Көктемгі тасқыннан зардап шеккен Орал қаласындағы саяжай тұрғындары үйлі болды

743
Adyrna.kz Telegram

Конституция күні Орал қаласындағы Деркөл кентінде су тасқынынан зардап шеккен саяжай тұрғындарына 103 жаңа баспананың кілттері табыс етілді. Бұл үйлер Eurasian Resources Group-тің (ERG) негізін қалаушы-акционерлері бөлген қаражат –  (40 млрд теңге) есебінен салынған.

 Үйлерді беру рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев пен «Еуразиялық Топ» ЖШС бас директорының орынбасары Данияр Рахматуллаев қатысты. Облыс әкімі тұрғындарды қоныс тойларымен құттықтап, жаңа баспана кілттерін табыс етті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға заң аясындағы тиісті көмек көрсетілді. Бүгін біз Орал қаласының саяжайлар алқабында тұрып, тасқында баспанасынан айырылғандарға жаңа үйлердің кілттерін табыс етіп жатырмыз. Бұл жалпы өңір үшін үлкен қуаныш. Құрылыс жұмыстарына қолдау көрсеткен ERG компаниясының өкілдеріне шын жүректен алғыс айтамын», - деді Нариман Төреғалиев.

«Оралдағы осы үйлер де Eurasian Resources Group (ERG) компаниясы бөлген қаражатқа сатып алынған. Компанияның негізін қалаушы-акционерлері тасқыннан зардап шеккендер үшн көмекке 40 млрд теңгеден астам қаражат бөлген. Барша қоныс иелерін бүгінгі қуаныштарымен құттықтаймын. Босағаларыңыздан құт кетпесін! Үйлеріңіз берекеге толсын!» – деді «Еуразиялық Топ» ЖШС бас директорының орынбасары Данияр Рахматуллаев.

 Оралдағы «Нұрлы жол» саяжайының тұрғыны Марал Оралованың үйі тасқын кезінде су астында қалған. Ол мемлекеттің көмегінің арқасында осындай сапалы баспанаға ие болғаны үшін алғысын білдірді.

«Нұрлы жол» саяжайынан үй салған болатынбыз. Көктемде үйіміз суға кетті. Президентке рақмет, бізді далада қалдырмады. Бүгін Деркөл кентінен 3 бөлмелі үй бұйырды. Үйдің ішін қарап шықтық, керемет деп айтсақ болады. Сапасы да жақсы», - деді Марал Оралова.

Айта кетерлігі, су тасқынан зардап шеккендер үшін Батыс Қазақстан облысында 775 үй салынды. Оның 375-сі Орал қаласында,  400-і аудандарда.

Пікірлер