Ұрлап әкеткен. Абай облысында шетелдіктерді бопсалаған 4 қазақстандық ұсталды

730
Adyrna.kz Telegram
фото: ашық дереккөз
фото: ашық дереккөз

Абай облысында шетелдіктерді ұрлап әкетіп, бопсалаған 4 қазақстандыққа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қылмыстық кодекстің “бопсалау", “тонау", “адам ұрлау" баптары бойынша айыпталған 4 сотталушыға қатысты іс қаралды.

Сот сараптамасы анықтағандай, іс бойынша екі айыпталушы мейрамханада үш танысымен кездескен. Олардың арасында кәсіпкер де болған. Мұны білген сотталушылар оны алдап, тұрғын үй кешендерінің біріндегі жалдамалы пәтерге алып барған. Тергеу мәліметтері бойынша, күдіктілер кәсіпкерді ұрып-соғып, жақындарыңды өлтіреміз, ар-намысыңа нұқсан келтіретін ақпарат таратамыз деп қорқытып, ақша өндіріп алған.

"Олар ер адамның тамағына пышақ тақап, фото және видеоға түсіріп, 200 000 АҚШ долларын және үш автокөлік талап еткен. Көліктердің бірі 20 000 000 теңгеге бағалаған", – деп хабарлады Абай облыстық сотының баспасөз қызметі.

Сонымен қатар күдіктілер шетел азаматтарына қатысты да қылмыс жасаған. Тергеу барысында анықталғандай, сотталушы Н. Өскемен қаласында алтын өндірумен айналысатын екі Қытай азаматын келісілген жерге алып барамын деп уәделескен. Артынша күдікті М-мен көлікке шабуыл ұйымдастырған.

"Олар алдын ала сөз байласып, әскери камуфляж, арқан, бетперде және тапаншаға ұқсас зат дайындаған. Артынша олар жәбірленушілер отырған көлікке шабуыл жасаған. Күдіктілер жәбірленушілерді ұрып-соғып, өлтіреміз деп қорқытып, ұялы телефондары мен ақшаларын тартып алған”, – делінген Абай облыстық сотының хабарламасында.

Айыпталушылар көлік жүргізушісімен сөз байласқанын жасыру үшін оны да ұрып-соққан кейіп танытып, телефонын тартып алған.

"Содан кейін Қытай азаматтарын жүк салғышқа салып, көп ақша талап етіп, ұрлап әкеткен", - делінген хабарламада.

Іс бойынша жәбірленушілер күдіктілерді кінәлі деп тауып, бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал күдіктілер өз кінәларын мойындаудан бас тартты.

Сот айыпталушыларды кінәлі деп тапты. Олардың екеуі 11 және 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Іс бойынша тағы екі айыпталушы 9 жылға және 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

Пікірлер