Бара ма, бармай ма деп жүргенде Президент Мәскеуге сапарлады

1360
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу қаласындағы жұмыс сапары аясында ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін Үлкен Кремль сарайына барды.  Бұл туралы Ақорда жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Кремль сарайына баратыны хабарланғанын жариялаған едік. Дегенмен соңғы сәтке дейін бұл сапар туралы белгісіз болып келген.

Бүгін Үлкен Кремль сарайында ТМД-ға мүше мемлекеттердің Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы өтіп жатыр. Саммит басталар алдында Владимир Путин бірнеше екіжақты кездесулер өткізді, біріншісі Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен болатынын Кремльдің баспасөз қызметі хабарлаған болатын.

Бұл кездесу Ресей президенті Владимир Путиннің туған күнімен тұспа-тұс келіп отыр. 7 қазан күні көрші ел басшысы 72 жасқа толды. 

Ал кеше «Еж» Telegram арнасы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге сапарлайтын жоспары жоқ екенін, АЭС құрылысы бойынша референдум нәтижелеріне баса назар аударатынын мәлімдеген еді.

«Мемлекет басшысы референдум қорытындысын шығарып, Қазақстан халқына үндеу жасамақ. Күн тәртібінде жұмыс сапарымен Ресейге бару жоспары жоқ. Алайда ситуацияға байланысты шешім ертең қабылданады»,—деп жазған болатын арна Қазақстан президенті әкімшілігіндегі дереккөзге сілтеме жасап.

Ақпаратқа сәйкес, ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында бірқатар көпжақты құжаттарға қол қою жоспарлануда: экономикалық, мәдени-гуманитарлық, құқық қорғау және әскери салалардағы ынтымақтастықты тереңдету.  Сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының Қазақстан халқына Жолдауын қабылдау, 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Кеңес халқының Жеңісіне 80 жыл толуына байланысты Достастық елдері мен әлем қауымдастығы талқыланады.

Пікірлер