Өреміз қой мен тойдан аспай жатқанда..

5653
Adyrna.kz Telegram

Тым арзандап кеттік.
Сөз қуған, көп сөзді, мыжың боп кеткен секілдіміз.

Кезінде 2016 жылы, тура жер митингісі кезінде Қарақат Әбілдина Қыдырәліге "тоқал әперем" деп шулатты. Барлық жұрт шынымен үш күн шулады.

Кейін, Қыдырәлі:
-"Жер митингісінде халық назарын қалай дұрыс бөлуге, көтерілістің алдын алуға болады?" деп түнімен ұйықтай алмай шығып, тәңертең осы ақылды тауып, Қарақатқа жазғызып, бір бүліктің алдын алып қалдым, - деп жыртылған еді.
Ол кезде де жаппай шуладық, күлдік, сынадық, басылдық. Сол кезде Қыдырәліні "қызық адам екен, жұрт алданатын бала ма еді?" деп күлген едім. Сөйтсем оныкі рас екен. Көз жетті. Болмайтын ұсақ-түйекке шулай беретін қауымға айналып кетіппіз.

Одан кейін де қаншама рет болмайтын дүниелерге шулап, болмайтын біреулердің хайпіне тайып жығылып жаттық. Сөзін толық айта алмайтын алқаштан жұлдыз жасадық. Жалаңаштан көсем жасадық.

Әнші мен шоуменнің ішкені мен жегенін аңдып, БАҚ болса біраз әншінің аттап басқанын бағып кетті. Екі сиыр екі күндік шоу.
Контекстен жұлынып алынған әлдебір жұлдыздың бір сөзін бес күн талқылаймыз. Біреу жылтыр сөйлесе көсем жасап, біреу сүрінсе тағдыр талқылаймыз. Не деген арзандық деп ойлаймын.

Ғылым қайда, білім қайда, экономика қайда, әлем қайда кетіп бара жатыр? Оларға жасалған сараптамаға пікір білдіретін адам да некен саяқ. Өреміз қой мен тойдан аспай жатыр.

Дәл сіздер екі сиыр мен сексен екідегі ағамның тойын талқылап жатқанда, Білім және ғылым министрлігі білім және ғылым саласының 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасын жасайтын комиссия құрамын бекітті. Ішінде кілең бастық, шулаған белсенді қауымды да, білікті ұстаздарыңызды да айналып өте шықты. Себебі, олар да біледі, біздің баланың болашағынан да "қызық" дүниені талқылап, мәз болып жатқанымызды. Ал, ертең бағдарлама қабылданып кеткен соң, қылышымызды б*ққа шауып алқынамыз, жерден алып, жерге саламыз, бірақ, бүгінгі өзімізді ұмытамыз ол кезде...

Жақсы, білім бағдарламасын комиссия құра берсін, оны талқыламасаңыздар, бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер, министрлерді орынбасарларымен қоса жинап алып, Қазақстан Республикасының 3 жылдық бюджетін бекітіп жатыр. "Негізсіз имидждік шығындарды азайтамыз, негізгісін қалдырамыз" дейді. Бұл да қызық емес біздің жұртқа, салық төлеушінің қалтасынан, ата-бабаң қорғап кеткен даладағы байлықтың қалай жұмсалуы да қызықтырмайды.
Бірақ, ертең "үкімет бос шығын шашты" деп тағы да жатып кеп шулаймыз, алақан жайып, сұраншы деп кіналағандарына мүмкіндік береміз. Қызық халықпыз иә?

Неге осынша даурықпа, неге осынша сөз қуғыш, неге осынша арзан халық болдық?

Нұрғали Нүсіпжанов үйленсе не бопты? Бір әнші тоқал алса не бопты, бір әнші түскі асын далада жесе не бопты? Ала берсін, жей берсін.

Ертеңімізді ойлайықшы. Елдің болмаса да, бала-шағаларыңыздың ертеңін талқылаңыздаршы.

Әнші мен биші көсем,
сиыр мен тауық тақырып болған заман-ай...

 

Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер