АСХАТ ҚАСЕНҒАЛИ: БРИКС-тің мүддесі - жиналып Батысты айыптау

1604
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Қазақстан БРИКС-ке қосылмайды деген ақпарат шықты. Өте дұрыс позиция! БРИКС дегеніміз не? Ол тіпті толыққанды ұйым да емес. Не тұшымды жарғысы жоқ, не арнайы басшылығы жоқ, не хатшылығы жоқ. Бір ғана мүддесі бар – ол жиналып алып, Батысты айыптау, күбір-күбір жамандау.

«БРИКС болашақта НАТО-ға қарсы болады», «Ойбай ЕО-ны құлдырататын қуатқа ие», «БРИКС деген болашақта әлемнің негізгі ұйымы болады», «БРИКС-тың валютасы пайда болып, еуро мен долларды тарихтың қоқысына тастайды» дейтіндер бар. Олар БРИКС-ке мүше мемлекеттердің халқының санын, экономикасын, әскерін, жер көлемін қосады да, «ең қуатты ұйым» деп сипаттайды. Алайда бұл ұйым(сымақ)қа мүше елдер шынайы тұрғыдан өзара одақтастық құра ала ма? Күмәнім бар.

Құрамын қарайықшы. Бразилия, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка, Ресей, Иран, БАӘ, Эфиопия, Мысыр. БРИКС мінберінде бір жағадан бас шығарар сыңай танытса да, шындығында бұл елдердің өзара мүдделері де, геосаяси көзқарастары да бір-біріне қарама қайшы. Қытай мен Үндістан ата жау, Иран мен араб елдерінің басы піспейді және көрінбейтін қақтығыстары көп дегендей. Өткен жылы Оңтүстік Африкада БРИКС-тың саммиті өтті. Сонда Оңтүстік Африка тарапы Ресей президенті Путин саммитке келмесін, келсе тұтқындауға мәжбүрміз, Гааганың шешімінен аттап кете алмаймыз дегендей сигнал жіберді. Путин бармады. БРИКС-тың бетпердесі осы жерде сыпырылып түсті.

Сондықтан мұндай ұйымға мүше болудың қажеті жоқ. Әр екінші басқосуы «іріген-шіріген Батыс» деп басталатын жиындары көп. Әлбетте, ондай жиындарға Қазақстан барып қатысады, сөз сөйлер, бәлкім ұсыныстар да айтып қалар. Алайда ұйымға кірудің қажет шамалы.

Көп ұйымға кіру - көптеген міндеттемені мойныңа алу деген сөз. Аузы күйген үріп ішеді дегендей, геосаяси қақтығыстар күшейген сәтте, ҰҚШҰ мен ЕАЭС деген ұйымдардың зиянды екенін түсіне бастадық. Сондықтан бізге үлкен державаларға сен жақсысың, сенде жақсысың деп қақтығыстарына араласпайтын жолды іздеу абзалырақ. Біздің бағытымыз геосаяси қақтығыстарда бейтараптық ұстану, ал әлемдік саясатта көпвекторлықты жүргізу болуы тиіс.

 

Ashat Kasengali

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер