Путин Украина шабуылынан соң алғаш рет Курскіге барды

384
Adyrna.kz Telegram
Фото: kremlin.ru
Фото: kremlin.ru

Ресей президенті Владимир Путин алғаш рет Украина күштерінің шабуылынан кейін Курскі облысына барды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Путин әскери формада Курск әскерінің басқару пунктіне барып, Ресей қарулы күштерінің бас штабының бастығы Валерий Герасимовпен кездесті. Герасимовтың айтуынша, Курскі облысында Украина күштері қоршауға алынған.

Ресей генералының мәліметінше, Ресей әскері бұрын Украина күштері бақылауында болған Курскі облысының 86 пайызын қайтарып алды. Оның сөзінше, Киев Курскі облысында стратегиялық плацдарм құруды және Ресей әскерінің назарын Донбастан бұруды көздеген. Алайда бұл жоспар сәтсіздікке ұшырағаны айтылды.

Герасимовтың мәлімдеуінше, Украина әскері бұл өңірде 67 мыңнан астам сарбазынан айырылды, ал 400-ден астам украиналық әскери тұтқынға түсті.

Ресейлік әскер соңғы бес күн ішінде 24 елді мекен мен 259 шаршы шақырым аумақты бақылауына алған. Сонымен қатар, кейбір шекаралық учаскелерде Ресей әскерінің Сумы облысына өткенін айтты.

Владимир Путин кездесуде 1949 жылғы Женева конвенциясын еске салып, тұтқындарға гумандық көзқарас таныту керектігін, алайда Курскі облысындағы бейбіт тұрғындарға қылмыс жасағандарды террористер ретінде қарастыру қажеттігін мәлімдеді. Ол сондай-ақ шетелдік жалдамалы сарбаздардың Женева конвенциясына сәйкес әскери тұтқындарға қатысты ережелерге жатпайтынын атап өтті.

Айта кетейік, бұл жолы кездесуге Владимир Путин алғаш рет әскери камуфляж киіп келді. Бұған дейін ол әскери кеңестерде классикалық костюммен ғана көрінетін.

Пікірлер