18 қыркүйекте Алматы қаласында Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Р. Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (OIC) жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA), Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бірлесіп, «Алтын Орда және оның мұрагерлерінің арабжазулы эпиграфикасы» тақырыбында халықаралық ғылыми семинар өткізді.
Шара барысында туған жердің әрбір сайы мен қырқасынан, тауы мен өзенінен тарихтың сырын шертіп, әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер шертіп жүрген батысқазақстандық журналист, өлкетанушы, құлпытас зерттеуші Қазыбек Құттымұратұлымен БҚО-дағы құлпытастардың құпиясы туралы сұхбаттасқан едік.
— Қазыбек Құттымұратұлы, құлпытастарды зерттеу ісі туралы көптеген мақалаларыңызды көзіміз шалды. Арнайы кітаптар да шығарылған. Жалпы құлпытас зерттеу ісі қалай басталды?
– Өзім төте жазуды өз бетіммен үйрендім. Алматы қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқып жүргенімде араб тілін шет тілі ретінде оқыдық. Осындай қызығушылықпен жүріп, өңіріміздің Қаратөбе ауданында көп кездесетін құлпытастарды ежіктеп оқып жүрдік. Кейін 2012 жылы «Дана» тарихи-танымдық журналын шығара бастадық. Журналдың редакторы ретінде алғашқы санында арнайы «Құлпытас кілтін ашайық» деген тұрақты айдар ашқан едік. Журналдың әр санында құлпытастың суреті мен аудармасын, оқылуын жариялап жүрдік. Бұл жұмысты сол кездегі «ЖайықПресс» ЖШС-не басшылық еткен ел жанашыры Жантас Сафуллин өте қатты қолдап, облыстық деңгейге дейін көтерді. Облыстық барлық аудандарында құлпытас зерттеу бойынша комиссиялар құрылып, кітапхана, мектептермен тығыз байланыс орнаттық. Қай жерде көне қорымдар, құлпытастар бар – бәрін зерттеу жұмыстары басталды. Сол кезде елу құлпытастың сырын ашып, суретімен, мәтінімен шағын жинақ шығардық. Жинақтың тұсаукесеріне Алматы қаласынан шығыс елдері бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, әлемге белгілі исламтанушы Әшірбек Муминов, атақты шығыстанушы ғалымдар Айтжан Нұрманова, Дина Медерова арнайы қатысып, «құлпытастарыңыз бүкіл әлемдік ислам өркениеті ескерткіштерінің қатарына кіреді» деп үлкен демеу көрсетті. Осылайша біраз жинақтар жарық көріп, құлпытас зерттеу ісі бір жүйеге түсіп, зерттеу басталды.
Кейін Әшірбек Муминов Алматыда Шығыстану институтының арнайы жобасын бекітіп, жобаға оралдықтарды да қосты. Олардың қатарына Жантас Сафуллин, Жәнібек Исмурзин, Мұратбек Жахатов, Айболат Құрымбаев, Гүлмару Мырзағалиева секілді жерлестерім кірді.
— Қазақ халқының мәдени ескерткіштері рухани мұраны сақтау мен жеткізудің жолы ретінде (Батыс Қазақстан облысының эпиграфикалық ескерткіштері негізінде) үшжылдық жобаға қатысқаныңызды білеміз. Жоба аясында атқарылған жұмыстарға тоқталсаңыз.
– Дұрыс айтасыз. Бұл ел Үкіметі қолдап, арнайы қаржы қарастырылған жоба болды. Үш жылда облыстың біраз жерін аралап, көне қорымдарды зерттедік. Соның ішінде үш қорымды түбегейлі зерттеп, ескерткіштерді оқып, қағазға түсірдік. Оның бірі – Бөкей Ордасы ауданындағы Жәңгір хан жатқан Хан зираты. Екіншісі Ақжайық ауданындағы Базартөбе ауылындағы Мәулімберді қорымы. Үшіншісі – Теректі ауданына қарасты Шағатай ауылындағы Жантөре хан жерленген Хан зираты қорымы. Осы үш қорымды толық зерттедік. Негізі әрқайсысы жеке-жеке жинақ болып шығуы керек болған. Жинақ дайын тұр.
— «Құлпытас сырын ашайық» атты жоба аясында Ақжайық, Сырым, Қаратөбе аудандарының аумағындағы араб әліпбиімен жазылған елу құлпытасты кириллицаға аударып, ол тұлғалар туралы тереңірек мәлімет беретін 85 беттік А4 пішіндегі жинақ жарық көрді. Құлпытастар сырын ашсаңыз...
– Иә, осы тұста Алматыдан арнайы экспедициямен ғалымдар келіп, топ жетекшісі, институттың Таяу және Орта Шығыс елдері бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Әшірбек Муминов: «Париж қаласында мұсылман елдерінің араб қарпімен жазылған графикалық ескерткіштерінің хронологиялық он сегіз томдығы басылып жатыр, бірақ мына жинақтағы жазбалардың бірі де енген жоқ. Егер бұл ағылшын тіліне аударылса, әлем ғалымдары назар аударады» - деп бұл еңбекті жоғары бағалады. Сонымен «Құлпытас сырын ашайық» жинағының негізгі жүгін арқалай жүріп жол бастап, Ақжайық ауданы, Базартөбе ауылының батыс бетінде 18 шақырым қашықтықта орналасқан Мәулімберді қауымына бардық. Жинаққа енген елу құлпытасты араб әліпбиінен аудардым. Осы қорымда пішіні ерекше, басқа жерлерде көп кездеспейтін құлпытастар барын, жазуына тісі батпайтынын айтып, ғалымдарды арнайы келген болатын. Базартөбенің әкімі Амантай Сәлімов қорымның қасындағы Мәулімберді мешітінің орнын көрсетіп, бұл қорымда Тана руының Қалқаман тайпасынан тараған ұрпақтардың жерленгендігін айтты. Көп кешікпей-ақ құлпытас сыры ашылып, Әшірбек бірінші арабша оқып, сол сәтте-ақ қазақшаға аударды. Оқу бойынша «Мәулімбердінің ұлы Хаж Алидің көмілген жері, қабыры. Екінші қатарда әкесі Мәулімбердінің ғылыми дәрежесі көрсетілген. Өте жоғары білімді, ғалым, өте терең білім алып, кітап жазған екен. Ұлы Хаж Али 1286 жыл хиджра жыл санауы бойынша туған. Оның ғылым алған ұстазы Мұхаммад Али Қарғали, ол оның шәкірті деп айтылған. Және осы Хаж Алидің мықты күшті имам болғанын, өзінің заманында жеке оған тең келетін ғалым болмағанын айтады. Мына қатарда оның қайтыс болған жылы 1336 жылы хиджра, оны христиан эрасына өткізіп, 1919 жыл қайтыс болғаны жазылған, оның солтүстік жанында інісі Абдурахим жерленген. Ол да осы жылы қайтыс болған. Оның жасы 44-те болған екен». Оқып болған соң Ә.Муминов: «Бұл ХХ ғасырдың басында қойылған тас екен. Ол толығымен араб тілінде жазылған. Каллиграфиялық почеркі өте әдемі және қатесіз жазылған. Араб тілін өте жоғары деңгейде білген адам жазғаны, сонымен қатар эпиграфиялық мәтінін жазып берген адамның да білімді болғаны байқалады» дей келе: «Бұл - Мәулімбердіұлы Хаж Али (Қажығали) деген ғұлама, ғалымның қабырына қойылған құлпытас. 1286-1336 жылдары өмір сүрген. Қазіргі жыл санауымызға ауыстырсақ, 1869-1919 жылдар. Сонда 50 жасында қайтыс болған. Інісі Абдурахим 44 жасында қайтыс болған. Меніңше, өте жас. Зұлымдықпен өлтірілген болуы мүмкін, себебі ол кез нағыз аумалы-төкпелі заман ғой. Осы бір құлпытастың өзі кең мағлұмат беріп тұр. Хаж Али – осы жерде медреседе сабақ берген дамолла, қазіргі аға мудалист, аға оқытушы дегенге келеді. Оның әкесі Мәулімберді шәйх – үлкен ғұлама болған. «Шәйх» - заманында білімділердің ішіндегі ең басты білімдісі. Сонымен Хаж Али өз заманының алдыңғы қатарлы, білім адамы болып, өзінің білімімен атын шығарған» деп құлпытас құпиясын ашты. Жалпы көбіне құлпытаста қайтыс болған адамның аты-жөні, шыққан тегі, туған және қайтыс болған жылдары, тас қойған адамдар туралы ақпарат, ру таңбасы болса, Хаж Алидің құлпытасы оқылғаннан кейін еліміздің тарихы үшін құлпытастың маңыздылығы тіптен жоғары екендігі аңғарылды.
Ал Хаж Алидің маңындағы жерде құлап жатқан құлпытас жартылай сынып, айналасы оқылмағанымен дәл үстіңгі бетінде былай делініпті: «Ғылым шәкірті, молла Ниғматолла Мәулімберді хазірет ұлының қабыры. Ол қайтыс болды 1325 жылы Пайғамбар хижрасымен...».
Осы жерде тігінен тұрған құлпытас бірнеше адамға қойылыпты. Алдыңғы бетінде былай жазылған: «Мынау Байшеркештің қабыры, қажы, екі киелі қала – Мекке мен Мәдинаға барып келді, ол жетпіс жаста еді, өзінің ұрпақтарымен, олардың ішінде Тухфатулла студент, 25 жасында қайтыс болды, Абдужаппар (келесі сөз оқылмады), бұлар Байшеркештің балалары». Оң жағында: «Зейнеп Рахимқызы (келіні болуы мүмкін), Мәулімберді Байшеркешұлы». Сол жағында: «Жани Мухаммед оның екі баласы, молла Мәулімберді 80 жасында қайтыс болды». Бұл бір әулеттің бірнеше адамына, әкесі, баласы, немерелері, келініне қойылған тас екен.
Тағы бір құлпытас былайша тіл қатады: «Абдулкарим Шерәліұлы, шыққан жері Балаклава, туылған жылы 1877, қайтыс болған жылы 1924, 3 хут күнінде делінген. Ол үлкен ғалым болды. Сыртқы (заһири) және ішкі (батини) ілімдерді терең игерген. Сыртқы ғылымдарды Қарғалидан оқыды және ішкі ғылымдарды Бұхара ғұламаларынан оқыды. Өзінің осы
екі салада өте кемелетке ие болды дейді. Өзінің уақытындағы жалғыз ғұламасы. Бұның ілімінен көптеген шәкірттер пайда көрді. Оның өмірі қайтыс болған кезеңінде 47 жаста еді. Құдай оны өз рахыметіне алсын. Мынау тасты қойған шәкірті Абдулкарим
Бериши». Мәулімберді қорымында шамамен алпыс бес құлпытас бар. Оның он шақтысы кириллицамен жазылған кейінгі зираттар. Қалғандары араб әліпбиімен жазылған құлпытас. Олардың бір бөлігі араб әрпімен араб тілінде жазылса, қалғаны қазақ тілінде араб әліпбиімен жазылған. Осы сапар барысында араб тіліндегі төрт құлпытас оқылса, бір қорым бойынша әлі қанша жұмыс атқару керек екендігі айтпаса да түсінікті.
Екі сағаттай жұмыс істеп, қорымды шолып шыққан ғалым Әшірбек Муминов: «Бұл жерде 3-4 ғұламаның қабыр тасын көріп отырмыз. Біріншісі, ең үлкен ғалым Шейх Мәулімберді. Ол осы жердің әулиесі болып есептеледі, ол әулие болып қоймай, ол үлкен ғалым екенін көріп отырмыз, әкесі Байшеркеш бірнеше рет қажыға барған діни адам. Сонымен қатар Мәулімбердінің ұлы Хаж Алиде үлкен ғалым болған және ол Қарғалы деген жерден білім алған. Тек осы мәліметтердің өзі үлкен жаңалық. Егер қалған құлпытастар оқылса, ел және әлем тарихы үшін өлшеусіз іс болар еді» деп ой түйіпті. Сондай-ақ Ақжайық ауданына қарасты Базартөбе және Базаршолан ауылдарының түйісер шекарасында орналасқан Тайқожа қорымында шамамен он шақты құлпытас бар. Уақыт тығыз болғандықтан, құлпытастардың өлшемін алып, суретке түсіріп, артынан асықпай компьютерден оқуды ұйғардық. Бір құлпытаста былай жазылған: Тана руы, Асан тайпасының Жанмырза Тілеуұлының баласы Итемген бай офат болды 93 жасында 1836 рамазан айында». Итемген – тарихта белгілі тұлға. Халық аузында «Есенгелді бай» атымен қалған, шын мәнінде тек бай емес, старшын болған, тархан дәрежесіндегі ел басқарған, хан именіп, санасқан ірі тұлғалардың бірі Есенгелді Жанмырзаұлының туған інісі. 1811 жылы 17 қыркүйегінде Кіші жүздің Байұлы тармағының бас адамдары Орынбор әскери губернаторына Жантөре хан Айшуақұлының орнына Бөкей Нұралыұлын бекітуді ұсынған хат жолдаған (Dana.kaz журналы, №2-3 (13), 2014 жыл, 48-51 беттер). Осы хатқа қолын қойып, мөрін басқандардың ішінде осы құлпытаста көрсетілген Итемген Жанмырзаұлы да бар. Осыдан-ақ бұл тұлғаның қазақ тарихында орны бар, ірі тұлғалардың бірі болғандығын аңғаруға болады. Одан әрі Баянтөбе ауылының маңындағы қара жолдың жанындағы ескі қорым мен Базаршолан ауылы іргесіндегі ескі құлпытастар да тізімге алынды.
Базаршолан ауылынан үш шақырымдай қашықтықтағы Ескі Есім ауылының «Құлпытас сырын ашайық» жинағына 1794-1797 жылдары Кіші жүздің ханы болған Есім Нұралыұлының осы қорымдағы құлпытасы енгізілгенмен, араб-шағатай тілдерінде жазылған құлпытас мәтіні толық оқылмады. Сондықтан Алматыдан келген ғалымдарды арнайы алып бардық. Сонымен араб, түркі, шағатай тілдерінде аралас жазылған Есім ханның құлпытасындағы жазуды Ә.Муминов еш іркіліссіз қазақшаға бірден аударып оқыды. Онда: «Ол тірі, ешқашан өлмейді (Аллаға айтылған – Ә.М.), бұл кешірілген адамның қабыры. Жеңістер иесі, Құдай қолдауының иесі, мырза, бахадүр, Ешали хан Нұралыұлы, марқұм Әбілқайырдың ұлы бұл дүниеден өтті. 1211 жылда 53 жасында. Тасты орнатқан ұлы Қайып али сұлтан», әрі қарай өлеңдетіліп жазылған, тікелей аудармасы: «Кіші жүздің бір адамы зорлық жасап өлтірді. Өлімнің шәрбәтін ішіп, рухы шықты. Ол жәннатта хош сезініп отыр. Егер бұны бір мұсылман оқып көрсе, білген жақсы құран аятын оқып, дұға қылсын» делінген. Соңында төре таңбасы басылған.
Тарихи құндылықтар үшін дала кезген экспедиция бұл жолы тағы бір маңызды тарихи тұлға зиратына тәубе етті. Бұл Қызылқоға өңіріндегі «Мәтен қожа әулие» еді. Бізді осы жерде он бір жылдан бері шырақшы болып отырған Нияз қожа қарсы алады. Шағын тұрғызылған кесенеге сақталған құлпытасы нықтап орнатылыпты. Ерекшелігі, құлпытастың бетіне әдейі қара май жағылғандай. Бірақ қолға жұқпайды. Келген адамдар әулиеге дұға еткеннен кейін құлпытастың бетін сипап, содан соң өзінің бетін сипайды екен. Осы жолы құлпытастың кілтін ашуға Әшірбек Муминов, Айтжан Нұрманова үшеуміз бірлесе кірістік. Бір сағаттай уақыттан кейін құлпытастың бергі беті толық оқылды. Онда: «Байұлы ішінде Қожа Мәтен ибн Қожа Төлек бұл фәни дүниеде 63 жас сүріп ғайыпта аллах бір худа илла 1802 иылда офат болып бұл махама дәфінулунды. Өзінің тірі күнінде және .....офатында соңғы кезі кірәддин бір түрлі май тәнге кірген бір ауруға шифа қазірде мәужіт. Бұны қойды немересі Айнақожа Қылышқожаұғлы». Соңында қожалардың таңбасы салынған. Мәтен қожа әулиенің басында он екі жылдан бергі шырақшы бізден бетер қуанды. Себебі осы он екі жылдың ішінде талайлар келіп, құлыпты ашуға тырысқанымен, толық ешкім аша алмапты. Яғни, бұл жерден шыққан майдың қасиеті соншалық адам бақилық болғанша шипа болады екен.
Осылайша, тарихымыздың ішіне бүккен сырларын ашып, болашақта маңыздыларын ел қажеттілігіне жарату үшін жолға шыққан сапарымыз әрі қарай жалғасты. Егемен еліміздің ертеңі жолында жоғымызды түгендеп, ата-бабамыздың ізі қалған даламыздың сырын құлпытастардағы жазу арқылы тағы бір тірілтіп, дәлелдеп келеміз.
— Сұхбатыңызға рахмет! Күн өткен сайын көмескіленіп бара жатқан құлпытастар құпиясын ашудағы істеріңіз жалғасын тапсын!
«Адырна» ұлттық порталы