мәлімдеме жайында ақпарат тарату және «Невада» қозғалысын қолдаушылардың қолын жинау іс-шараларын жүзеге асыруға, ең алдымен, осы жолдардың авторы бел буды. Сол күндері Павлодар қаласының орталық алаңына таяу жерде, «ЦУМ» әмбебап дүкенінің алдында қолыма плакат ұстап тұрып, қол жинауыма тура келді. Менің бұл ісіме мыңдаған бейбітсүйгіш адам ризашылық сезімін білдірді, бірақ көптің ішінен маған мүсіркей қарағандар да, мысқылдап келеке қылғандар да бой көрсетті! Қалай десек те, комсомол белсенділерінің компартия ұйымдарымен келісіп кернейлетіп өткізетін акцияларымен үйлеспейтін іс-шара барысында жұртшылықтың әлі дүниеге келмеген бейбітшіл қозғалысқа бүйрегі бұратыны білінді.
Полигонды жабу және қозғалысты қолдау туралы талапхатқа облыстық партия комитетінің органдары болып табылатын «Сарыарқа самалы» мен «Звезда Прииртышья» газеттері, облыстық телевизия мен радио хабарларын тарату комитеті журналистерінің басым көпшілігі бірден қол қойды! Қозғалыстың Павлодар облысында қанат жаюына жер-жердегі шығармашылық адамдары: Ғабит Сапаров, Қайыр Жүнісқалиев, Серік Мұхтаров, Қанат Шайғазин, Өмірбек Құшманов, Ризолла Бұланбаев (Май ауданы), Жұмағали Қоғабаев (Екібастұз қаласы), Сүлеймен Баязитов (Баянауыл ауданы), тағы басқалар іс-әрекетімен де, шығармаларымен де елеулі үлес қосты! Солардан үлгі алған соғыс және еңбек ардагерлері, қарапайым еңбеккерлер, студенттер, тіпті оқушылар да бейбітшіл істі қолдауға жұмыла кірісті!
Павлодар қаласы Ильич аудандық партия комитетінің хатшысы З. Н. Кожанова «Невада-Семей» қозғалысының облыстық бөлімшесін құру ісіне тікелей араласқаны баршамызға мәлім. Соның нәтижесінде шығар, бөлімше құрамына қозғалысқа қарсы дәрігерлер, радиологтар, экспартшенеуніктер еніп кетті... Бұлар өзара бірігіп алып павлодарлық эколог Тоқболат Ысқақов пен медицина ғылымдарының кандидаты Еркін Бейсенбаевтың Семей полигонының Павлодар облысына тигізер теріс әсері жөніндегі нақты деректерге негізделген байыптауларын жоққа шығаруға тырысты.

 

Зоя Николавнаның өзі: «Қозғалыстың полигонды жабу жөніндегі талабы орынды емес» деген сыңайда пікір білдіріп, әлгіндей коммунист дәрігерлердің бірін бөлімше төрағалығына сайлауға қамданды. Осылайша, З.Н. Кожанова қозғалыстың облыстық бөлімшесін жергілікті партия ұйымына толық тәуелді қуыршақ құрылым ретінде құруды көздеді десек, қателесе қоймаспыз. Сәтін салғанда, шынайы белсенділерді жаныма топтастырып, Павлодар пединститутының «Ғылыми коммунизм» пәні оқытушысы Амантай Қалиевтің қоғамдық жауапты қызметке өтуін сәтті ұйымдастырдым. Өкінішке қарай, бізбен тығыз қарым-қатынаста жүрген Амантай Төлеуханұлы көп ұзамай әлгілердің ықпалына түсіп қалды. Сөйтіп, өзін төрағалыққа өткізген белсенділерден бөлектеніп, қозғалысқа еш қатысы жоқ бөгде адамдарды жанына жинады, әрі біздің қарсылығымызға қарамастан бөлімшенің жеке есеп шотын ашып алды. Әсіресе, соңғы ісі оған опа бермеді...
Сындарлы кезеңде Қазақстан компартиясы Павлодар облыстық комитетінің І хатшысы, КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты Ю. А. Мещеряков өзінің атына жазған хатыма орай мені қабылдауына шақыртып, қозғалысқа оң көзқараста екенін айтқан еді. Солай десе де, Юрий Алексеевичтің сөзі кейінгі іс-әрекетімен сәйкеспеді. Көп уақыт өтпей-ақ Семей полигонының басшысы, генерал-лейтенант А. Д. Ильенкомен жең ұшынан жалғасқаны аңғарылды. Сондай-ақ Май ауданында жергілікті билік рұқсат еткен митингінің өткізілуіне оның өзі тосқауыл қойғызды! Бұл арандатушылық әрекет жөнінде осы жолдар авторы Елбасының атына жеделхат жолдады және кейін «Хиросима-Семей» телекөпіріне қатысқанында жапондарға айтып салды!
Осындай құрсауда қалған қозғалыс белсенділері біршама уақыт бойы қажыр-қайратын облыстық партия комитетіне қарсы жұмсауға мәжбүр болды. Дегенмен, обком басшылығының «Невада-Семейге» деген теріс ұстанымын Май ауданындағы кейбір партия ұйымдары қолдаған жоқ, керісінше, қозғалыстың талаптарын жақтады. Мысалы, Чапаев кеңшары (қазіргі Саты ауылы) партия ұйымының хатшысы Мереке Әбілқасымов аудандық деңгейде алғашқы антиядролық митингінің ұйымдастырылуына мұрындық болды, Қызылқұрама кеңшары (қазіргі Баскөл ауылы) партия ұйымының хатшысы Қабиден Байғожин және өзгелер де бірнеше бейбіт акциялардың ұйымдастырылуына белсене атсалысты.
Рас, Май ауданында өткізілген антиядролық минигілер өзіндік сипаттарымен ерекшеленді. Айталық, аудан орталығы Белогорьеде (қазіргі Көктөбе) өткізілген митингінде «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының сол кездегі төрағасы Жеңіс Мардановтың және осы жолдар авторының ұсынысымен обкомның І хатшысы Ю.А. Мещеряковқа және облатком төрағасы Ж. Ғ. Ысқақовқа сенімсіздік білдіру жөнінде қарар қабылданды. Өкінішке қарай, облыс басшылығына қатысты шешімді қозғалыстың облыстық бөлімшесінің төрағасы оқымай кетті. Дегенмен, көп ұзамай тележурналист ретінде облыстық телевизиядан полигон туралы «Зардап» атты хабар дайындағанымда әлгі жағдайды жұртшылыққа мен жария еттім.
...Қозғалыс біртіндеп қарқын алып, күшейген кезеңде қоғамдық белсенділердің сапына көлденең көк аттылар қосылды, жүрекжұтқан күрескер кейпіне енген дақпыртқұмар даңғазашылар бой көрсетті.
Ал Семей облысындағы жағдай демократия талаптарына сәйкес, өркениетті үрдіспен өріс алды деген ойдамын. Өйткені, Қазақстан компартиясы Семей облыстық комитетінің І хатшысы Кешірім Бозтаев және Абай аудандық партия комитетінің І хатшысы Хафиз Матаев «Невада-Семей» қозғалысына өз құзіреті шеңберінде қолдау жасады. Тек, бір өкініштісі, қазақтың осы екі асыл азаматының полигондағы соңғы екі ядролық қаруды сынау жөніндегі әскерилердің өтінішіне келісім бергені көпшіліктің наразылығын туғызды! Міне, сол күннен бастап қозғалыс жетекшілері мен облыс басшылығының жолы екі айрылды! Тап осы тұста айтарлық бір жайт, кейінгі кезде Олжас Сүлейменов пен Кешірім Бозтаевтың қарым-қатынасын барынша күрделендіріп сипаттап, көрнекті ақынның азаматтық болмыс-бітіміне көлеңке түсіруді көздейтіндердің пиғылы қарын аштырады.
Қалай болғанда да, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы демократиялық, интернационалистік, бейбітшіл әрі патриоттық қозғалыс ретінде Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына аса зор үлес қосты.
...Ел мүддесін ұлықтаған Елбасы Қазақстан егемендікке ие болысымен айналасына ажал сәулесін таратқан атом ордасын жабу жөніндегі Жарлыққа қол қойды! Ендігі тілегіміз: дүниежүзінде ядролық қарусыз әлемге бірінші болып қадам басқан бейбітсүйгіш елдің бейбіт өмірі баянды болғай!

Арман ҚАНИ,
ақын, журналист,
«Невада-Семей» қозғалысының ардагері.
Павлодар қаласы.

Пікірлер