Жеңілдікті лизинг 2024 – аралық нәтижелер

2608
Adyrna.kz Telegram

«ҚазАгроҚаржы» АҚ а.ж. 12 тамызынан бастап «Қазақстанда жасалған», «Өз жем-шөбіміз» және «6% жеңілдікті лизинг» ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу бағдарламалары бойынша өтінімдерді қабылдайды.

Бұл бастама заманауи ауыл шаруашылығы техникасына сұранысты арттыру жағдайында отандық фермерлерді қолдауға бағытталған.

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қаржыландыру үшін лизингтің үш жеңілдікті бағдарламасы бойынша 11,8 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде «Өз жем-шөбіміз» бағдарламасына 3,3 млрд теңге, «Қазақстанда жасалған» бағдарламасына 5,5 млрд теңге, «6% Жеңілдікті лизинг» бағдарламасына 3 млрд теңге.

«Бағдарламалар фермерлер мен агроөнеркәсіптік кешендерге нарықтық мөлшерлемеден едәуір төмен жеңілдікпен жаңа техниканы сатып алуға мүмкіндік береді. Тракторларды, комбайндарды және арнайы техниканы қоса алғанда, ауыл шаруашылығы машиналарының кең спектрін лизингке алуға болады», – деді «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасы Айдар Прашев.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, «Қазақстанда жасалған» бағдарламасы бойынша жылдық 6% мөлшерлеме бойынша отандық өндірістің/құрастырудың аспалы, тіркемелі және өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын, көлік құралдарын сатып алуға болады. Мерзімі – 10 жылға дейін, алдын-ала төлемі лизинг нысанасының құнының 15%-ынан басталады.

«Өз жем-шөбіміз» бағдарламасы жем-шөп дайындау техникасы мен суарудың мобильді жүйелерін қаржыландыруға бағытталған. Мөлшерлеме  жылдық 6%, авансы кемінде 15% құрайды, мерзімі 10 жылға дейін. Сондай-ақ алдын ала төлемді кейінге қалдыру қарастырылған.

«6% жеңілдікті лизинг»  бағдарламасы 10 жылға дейінгі мерзімге алдын-ала төлемсіз жеңілдікті шарттармен отандық өндірістің/құрастырудың өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алуға мүмкіндік береді.

Өтінімдерді қабылдау Telegram-бот [https://t.me/kaz_agro_finance_bot] арқылы жүзеге асырылады. Бағдарламаға қатысу үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалына барлық қажетті құжаттарды Telegram-бот арқылы өтінім берілген күннен бастап,  5 жұмыс күні арасында ұсыну қажет.

Бағдарламалардың шарттары туралы толығырақ ақпаратты компанияның филиалдарынан білуге болады

Пікірлер