ТУҒАН ЖЕР ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ ҺӘМ ЕРЛІК РУХЫ!

2647
Adyrna.kz Telegram

“Туған жер” шығармашылық байқауына қатысушылардың туындыларын парақшамызға жариялауды бастадық. Келесі келіп түскен туынды «Үздік поэзия» аталымы бойынша Асия АБЫЛАЙ.

 

 

Автор: Абылай Асия

Байланыс нөмірі: 8 747 160 70 98

 

 

Елге барғым келеді, елге барғым,
Болса да сәл шалғайлау  жерге барғым.
Құстар қайтқан тізбектеліп, тіл қатады,
Барам деп ең, шерлі боп неге қалдың?

Дəм тартпай жүр ме мені əйтпегенде,
Мəн бермей қоюшы ем тəйт дегенде.
Шешем де: "қала жақта сенделдің-ау,
Қайтсаңшы, деуші еді ғой, қайт дегенге"!

Бармасам қалатындай елім жүдеп,
Қар жаумай, жаңбыр жаумай, күн күркіреп,
Менсіз бір айтылмастай əн ырғағы,
Əуені əнеугі əннен əуендірек!

Жетісай- атамекен, туған жерім,
Қаны тамған кіндікті буған жерім.
Жүгіріп жалаң аяқ желдей есіп,
Қиқу сап, гүлкөбелек қуған жерім.

Есімнен қайда барсам кетпейсің сен,
Ойымның өркені боп көктейсің сен.
Кешіре гөр, үмітіңді ақтамасам,
Жететін жеріме де жетпей жүрсем!

Қайтейін, тартынбадым, аянбадым,
Келмеді жарты жолда аялдағым.
Болады бір ғанибет десең егер,
Ісімді өлеңіммен баяндадым.

Туған жер! Өз қызыңмын, сүйем ерек.
Сен де мені келесің сүйеп-демеп.
Бір сен үшін түктен де шегінбеймін,
Күйсем отқа қыңқ етпей, күйем демек!

Маған мұрат батыр Есет, Қабанбай да,
Мен сондамын болса егер бабам қайда?!
Маған мұрат Амангелді, Бауыржаным,
Ерлік рухы солардан тарамай ма?!

Сүйем сенің тау тəңірі тауларыңды,
Саумал көл, балқарағай, бау-бағыңды.
Сүйем сенің тойларыңды ат шаптырған,
Дүбірлетіп көсілген аумағыңды.

Білгейсің Жетісайым мен туған жер!
Шайқасқа шыққан талай қиқулап ер,
Дəстүрдің бізде мың сан түрлері бар,
Үйренсін сəл қиындау салтыма ел!

Ұланы қару ұстап, шеп құраған,
Жау жоқ деме, жер астында депті бабам.
Мұнысы дегені ғой тас-түйін боп,
Қорғауға туған жерді сақ тұр балам.

Жайлаған Еуразия кең көлемін,
Жер болса, болсын сендей дер дегенің.
Мүмкін бе, көзбен көріп, оймен ұғу,
Қайран қап кеңдігіңе мен келемін!

 

Пікірлер