ЖЕЗТЫРНАҚТЫҢ КӨЗ ЖАСЫ

5143
Adyrna.kz Telegram

Бұдырайған екі шекелі
Қазтуған

Омбының ала кеші бүгін де біртүрлі батты. Көлеңкесі мен іңірі араласқан ақшулан қала түн құшағына сиқырлана, уаз іздеп, өз ықыласымен қайығын тосып еніп бара жатты. Шулы қаладағы көлік үндері тар төсектердегі ыңырсы дыбыстардай үзіліп, сынып естіледі. Бар жерге қараңғылық туын іліп, түн шашын жая бастаған.
Ерсін сағатына үңілді. Уақыты әлі бар. Ертең келмей-ақ қойса болады. Бума қағаздардың соңғы папкасына үңілді. «Сказание киргизов.19 век. Из тетрадии Бареевича». Сары қағаздар салмақты ойлар жиған беттерімен өткен күндердің жұмылмай қалған көздеріндей қарайды. Иісі бөлек қағаздар мына күйісі бөлек заманнан басқа, аулақ.
Поляк зерттеушісі айтады: «Мен бұны Көкпекті болысының қазағы қазағы Байысов Тоқтағазыдан жазып алдым. Жезтырнақты өлтірген Орақ батырдың ерлігі. Жезтырнаақ орысшаласақ «железные когти». Жезтырнақтың еркегі болмайды. Тек әйелдер.  Сонымен...
Базар өзенінің сол иығына қонған- Найман ауылы.  Болыспен бірге жеткен дүмді топты құрақ ұша қарап алды.  Ақбоз үйдің алдына әкеліп жылқы жықты. Бата беріңіз деп маған қарады.  Не айтуға болады деп тілмашқа бұрылдым. Біздің елде әрбір алыстан келген қонаққа осындай сый-сияпат жасалады.  Сіз алыстан келдіңіз.  Туу...Еуропадан.   Менің есіме шерлі Польшам, мұңлы Речь Посполита түсті.
"Еркін ойлар жасасын" дедім.  Кәрі полицай Евдокимов маған тесіле қарады.  Маңдайы жылтыр, жылпос пристав семіз жылқыға құныға, қан іздеп көз тігіп қалыпты. Тылсым қырғыз даласы.  Бәріміз бой жазып, бел шешкен соң ескі әңгіме білер шешендер, ертекшілер,  әфсана қордалары бар ма сұрадым.  Ауыл еркектері ұзақ дауласа келіп, әлдебір орта жастағы адамды алып келді.  Көнетоз екі шекті аспабын көңілсіздеу қағып, қарлығыңқы дауыспен тұңғиық суық сырды бастап кетті.  Мынау Тарбығатай тауларын мекендеген Мұрын Найманның ішінде Орақ деген батыр болыпты. Жауға жылқы, дәуге сыртын бермепті.
Асқан батыр, әрі әділ екен. Тышқақ лағы сыртқа кетпепті.  Қалмақты қынадай қырыпты. Кәуір орыс... Тілмаш тұтығып тіл қата алмай қалды.  Аудара алмағандай маған қарады.  Не айтты, қорықпай айта беріңіз дедім.  Тұрып сиер діні бөлек орыс мына далаға кіре алмаған екен. Дала мен қала Орақ деп күңіреніп тұрыпты.  Дос сүйініпті,  дұшпан күйініпті.  Осы елдің қазанат деп аталатын қасқа тұлпарларын жау айдап кетіпті.  Желден жүйрік қастардың соңынан құйындай ағып Орақ батыр кетіпті. Олар көп, батыр біреу екен. Қасына ешкімді алмапты. Қан майданда жаны тәтті ағайынның бірі олақ болып қалады екен, бірі шолақ болып қалады екен. Орақ мінген қасқа аттың тағасы теңге болыпты, тұяғы тиген жер көмбе болыпты.  Желкілдеген қолға желпілдеп жетіпті.  Орақ батыр көсем ғана емес, шешен де екен.
Орақ: -жан тәтті ме, мал тәтті ме ,-депті.
Антұрған жау: -мал тәтті ,-депті.
Орақ:-онда қадірсіз жандарыңды, содан соң өз малдарымды аламын,-депті.
Сөз бітіпті де, семсерлер мен садақтар сайрапты.  Қарулардың жүзі қанға молынан тойыпты. Бұлттың бетін тас жауыпты, күннің бетін жас жауыпты. Қылыш қасық болып қалыпты. Шоқпар асық болып қалыпты.  Аруақты батыр Орақ қалың дұшпанды қуалап қырып, ақ адал малын айдап елге қайтыпты.  Қанаты кең, қабағы суық Тарбығатай тауларына келгенде батырды ұйқы қысыпты.  Атып алған арқарын отқа қойып, ер-тоқымын жастанып жатып қалыпты.  Бір уақытта адам түгіл аң қорқар қап-қара түнде жылқы дүр етіп үркіпті.  Әлдененің болғанын сезген батыр аңдап басып келіп, бажайлап қарапты. Ешкім жоқ.   Асықпай арқар етіне ауыз сала бергенде, тағыдай сыбдырсыз қара шапанға оранған бойжеткен қарсы алдына келіп отыра кетіпті. Шашы сары, көзі көк салқын сұлу көр тектес еріндерімен «қарным ашты»-депті. Үйір жылқы құлақтарын қайшылап, тілерсектері дірілдеп ару қызға қарап тұр екен.  Орақ арқардың жамбас етін ойып кесіп, қолымен емес, кездігін шаншып ұсыныпты.  Қыз шаншылған етті жұлып алғанда, кездік сынып кетіпті.  Тырнақтары сондай ұзын және жез екен.  Орақ жезтырнақ екенін бірден ұғыпты. Тойдым деп тұрыпты да, сыбдырсыз, шусыз түн ішіне сіңіп кетіпті. Жезтырнақ жеті айланы білгенде,  Орақ он амалды біледі екен.  Отқа жақын жерге дөңбекті сүйреп әкеліп, өз киімін кигізіп, ағаш басында отырып тосыпты.  Содан таңға бір табан, күнге бір құлаш қалған кезде жезтырнақ батырдың киімі жатқан дөңбекке перілердің пышағынан да өткір тырнағын салыпты.  Орақ батыр жезтырнақтың арқасына қыран құстай қона кетіпті.  Мойнынан орып жіберіп, басын кесіп алып бетіне қараса, жезтырнақтың көздерінен жас тамып тұр екен.  Кейін Орақтан ұрпақ қалмапты дейді.  Ал жезтырнақ өлген Ашын даласынан Байбураға дейін бір суық жел соғады да тұрады.  Киіз ішіндегі білте шам жалп-жалп жанады. Қонақтар да, қырғыздар да ұйықтап қалыпты.  Әңгіме айтушы мосқал қырғыз жылап отыр екен...

Ерсін асықпай жазбаны кітапханашы әйелге тапсырды.  Далаға шықты.   Жалдап тұрған пәтердің қасындағы «Жабайы Орхидея» мейрамханасына кірді.   Ақша жетеді.  Көктемде грант ұтып алған.  Вискиге тапсырыс берді. Сәлден соң зал түбінде отырған нәркес көз, сары шашты тұрқы келіскен қызға көзі түсті.
Бейтаныс қызды пәтеріне ала келді. Сұлу Ерсінді өзі шешіндірді. Тамағынан бастап сүйіп, емшек ұшын сорды. Қыздың аузы төмен түсіп кетті.  Сырттан әуен естілді.
Чем высше любовь,
Чем ниже поцелуев...
Алты ай өткен.  Ерсін Омбыдан әкелген құжаттарды реттеп, енді Қытайға баруға бекінген. Виза алардан бұрын СПИД-ке анализ тапсыру керек екен.  Қан тапсырып ертеңінде нәтижесін алуға барған.  Бас дәрігер өзіне кіргізді.  Сәл үнсіз тұрды да: "Сіз СПИД жұқтырып алыпсыз"-деді. «Соңғы рет, алты ай ішінде кіммен болдыңыз»,-деді.  Ешкім, ешкім. Есіне Омбыдағы жезтырнақ тектес қыз түсті.  Жас жігіт сылқ етіп отыра кетті.

Серік Елікбай

Пікірлер