Жаңақорғаннан жеткен ресми жауап. Ауданда 421 мемлекеттік мекеме бар ма?

826
Adyrna.kz Telegram
фото: Жаңақорған тынысы
фото: Жаңақорған тынысы

16 қыркүйек күні "Адырна" ұлттық порталында "Жаңақорғандықтар 3 млн теңгеге жуық қаржыға мемлекеттік ту сатып алмақ" деген тақырыппен мақала жариялаған болатын. Сол материалға Жаңақорған ауданының қоғамдық даму бөлімі ресми жауап берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Аталған мақалада Қызылорда облысының Жаңақорған ауданының қоғамдық даму бөлімі 2 677 457 теңгеге мемлекеттік ту сатып алуға тендер жариялағаны, жаңақорғандықтар көлемі 1х2 метр - 413 дана, көлемі 1,5х3 метр - 4 дана, көлемі 2х4 метр - 4 дана, барлығы 421 дана мемлекеттік туды сатып алғалы отырғаны, әр тудың бағасы 6 мың теңгеден сәл ғана асатыны, т.б жайлар сөз болған-ды. Сондай-ақ біз өз тарапымыздан тиісті мекемеге "Жаңақорған ауданының қоғамдық даму бөліміне 421 дана мемлекеттік ту не үшін қажет болып отыр?" "Қазақстан жұртшылығы алда, 25 қазанда Республика күнін, 16 желтоқсанда Тәуелсіздік мерекесін тойлады. Ал ол мерекелерге осыншама көп тудың қажеттілігі бар ма?" деген сауалдар жолдаған едік.

Жаңақорған ауданының қоғамдық даму бөлімі ресми жауабында:

“Қайырлы күн, құрметті оқырмандар! Аталған мәселеге байланысты Жаңақорған ауданының қоғамдық даму бөлімі келесіні хабарлайды. "Адырна" ақпараттық агенттігінің сайтында атап көрсетілген (2 677 457 теңге) қаржыға Жаңақорған ауданы әкімдігіне қарасты 26 кент, ауылдық округтерінің әкімі аппараты, 15 мемлекеттік мекемелер мен 25 кент, ауылдық клуб үйлері сыртқы (184 Елтаңба, 421 ту) Мемлекеттік Рәміздермен қамтамассыз ету көзделген. Мемлекеттік мекемелер сыртқы рәміздермен жылына бір рет бір орталықтан "Жаңақорған ауданының қоғамдық даму бөлімі" КММ-сі арқылы қамтамасыз етіледі" делінген.

Қош! Ресми жауапта көрсетілген мемлекеттік мекемелердің саны 66-дан аспай тұр.

Аудандағы мектеп, аурухана, заң мекемелері, т.б қосқанның өзінде бір ауданда 421 мемлекеттік мекеменің болуы әсте мүмкін емес. Сонда аудан 2 677 457 теңгеге сатып алғалы отырған 421 туды не істемек?

Асыл Абай
"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер