Ресей президенті Владимир Путин Санкт-Петербургте АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффпен төрт сағатқа созылған келіссөз өткізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Кремль таратқан мәліметке сәйкес, келіссөздің басты тақырыбы — Украинадағы жағдайды реттеудің түрлі жолдары. Кездесу Мәскеу уақытымен 17:40-та басталып, төрт сағаттан астам уақытқа созылған.
Сапар алдында Стив Уиткофф Петербург қаласын аралап шыққан. Бұл – Трамптың өкілі мен Путин арасындағы үшінші кездесу. Бұған дейін Уиткофф ақпан және наурыз айларында Мәскеуде болған еді.
Ақ үй өкілі Каролин Левиттің айтуынша, бұл келіссөздер атысты тоқтатып, ақырғы бейбіт келісімге қол жеткізуге бағытталған тағы бір маңызды қадам болып саналады.
Айта кетейік, Дональд Трамп бұған дейін Путинмен келіссөз жүргізе алатын жалғыз адам өзі екенін мәлімдеген болатын.